Жер-суы қасиетті, жерұйық мекен, құтты қоныс Жетісу биылғы жылға ерекше рухани кезеңмен аяқ басты. Осы жыл қазақ өнерінің қайталанбас тұлғасы, халық поэзиясының көрнекті өкілі, айтыстың ақтаңгері, эпик ақын, жыршы-жырау Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығымен бастау алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары», – деген еді. Соның жарқын көрінісіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ақынның мерейтойын ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылып, республика көлемінде рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы маңызы зор бұл шараға айрықша мән берілді.
Жуырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев өңірге арнайы келіп, Жамбыл бабаның 175 жылдығына дайындық шараларын пысықтап, жыр алыбының рухына тағзым етіп, мерейтойдың алғашқы қадамын жасап берді. «Жамбыл– менің жай атым, Халық – менің шын атым»,– деп өзі жырлағандай, ақынның тойы байтақ қазақ даласында, барша халық арасында жалғасқан ортақ қуанышқа ұласып, бас қаламыз Нұр-Сұлтанда негізгі шаралар легі басталды.
Жыл сайын ақпан айының 28-і Жамбыл күнін атап өту – біздің Жетісу өңірінде қалыптасқан игі дәстүр. Осы тағылымды шараның дәуірден дәуірге жалғаса беретініне күмәнім жоқ.
Қазіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүние есігін ашқан жыраудың алып жүрегі Ұзынағаш маңында мәңгілік дамыл тапқан. Бала күнінде-ақ «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар» деп Бөлтірік батырдан бата алған, Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбайды пір тұтқан Жамбыл өзі де бәсі бөлек, десі басым ақын болғаны көпшілікке аян. Өскен ортасы, алған тәрбиесі, көрген өнегесі ұлттың бар ұлық қасиеттерін бойына дарытқан Жамбыл ақынның қара өлеңде жүйрік болмауы мүмкін емес те еді.
Ақын мен оның ұстазы Сүйінбай Аронұлының Ұзынағаш өңіріндегі киелі кесенелері кейінгілерге шапағатын шашып, өзара үн қатысып жатқандай көрінеді.
Қай кезде де қазақ даласының өзі Ұлы өнер мектебі болған. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында құлашын кеңге жайған ақыл-ой даналығы, шешендік пен шеберлік сияқты сан қырлы өнер, сол өнердің Жамбыл ақынның бойында саф алтындай жарқырауы ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі болса керек.
Қос ғасырда қазақ қоғамы қандай кезеңдерді бастан кешірсе, сол қиыншылық пен қуаныштың бәрін Жамбыл да өз жүрегінен өткізді. «Балқытып бақыт ұйып елге, жерге, жасарған мен Жамбылмын елмен бірге», – дейді ұлы жырау. Ол әлеуметтік тақырыптарда құлашын кеңге жайып, Өтеген, Сұраншы, Саурық сияқты батырлардың ерліктерін жырға қосты. Сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өмірін, мінез-болмысын ақын өлеңдерінің, кең тынысты эпикалық туындыларының өн бойынан көруге болады. Жамбыл шығармашылығы – өз дәуіріндегі қазақ кеңістігінің қоғамдық-әлеуметтік сипатын танытатын асыл мұра.
Тек байтақ қазақ даласы ғана емес, қырғыздар арасында да Жамбыл ақынның аты танылып, атағы жайылды. Ал соғыс жылдарында ұлы жыраудың жырлары қазақ-қырғыз арасынан, Алатаудан әрі асып, бүкіл одақтас республикаға, тіпті Испания, Жапония сияқты сырт елдерге, шартарапқа тарағаны аян. Жамбылдың жауынгер жыршы атануы да сондықтан болса керек.
Жамбыл сынды ақын-жыраулардың сонау арғы ғасырлардан жалғасқан ауыз әдебиетінің алтын арқауын кейінгі, жиырмасыншы ғасырдың бел ортасына дейін үзбей жеткізуі – ғажап құбылыс. Бұл көкірегі қазына қарияның жады таңғаларлықтай тұнық, ақыл-ойының қаншалықты кемел де кенен болғанын көрсетсе керек.
Ғасыр жасаған ғұмырында Жамбыл Жабаев замандастары Сүйінбай, Шөже, Құлмамбет сияқты үлкен ақындармен қатар қазақ халқының мәдени өмірінің тарихынан лайықты орын алды. Жүз жасаған абыз артына мол мұра қалдырды. Бұл асыл мұра біз үшін – бүгінде тарлан тарихтың төрінде тұрған құнды дүние.
Бұрынғы өзі тұрған үй қазір Жамбыл ауданында әдеби-мемориалды музейге айналып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол деректі бір жерге тоғыстырып, жылдан жылға толыға түсуде. Мерейтой аясында бұл музей республика көлемінде жылжымалы көрмелерін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Наурыз айынан бастап ақын кесенесіне реставрация жүргізіліп, Жамбыл ауданы аумағын абаттандыру, ақын есімімен аталған көше жолдарына жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Бұл шаралар Жамбыл атамыздың 175 жылдығына орай арнайы әзірлеген жоспарға енгізілген. Жалпы жыр алыбының мерейтойлық шараларына 566,1 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.
12 ақпан күні облыс орталығы Талдықорғанда Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» атты қазақ және орыс тілдерінде шығарылған кітабының тұсаукесері өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған республикалық оқушылар айтысының қорытындысы шығарылып, Жамбыл ауданында ақынды еске алу шарасы өтуде. Сонымен қатар, «Жамбыл менің жай атым» облыстық жыршы-термешілер байқауы, «Төгейін жырды халқыма» республикалық ақындар айтысы, «Жамбыл бейнесі» атты кәсіпқой суретшілер арасында Халық- аралық пленэрі өткізіліп, «Жетісу» телеарнасында Жамбыл Жабаев туралы фильм көрермен назарына ұсынылатын болады.
Сондай-ақ, белгілі отандық және шетелдік жамбылтанушы ғалымдар, әдебиетшілер мен ақын-жазушылардың қатысуымен Түркия мемлекетінің Кечьорин ауданында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда.
Дала Гомері атанған Жамбыл өткен дәуірдің ғана емес, бүгінгі жаңа заманның да даңғайыр тұлғасы. Оны жас ұрпақ шоқтығы биік, кең тынысты, әлеуметтік үні зор, халықтың өнерпаздық дәстүрін, импровизаторлық қасиетін жиырмасыншы ғасырда жаңа биікке көтерген өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы ретінде тани алуы тиіс. Оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және республика деңгейінде ұйымдастырылып жатқан жанды шаралар өз ықпалын тигізетініне сенімдімін.
Жамбылтану арнасы жылдан жылға кеңейіп, жаңа ұрпақтың жадында жаңғыра бермек.
Амандық БАТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі





