Белоруссияның астанасы Минскіде жасөспірімдер арасында футболдан халықаралық «Даму кубогы» турнирі өтуде. Аладоп аламанында ұлттық құрамамыз екі ойын өткізді.
Алғашқы кездесуде Қазақстан U-17 Тәжікстан U-17 құрамасымен кездесіп, 1:7 есебімен ойсырай жеңілді. Тәжіктер ойын басталғаннан төрешінің соңғы ысқырығына дейін толассыз шабуылдан қолдары тимеді. Тіпті, қарсыластарын бас көтертпей тастады десек те болады. Сүреңсіз ойын көрсеткен біздің футболшылар жанкүйерлерді жерге қаратты. Ұлттық құрамамыздың жалғыз голын Никита Губарев соқты. Айта кетейік, ойынның 17 минутында өрескел тәртіп бұзған Сергей Иванов қызыл қағаз алып, командамыз бір ойыншыға кем ойнады.
Екінші турда Қазақстан U-17 Беларусь U-16 құрамасын 4:2 есебімен жеңді. Төрешінің ысқырығы шалына салысымен ел құрамасы қарсыластар қақпасына лап қойды. Ширақ қимылдап, ойынның алғашқы бөлігінде ойын тағдырын шешіп қойды. Ұлттық құрама сапынан Труфанов 9, 45+2 минутта мергендігімен танылып дубль жасаса, Оразбек 22, Темірғали 40 минутта гол соқты. Бірақ, біздің ойыншылар 17 жасқа дейінгі жас- өспірімдер болса, алаң иелері футболшыларының жасы 15-тен аспайды.
Естеріңізге сала кетейік, ел футболшылары келесі ойынын бүгін Молдова құрамасына қарсы өткізеді.
Өз тілшіміз





