Таяуда Сарыөзек ауылында тағы бір көпбалалы отбасы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі пәтер» атты жобасы аясында баспаналы болды.
– Баршаларыңыз куә болып отыр- ғандай, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі пәтер» атты жобасы аясында Сарыөзек ауылының тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Әлия Әліпбайқызына үй кілтін табыс етуге рұқсат етіңіздер,– деп өзінің ақжарма тілегін жеткізген Талдықорған қалалық «Тәубе» мешітінің наиб имамы Бердібек Нұқтар баспаналы болған көпбалалы анаға көпшілік алдында үй кілтін табыс етті.
– Бұл отбасының тұруға лайықсыз ғимаратта өмір сүріп жатқанын көрдік. Сөйтіп, жұртшылық болып, Талдықорған өңірі бойынша атсалысып, Сарыөзек ауылынан үш бөлмелі пәтерді табыс етудеміз. Көже-қатық болсын деген ниетпен бір малды арнайы әкелдік. Диван, кілем сияқты үй жиһаздарын да алып, қуантудамыз. Осыған атсалысқан барша жанашыр жандарға ерекше алғыс айтқымыз келеді. Баспаналы болған адамдардың қуанышына ортақтасу – үлкен бақыт. Аталған жоба әлі де жалғасады. Бұл – зекет қоры деп аталады. Баспанаға деген қаражат көпшілік тарапынан жиылады,– деген Бердібек Нұқтар одан әрі игі шараның жай-жапсарын түсіндірді.
Көптен күткен пәтердің иесі атанған Әлия Әліпбайқызы: «Мен бір ұл, бес қыздың анасымын. Жолдасым Ерлан Құдайбергенұлы екі жыл бұрын қайтыс болды. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекерге айтылмаса керек. 2007 жылдан бері осы Сарыөзекте үй жалдап тұрып келдік. Ал бүгін баспаналы болдық. Қуанышымызда шек жоқ! Біздің үйлі болуымызға қол ұшын созған қайырымды жандардың бәріне шексіз ризамыз, – деп көзіне жас алып, алғысын білдірді.
Ақ тілектер ағыны көпшілік тарапынан да ақтарылып, қайырымды жандарға деген ризашылық толастамады.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы





