Білім беру жүйесіндегі кез келген өзгеріс қоғам назарынан тыс қалмайды. Өйткені мектеп – жай ғана білім беретін мекеме емес, елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды әлеуметтік институт. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында күшіне енетін заңнамалық өзгерістердің қоғамда қызу талқылануы заңды құбылыс.
Жаңа түзетулерге сәйкес педагогтің жауапкершілігі нақтыланып, ата-ананың міндеттері кеңейтілді. Оқушының жауапкершілігі толықтырылып, мектепте ұялы телефон қолданудың бірыңғай тәртібі енгізілмек. Бір қарағанда, бұл заңға енгізілген кезекті техникалық өзгерістер секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың түпкі мәні әлдеқайда терең. Негізгі мақсат – мектептегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Соңғы жылдары қоғамда «мектеп бәріне жауапты» деген түсінік қалыптасып кеткендей. Баланың тәрбиесі де, тәртібі де, қауіпсіздігі де мектептің міндеті саналады. Тіпті кей жағдайда оқушының мектептен тыс жерде жасаған әрекеті үшін де мұғалімнен жауап талап етіледі. Бірақ бұл қаншалықты әділетті?
Білім саласының мамандары мұғалімге кәсіби міндетінен бөлек жауапкершіліктің шамадан тыс жүктелуі оның негізгі қызметіне кері әсер ететінін айтады. Өйткені педагогтің басты міндеті – сапалы білім беру және тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау. Өз құзыретіне кірмейтін мәселелерге алаңдаған мұғалімнің кәсіби тиімділігі де төмендейді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа заңдағы өзгерістер құқықтық әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Енді педагог өзінің қызметтік міндетін атқару барысында орын алған жағдайлар үшін ғана жауап береді. Бұл – мұғалімге жасалған жеңілдік емес, жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеу. Себебі жауапкершілік айқындалмайынша, ешбір жүйе тиімді жұмыс істей алмайды.
Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – ата-ана жауапкершілігінің кеңеюі. Бұл норманың мәнін қоғам дұрыс түсінуі қажет.
Психологтардың пікірінше, баланың тұлға болып қалыптасуына ең алдымен отбасы ықпал етеді. Мінез-құлық, құндылықтар жүйесі, жауапкершілік сезімі әуелі үйде қалыптасады. Демек, мектеп тәрбиені бастамайды, оны жалғастырады. Сондықтан бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті толықтай білім беру ұйымына артып қою – мәселенің шешімі емес. Соңғы жылдары біз мұғалімнен барлығын талап етіп, өз міндетімізді екінші орынға ысырып қойғандаймыз. Жаңа заң осы теңгерімді қалпына келтіруге ұмтылады.
Оқушының педагогтің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу міндетінің енгізілуі де қоғамда көптен бері қордаланған мәселенің заңдық көрінісі деуге болады. Педагогтер мектептегі өзара сыйластық – сапалы білім мен саналы тәрбиенің басты алғышарты екенін жиі айтады. Шынында да, мұғалімнің беделі төмендеген ортада білімнің де, тәрбиенің де нәтижелі болуы қиын. Дегенмен құрмет заң талаптарынан емес, отбасында берілетін тәрбиеден басталатынын ұмытпаған жөн.
Ұялы телефон қолданудың бірыңғай тәртібіне қатысты өзгерістер де қоғамда әртүрлі пікір туғызуда. Дегенмен цифрлық білім беру саласының сарапшылары мәселе телефонды мектептен толықтай алып тастауда емес, оны оқу процесіне кедергі келтірмейтіндей пайдаланудың мәдениетін қалыптастыруда екенін айтады. Өйткені технологиядан бас тарту мүмкін емес. Ең маңыздысы – оны дұрыс қолдануды үйрету.
Жалпы, заңдағы өзгерістердің мазмұнына үңілсек, негізгі идея айқын аңғарылады: мектептегі барлық жауапкершілікті бір ғана тараптың мойнына жүктеу дұрыс емес. Мұғалімнің өз міндеті, ата-ананың өз жауапкершілігі, оқушының да орындауға тиіс міндеттері бар. Осы қарапайым қағиданы қоғам толық түсінгенде ғана білім беру жүйесіндегі көптеген мәселенің түйіні тарқатыла бастайды.
Сарапшылардың айтуынша, заңдағы өзгерістер білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болғанымен, кез келген реформаның нәтижесі оны жүзеге асыратын адамдарға байланысты. Егер жаңа талаптар қағаз жүзінде қалып қойса, қоғам күткен оң өзгерістер де орын алмайды.
Шын мәнінде, заңның өзі мектепті өзгерте алмайды. Мектепті өзгертетін – мұғалімге сенім артқан қоғам, баласының тәрбиесіне бейжай қарамайтын ата-ана, өз міндетін сезінетін оқушы және жауапкершілікті әділ бөлісе білетін мемлекет. Заң – сол мақсатқа бастайтын бағыт қана. Ал сіз қалай ойлайсыз? Жаңа заң білім беру жүйесіндегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете ала ма?
Сарби ӘЙТЕНОВА





