Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық брендтердің бірі екені сөзсіз. Бұл әлемдегі ең үздік университеттердің ТОП-200 құрамына енген, елдің озық ғылыми орталығы – жоғары мектептің флагманы. Бүгінде мұнда 30 мың студент оқиды. Олардың арасында алыс-жақын шетелден келген көптеген студент бар.
Жыл сайын білім ордасында 29 мамыр күні дәстүрлі түрде түлектердің кездесу күні атап өтіледі. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда бізге еркін жиналуға мүмкіндік бермегенімен онлайн-платформада біз кездесуімізді өткізе береміз.
Мен Кеңес одағындағы әйгілі механика және қолданбалы математика факультетін бітірдім және аты аңызға айналған ректор Өмірбек Жолдасбековтің беделінің арқасында жоғары оқу орындарында мамандандырылған ынтымақтастықта үйлестіруші рөл атқардым. 2008-2010 жылдары өзім оқыған университеттің ректоры ретінде сүйікті факультетіме жан-жақты қамқорлық жасадым. Оның қазіргі кездегі көшбасшылық бағытта келе жатқанына қуаныштымын.
Ең сапалы және беделді білім ордасынан белгілі саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен кәсіпкерлер шықты. Олардың атын қашан да құрметпен атаймын. Мысалы, Қ. Қасымов, Ш. Айталиев, У. Сұлтанғазин, А. Жеңсікбаев, Д. Үмбетжанов, Ш. Ершин, В. Амербаев, В. Сапа, Т. Бияров, А. Лукьянов, Н. Данаев, Ш. Смағұлов, С. Жолдасбеков сынды ұстаздар қандай құрметке де лайық.
Талай түлектерді түлетіп, ғалымдарды шығарған мехматтың инновациялар мен интеграциялық саясатқа берік болып қалатынына сенімдімін. Мұнда Ресей, Ұлыбритания, Франция, Грекиямен қос дипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Кафедраларда әлемнің ең жақсы университеттерінен шақырылған ғалымдар дәріс оқиды. Мысалы, 2015 жылдан бастап Ресей, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Түркия, Швеция, Жапония, Франция, Грекия және Украинадан келген 30-дан астам профессордың арнайы пәндер бойынша дәрістер оқығанын білемін. Бұл дегеніңіз ілім берудің жаһандануы жағдайындағы тамаша, келешегі зор мысал!
Профессор-оқытушылар құрамының белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстары да ҚазҰУ-дың жақсы көрсеткіштерінің бірі. Зерттеу жұмысының нәтижесі «Scopus» мәліметтер базасының бірінші квартиліне кіретін жоғары рейтингті журналдарда жарияланған көптеген мақаламен расталады.
Мехмат халықаралық ғылыми және білім беру жобаларын тиімді жүзеге асырады. Университетке алынған қаражат есебінен зертханалар үшін арнайы жабдықтар алуға көмектесу ақылы студенттерді, магистранттарды және докторанттарды ғылыми-зерттеулер жасауға үйретеді.
Дүниежүзілік банктің «Тұрғын үйді /көпқабатты үйлерді жылыту және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін күн жылу энергиясын маусымдық жинақтау технологиясы» атты жобасы жалғасын тауып, нәтижесінде GreenWell Mechanics ЖШС инновациялық кәсіп-орны құрылды.
2002 жылы өзім негізін қалаған математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының тиімділігі және компьютерлік технологияларды дамытуда елеулі жетістіктерге жеткендігін мақтанышпен айта аламын. Оның үздік түлектері қатарында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрсынов, өткен жылы Forbes Kazakhstan «30-дан 30 жасқа дейінгі» рейтингінің мүшесі, кәсіпкер Айбек Қуатбаев және елдің IT-компанияларын басқаратын мамандар бар.
Механика – бұл қозғалыс туралы ғылым. Факультеттің ұстанымы – заман талабына сай болу, жаңалықтар мен прогреске сүйене отырып, үнемі серпін қалыптастыру. Мысалы, 2019 жылы «Робототехникалық жүйелер» атты білім беру бағдарламасы іске қосылды. Өйткені, бұл – перспективалық бағыт, бұл – болашақ. Айтпақшы, бір кездері көрнекті ғалым Ө. Жолдасбеков бұл тақырыпты нақты тетіктерге енгізгенге дейін сәтті дамытты. Сондықтан робототехника бізде «екінші тыныс» тапты деп айта аламыз.
Қазіргі білім жүйесінің мехматтың көкжиегін кеңейтуді жалғастырып жатқанына мақтанамын. Екі жыл бұрын оның құрылымында есептеу ғылымдары және статистика атты кафедра пайда болды. Ол актуарлық математиканы, математикалық статистиканы және есептеу ғылымдарын ортақ біріктірді. Осылайша, пәнаралық зерттеулердің кең спектрі үшін платформа құрылды. Атап айтқанда, кафедра негізінде Қазақстандағы Covid-19 пандемиясының жүруінің алғашқы болжамдарына жүйелік талдау жасалды.
Біздің елімізде тұңғыш рет кафедра негізінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары кванттық есептеу теориясымен байланысты серпінді мәні бар пәндерді игеруге бағытталған.
Қарқынды дамып келе жатқан жаһандық бәсекелестік жағдайында жоғары деңгей орнату дұрыс тәсіл. Механика мен математика факультеті оны берік ұстанады. Факультеттің барлық білім беру жобалары ұлттық рейтингтерде бірінші, ал QS Subject дипломында жоғары орын алады және халықаралық аккредитациядан өтті.
ҚазҰУ түлегі атану бұл құрметті атаққа ие болумен бірдей. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің керемет университетімізге өркендеуді және Отан игілігі үшін одан әрі табысты дамуды, ал барлық түлектерге ең батыл идеялар мен үлкен жетістіктерді жүзеге асыруды тілеймін!
Бақытжан Жұмағұлов,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
ҚР ҰИА Президенті,
ҚР ҰҒА академигі





