31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы күні Кеңес үкіметінің кезінде әділетсіз қуғынға ұшыраған барлық құрбандарды, еңбекпен түзеу лагерьлерінде болғандар мен жер аударылғандарды, себепсіз сотталғандарды, айыпсыз атылғандарды еске аламыз.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жазықсыз жазаланып, қыршын кеткен құрбандарымызды мәңгі есте қалдыру мақсатында 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде», – дей келе сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығын жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақ халқының тарихында 1919-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы репрессия қасіретті кезең ретінде есте қалды. Зұлмат жылдарда Қазақстан бойынша үш миллионнан астам адам аштан қырылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. Кеңес үкіметінің жүргізген зобалаң саясатының салқынынан, әсіресе, қазақ халқы зор зардап шекті. Ұлы жұтты көзімен көрген алашордашылардың өзі ашаршылықтың шындығын ашып айта алмай, оны табиғаттың қолайсыздығынан болған апаттардың бірі деп жазды. Ілияс Жансүгіров елдегі енді басталған ашаршылық туралы: «1919 жылдың қысында ел қатты жүдеді. Ашықты. Сол кездерде ауылда ауыр болды. Жүдеушілік, жоқшылық қысып жаным жаман жаншылды» деп жазады. Бұл тек Ілиястың басындағы жай емес еді.
Ашаршылық кезінде менің әжем ағайындарының өз баласының етін жеп отырғанын көздерімен көрген екен. Мұндай жағдай Қазақстанның әр жерінде болған. Сол нәубет жылдары осы туралы шығарма жазып, оны баспа бетіне бергенімен кейіннен олар жоғалып кеткен. Мысалы, 1921 жылы осынау сұмдық оқиғалардың куәгерлерінің бірі ақын Ілияс Жансүгіров қазақ халқының осы трагедиясын «Жұт» туындысында былай сипаттайды:
Күнiне қазақ мыңдап өлiп жатыр,
Тұқымы сағат сайын
кемiп жатыр.
Өз баласын өзi үйiтiп,
сирағын жеп,
Көр азабын тiрiдей көрiп жатыр.
Ақынның бұл шығармасы көптомдық шығармалар жинағына енбеген.
Бұл жылдары ұлт зиялылары уездерге шығып, аштарға жәрдем жинауға кiрiстi. Сол кезде, яғни 1921 жылы І. Жансүгіров Ташкент қаласындағы жастарға арналған ең беделді республикалық басылым «Жас Алаш» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүрген болатын. Қиналған халқының қамын ойлап, жұрттың малына арналған жемшөп қорын дайындау жөніндегі үгітші болып ауылына қайтады.
Аштық жылдарында Ілиястың әкесі Жансүгір Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал ауданында канал қазу жұмыстарына қатысып, 1932 жылы қайтыс болады. Әкесінің жерленген жерін Ілияс бірнеше рет барып, таба алмай қайтады.
Ілияс ақын халқына адал қызмет етіп, елді аштықтан аман алып қалудың амалдарын істеп жүргенде өзі де жалған жаламен істі болып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде ажал құшты.
І. Жансүгіров тұтқынға 1937 жылы тамыздың 11-де алынған. Тергеу және сот барысында оған «Жансүгіров 1934 жылдан бері Қазақ КСР-ында оңшыл-троцкишіл ұйым құрамында кеңес өкіметін құлату мақсатымен, Қазақстанды қарулы көтеріліс арқылы КСРО-дан бөліп әкетіп, Жапонияның жетегімен Қазақ буржуазиялық мемлекетін құруды көздеген контрреволюциялық буржуазияшыл-ұлтшыл, көтерілісші-террорист және бүлдіруші-зиянкес ұйымның мүшесі болды» деген жала жабылған.
КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының көшпелі сессиясы мен Әскери үштік 1938 жылдың 26 ақпанында Алматы қаласында өткен жабық сот мәжілісінде Жазушылар одағының төрағасы Ілияс Жансүгіровті РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-8, 58-11 баптарына сәйкес ең жоғарғы қылмыстық жаза – атуға, жеке мүліктерін түгел конфискациялауға үкім етеді. Үкім сол күні орындалады. Ақынның атылып кеткенін жасыру үшін 1955 жылы 9 мамыры күні өлгендігі туралы жалған куәлік береді. Онда «Жансүгіров Ілияс 1949 жылғы 19 сәуірде жүректің инфаркт-миокард ауруынан қайтыс болды» делінген.
Туған халқының жарқын келешегі үшін саналы ғұмырларын сарп етіп, қажымай күрескен аяулы асылдарымыздың сүйегі көмусіз қалды. Ал соңында қалған балалары, отбасы, туған халқы ұзақ жылдар бойы арманы биік асыл ерлердің жолына үмітпен қарап, сарыла күтумен болды. Бірақ тағдыр ешқайсысына аман оралу бақытын жазбады.
Абақтыға алынғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен Ілияс Жансүгіровтің соңынан іздеу салған зайыбы Фатима Ғабитова 1955 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы Г. Маленковке хат жазады. Онда: «…1937 жылы Ілияс Жансүгіров Алматы қаласында НКВД-ның ерекше мәжілісімен 10 жылға түрмеге кесілді. Содан бері 18 жыл өтті, отбасы оның тағдыры жөнінде мүлдем хабарсыз. 1945 жылы Кеңес Одағының Прокурорынан І. Жансүгіровтің ісін қайта қарауды және қамауда отырған жерін хабарлауды сұрағанмын. 1945 жылы 8 желтоқсандағы №26550-40 жауабымен оның ісін қайта қараудан бас тартты. Ал түрмеде отырған жерін Алматыдан білуге кеңес береді. Алайда, Алматыдағы Ішкі істер министрлігі әлі күнге дейін І. Жансүгіровтің ісін таба алмай отыр…» делінген. Атылып кеткен әр азаматтың отбасының осылай іздеу салғаны белгілі. Бірақ атылғандар жөніндегі мәлімет өте құпия ұсталған.
Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана құпиялар ашыла бастады. 1957 жылғы 12 сәуірде КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының берген анықтама қағазында «1938 жылы 26-ақпанда қаза болған Ілияс Жансүгіровтің ісінде ешқандай қылмыстың белгісі болмағандықтан ақталды» делінген.
Ақталғаннан кейін де ақынның қай жерге жерленгені белгісіз болып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы бұл құпияның бетін ашуды Қазақстанның республикалық «Әділет» қоғамы қолға алды. Алматы облысының прокуратурасынан алынған анықтамада: «Алматы облысының Талғар, Іле аудандарында, «Кіші Алматы» мен «Алматы Николаевка» жол трассасының арасында, «Әлі», «Жаңалық» ауылдарының маңында 1930-40 жылдары репрессияда ату жазасына бұйырылғандардың сүйектері әкелініп жерленген» делінген. Кейіннен, яғни 2002 жылы «Жаңалық» ауылына монументті кешен тұрғызылды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды.
Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған ақынның әдеби музейінде жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтіп, үнемі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Музей жастар тәрбиесіне үлес қосатын бірден-бір мәдениет мекемесі болғандықтан қазақ тарихындағы бұл қасіретке бей-жай қарамай, ұрпақ санасында өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау ұлт алдындағы азаматтық парызымыз деп білеміз.
Жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің атымен 1964 жылы ауыл, 1972 жылы облысымыздағы жоғарғы оқу орны, облыс орталығындағы басты көшелер, мектептер аталды. Қаламгердің 125 жылдық мерейтойына орай туған жері Алматы облысының Жансүгіров кентінде еңселі ескерткіші орнатылды. Сонымен қатар, өткен жылы Нұрсұлтан қаласындағы № 58 мектеп-гимназияға ақынның есімі берілгені көңілімізге қуаныш ұялатады. Атқарылып жатқан осынау игі шаралар жазықсыз жапа шеккен ерлеріміздің есімін ел есінде мәңгі қалдыруды көздейді.
Салтанат Төлегенова,
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері
Талдықорған қаласы




