Жетісуда табиғаттың төл болмысын сақтай отырып, тұрғындар мен туристерге жайлы демалыс орындарын қалыптастыруға айрықша мән беріліп келеді. Бұл жағынан – қоршаған ортаның табиғи келбетін қорғау, екінші жағынан – сол табиғи байлықты ел игілігіне жарату. Осы екі бағытты сабақтастыра жүзеге асырудың жарқын үлгісі ретінде Талдықорған маңындағы ел арасында «Тасбақа тас» аталып кеткен аумақты, Текелі қаласындағы «Серкесай» және Сарқандағы «Қойтас» экопарктерін атауға болады.
Өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту мақсатында ұйымдастырылған Post-TBEX ақпараттық туры осы мүмкіндіктерді әлемдік аудиторияға көрсетудің маңызды қадамы болды. Алматыда өткен TBEX халықаралық туристік блогерлер конференциясының жалғасы ретінде ұйымдастырылған сапарға әлемнің бірнеше елінен келген туристік блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қонақтар Жетісудың табиғи және тарихи орындарын аралап, аймақтың экотуризм бағытындағы мүмкіндіктерімен танысты. Саяхатшылар «Алтынемел» ұлттық паркінің әйгілі нысандарын көріп, Әншіқұмның тылсым үнін тыңдады, Ақтау мен Қатутау тауларының ерекше ландшафтына, Бесшатыр қорғандарының тарихи маңызына назар аударды.
Әлемнің сан түрлі елін аралаған тәжірибелі саяхатшылар үшін Жетісудың табиғаты ерекше әсер қалдырған. Өйткені мұнда бір сапардың өзінде шөлейтті даладан бастап таулы өлке мен өзен-көлдерге дейінгі алуан табиғи ландшафтты көруге болады. Мұндай ерекшелік аймақты экологиялық және танымдық туризм үшін тартымды бағыттардың біріне айналдырады.
Сапар барысында Талдықорған қаласының «Қызылтас» саяжайы маңындағы «Тасбақа тас» деп аталатын ерекше орын да шетелдік қонақтардың назарынан тыс қалмады. Табиғи нысан өзінің пішінімен алыстан қарағанда алып тасбақаны елестетеді. Осы ерекшелігі оны жергілікті тұрғындар арасында танымал орынға айналдырған.
Аумағы шамамен 30 мың шаршы метрді құрайтын «Тасбақа тас» маңы бүгінде заманауи экопарк ретінде қалыптастырылуда. Жобаның басты мақсаты – табиғи ландшафтты барынша сақтай отырып, тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы демалыс кеңістігін жасау. Осы мақсатқа бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген.
Қазіргі таңда экопаркке арналған шағын сәулет нысандары әзірленіп, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 31 тамызға дейін аяқтау көзделген.
Шетелдік қонақтардың бұл мекенге берген бағасы да назар аударуға тұрарлық. Кувейттен келген блогер Бадер Ашуеб Жетісудың табиғатына таңданысын жасырмады.
– Мен Кувейт елінен келдім. Қазақстан туралы бұрын еститінмін, бірақ мұншалықты әдемі табиғаты бар деп ойламаппын. Әсіресе Жетісу өңірі керемет екен. Кешеден бері біраз жерді аралап көрдік, табиғатына тамсандым. Мен әлемнің 196 елінде болдым. Әр елге барған сайын оларды бір-бірімен салыстырып жүремін. YouTube арнамда 200 мыңнан астам оқырманым бар. Қазақстанды әлемге таныстырып қана қоймай, өз аудиторияма бұл елге саяхаттауды ұсынамын, – дейді ол.
Талдықорғандағы «Тасбақа тас» экопаркінен кейін туристер Текелі қаласындағы «Серкесай» экопаркіне ат басын бұрды. Табиғаты көркем Текелі үшін бұл жоба қаланың рекреациялық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Жоба 21 гектар аумақты қамтиды және кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 200 миллион теңге. Қазір экопарк аумағында автотұрақ орны әзірленіп, топырақ төселіп, нығайтылған және қиыршықтас төселген. Демалыс бастырмалары орналасатын төрт аумақ тегістеліп, санитариялық торап толық дайындалды.
«Серкесайдың» басты ерекшелігі – табиғи ортаға барынша үйлесімді болуында. Яғни экопарк табиғатты өзгертуге емес, оның қадірін арттыруға бағытталған. Мұнда заманауи инфрақұрылым табиғи ландшафтпен ұштастырылып, өзіндік туристік сипат қалыптастыру көзделген.
Жоба толық жүзеге асқан кезде «Серкесай» Текелі тұрғындары серуендейтін, қонақтар тамашалайтын, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын тартымды қоғамдық кеңістікке айналмақ. Табиғи ландшафтының ерекшелігі бұл аумақты қаланың туристік картасындағы жаңа нүктелердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Шетелдік туристердің сапарындағы тағы бір маңызды нүкте – Сарқан қаласындағы «Қойтас» экопаркі. Сарқан өзенінің жағалауында орналасқан бұл мекен тұрғындар мен қала қонақтарының демалып, серуендеп, мәдени-спорттық іс-шараларға қатысуына қолайлы жағдай қалыптастыратын кешенді кеңістікке айналып келеді.
Экопарк аумағында жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары, балалар ойын алаңы, футбол алаңы, скейтборд аймағы, субұрқақ, шолу алаңдары, ашық аспан астындағы кинотеатр және амфитеатр қарастырылған.
Мұнда Жоңғар Алатауында мекендейтін жануарлардың мүсіндерінің орналастырылуы да өзіндік ерекшелік береді. Бұл нысандар балалар мен жастардың табиғатқа деген қызығушылығын арттырып, туған өлкенің жануарлар дүниесі туралы танымын кеңейтуге ықпал етеді.
Экопарк аумағындағы ерекше табиғи орындардың бірі – «Қайыңдар мекені». Мұнда қайың ағаштары өсіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында тынығып, серуендеуге мүмкіндік жасалған. Биыл экопарк жаңа нысандармен толықты. Атап айтқанда, қайық стансысы, демалыс бұрышы және жалаңаяқ жүру жолы іске қосылды.
Қазіргі таңда қоғамдық тамақтану орны, Мемлекеттік Ту тұғыры және жыл бойы жұмыс істейтін сырғанақ нысанының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл нысандардың іске қосылуы экопарктің жыл он екі ай бойы келушілер қабылдайтын орынға айналуына мүмкіндік бермек.
Жоспар бойынша «Қойтас» экопаркінің аумағын 15 гектарға дейін кеңейту, өзен жағалауын одан әрі абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын ұзарту, демалыс орындарын көбейту және туристік бағыттағы жаңа нысандарды дамыту көзделген.
Боливиялық блогер Бианка Альба да Сарқандағы табиғат пен тазалыққа ерекше назар аударды.
– Бірнеше күннен бері табиғаты көркем, керемет жерлерді аралап, ерекше әсер алдым. Қазақстанға келгеніме еш өкінбеймін. Табиғаты өте сұлу екен. Әсіресе мұнда адамдардың тазалыққа мұқият қарайтынына назар аудардым. Қайда барсақ та айнала тап-таза, бәрі жайнап тұрды. Менің оқырмандарымның дені – әйелдер. Оларға да осы әсерімді айтып, Қазақстан туралы жақсы жаңалықпен бөлісемін, – дейді ол.
Жетісудың табиғи байлығы – ұрпақтан ұрпаққа аманат болған қазына. Сондықтан оны туристерге таныту мен табиғи қалпын сақтау қатар жүруі тиіс. Бүгін абаттандырылып жатқан экопарктер ертең облыстың туристік брендіне айналуы әбден мүмкін. Ал әлемнің әр қиырынан келген қонақтардың «Қазақстанға тағы да келуге болады» деген оймен аттануы – аймақтың туристік әлеуеті үшін ең жоғары бағаның бірі.
Медет ЖҰМАБАЙ





