Қырыққұдық ауылдық кітапханасында «Бір кітап өмірді қалай өзгертеді?» атты кездесу өтті. TED Talk форматында ұйымдастырылған шараға кітапхана саласының ардагерлері, мәдениет саласының үздіктері мен мәдени қызметкерлер, тұрақты оқырмандар және мектеп оқушылары қатысты.
Шараның «Зерделі ұлт – кітап оқитын ұрпақ» атты кіріспе бөлімінде кітап оқудың қоғам дамуындағы рөлі айтылып, «Зерделі ұлт дегеніміз қандай?» деген сауал төңірегінде ой қозғалды.
«Мені өзгерткен кітап» атты негізгі бөлімде спикерлер өміріне ерекше әсер еткен шығармалармен бөлісіп, кітаптан алған тағылымдары туралы әңгімеледі. «Сізге әсер еткен қандай кітап?», «Ол шығарма сізге қандай ой салды?», «Кітап оқығаннан кейін өмірге деген көзқарасыңыз өзгерді ме?» деген сұрақ төңірегінде мазмұнды пікір айтылды.
Мәдениет саласының үздігі Ләззат Қуатханқызы, ҚР құрметті кітапханашысылары Бақытгүл Құсайынқызы мен Гүлдана Қашқынбаева, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Ұлбала Алтыбасаровалар өздері сүйіп оқыған авторлар мен қазақтың шоқтығы биік туындылары жөнінде ой бөлісті.
Шараның «Менің есімде қалған бір ой…» бөлімінде қатысушылар өздері оқыған шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен авторлардың негізгі идеясын талқылады. Әдеби туындылар арқылы адамгершілік, адалдық, жауапкершілік, ізгілік және өмірлік таңдау мәселелері қозғалды.
Ал «Кітаптан өмірге…» бөлімінде спикерлерге «Өз өміріңіз жайлы кітап жазар болсаңыз, ол кітапты қалай атар едіңіз?» деген шығармашылық сұрақ қойылды. Қатысушылар өз кітаптарының атауын ойластырып, мұқабасын бейнеледі. Әрқайсысы таңдаған атауы мен суретінің мәнін түсіндіріп, өмірлік ұстанымы мен армандарын ортаға салды. Бұл тапсырма қатысушылардың шығармашылық қабілетін ашып, өз ойларын еркін жеткізуіне ықпал етті.
Гауһар Рахымғали,
Қырыққұдық ауылының кітапханашысы
Панфилов ауданы





