Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданы, Бидайық ауылының тумасы Берік Байылов республикалық, облыстық мүшәйраларда топ жарып жүрген ақын. Қапшағай қаласы, Заречный ауылындағы кәсіптік колледжінің директоры қызметін атқара жүріп, қаламын жанына серік етіп, өміршең өлең өрнектеп жүрген ақынның томтама жырлары ғасырлық тарихы бар «Жетісу» газетінде тұғыш рет жарияланып отыр.
Қайран, уақыт
Жастық деген қалыпты шалғай жазым,
Айдынына кеткендей қонбай қазым.
Қылқаламын қолына ап салып жатыр,
Уақыт деген суретші маңдайға әжім.
Күн артынан осылай күн өтуде,
Жапырақ-жүрек соққан жел тұр өтінде.
Соқпағымен келемін бұл өмірдің,
Сапардағы жолаушы ретінде.
Тұмандары тұмшалап тағдырымның,
Сол соқпақта сан тұрып, сан жығылдым.
Жағасына жармастым жанталаса,
Өтіп кеткен жылыстап әр жылымның.
Сәйгүліктей жүйткіген сағым күндер,
Ұстатпайды енді олар жалын мүлдем.
Барымталап алсаң да жастығымды,
Өмір, саған ынтықпын бәрібір мен!
Қыс келбеті
Жылжып тағы келе жатыр жыл жаңа,
Ұршық-уақыт айналады зыр қаға.
Қатал қыстан жатқандай ма қымтанып,
Ақ көрпесін жамылыпты қыр, дала.
Терезеге салды өрнек нетүрлі,
Суретшінің хас шебері секілді.
Сықырлайды табанымның астында,
Тентек-аяз шымшып алып бетімді.
Ал ағаштар ақ моншақтар тағынып,
Аспан асты жауған нұрға малынып.
Ақбоз атты ханзадасын күткендей,
Шеттерінен ақ көйлекті қалыңдық.
Неткен әсем, жылдың соңғы мезгілі,
Жеткізе алмас ән аяулы сөз мұны.
Жаз қадірін білдіртетін адамға,
Әр уақыттың бар емес пе өз құны?!
Алдамшы өмір
Жүрегімде жүйіткіп жыр-дөненім,
Шабытымды шақырар күнде менің.
Байғыз құстай жүремін байыз таппай,
Білгенімнен көп екен білмегенім.
Өлеңнің отын жағып күн көремін,
Тікенек боп тырнайды гүл дегенім.
Арман болып алыстап қолымдағы,
Жалған болып шығады шын дегенім.
Өңімдегі кетеді түске айналып,
Көңілдегі жазым да қысқа айналып.
Жарқыраған алтыным бір-ақ күнде,
Балқымаған кетеді мысқа айналып.
Шың дегенім аласа тауға айналып,
Ал, думаным кетеді дауға айналып.
Жолдаспын деп жүргендер жолдан тайып,
Болмас күндеп, өзіңе жауға айналып.
Таптауырын жер болып тың дегенім,
Айналғандай қаңбаққа зіл дегенім.
Алдамшы өмір алдымнан кес-кестейді,
Білгенімнен көп екен білмегенім…
Қорқамын
«Шаш ал» десе, бас алар,
Есерлерден қорқамын.
Шыға келер тасадан,
Кеселдерден қорқамын.
Күліп тұрып бетіңе,
Мақтайтыннан қорқамын.
Шығып ауыл шетіне,
Даттайтыннан қорқамын.
Уәделерін беріп ап,
Таятыннан қорқамын,
Өсек-аяң теріп ап,
Жаятыннан қорқамын.
Жөн-жосықсыз адамды,
Жүндегеннен қорқамын.
Алға басқан қадамды,
Күндегеннен қорқамын.
Өрге қарай өрмелеп,
Жүрмегеннен қорқамын.
Қадіріңді зерделеп,
Білмегеннен қорқамын.
Пасық кеуде, күллі арсыз,
Надандардан қорқамын.
Бәрінен де имансыз,
Адамдардан қорқамын.
Әділдіктің елшісі
Табиғаттың тылсымына үңілген,
Өлең қылып келіп тұрар өргісі.
Жүрегіне сыйып кетер жұмыр жер,
Ақын деген – әділдіктің елшісі.
Жырға қосып дүниенің дүрмегін,
Шер толқытса қабағында қатқан мұң.
Тілінде оның – шіліңгірі шілденің,
Аязы бар қарып түсер ақпанның.
Аламанға қосылатын аттарша,
Шабыттанса шалқитұғын шағы бар.
Селдей қылып сезімдерін ақтарса,
Жүрегі оның жанартаудай жарылар.
Аққу-жырдың қанатына байланып,
Әсемдікті іздеп жүрер жердегі.
Ақиқаттың айнасына айналып,
Сұлу сөздің бола білген зергері.
Қатып қалған қайғы-мұңды қозғатар,
Баса біліп сезім деген пернені.
Көздеп тұрып «құралайды көзге атар»,
Ақын деген – қара сөздің зергері.
Парасаттың бойлай біліп парқына,
Жақсылықтың жаршысы боп жаңғырар.
Өлмейтұғын сөз тастайтын артына,
Өзіне-өзі ескерткішті қалдырар.
Арманымның ақ құсы
Көңіл-көктем бағында алма гүлдеп,
Аралаймын ойымның орманын көп.
Арманымның ақ құсын әуелетіп,
Шартарапты тұрады шарлағым кеп.
Өлең менің ұшатын қанатым бұл,
Жырлау үшін өмірді жаратылдым.
Сөз маржанын іздеймін тереңдерден,
Тоқтағанша сыртылы сағатымның.
Керек емес даңқың да, атағың да,
Байлауы жоқ бес күндік сапарымда.
Ақын деген айбарлы армияның,
Жүрсем болды сарбаз боп қатарында.
Керек емес шенің де, шекпенің де,
Екі өмірдің солқылдақ өткелінде.
Мәңгілік мен оқушы болып қалам,
Таусылмайтын өмірдің мектебінде.
Ақынмын деп несіне бәлденемін,
Шұрайлысын шаппаса шалғы-өлеңім.
Бұдан асқан мен үшін бақыт бар ма,
Болып жатса халқыма сәл керегім…
Өлеңім – өзегім
Өзіндей, көзіндей көненің,
О, менің, өміршең өлеңім!
Мен сені суатқа теңедім,
Сен мені шуаққа бөледің.
Жұрт қиқу шығарса шабады,
Құйқылжып менің көк дөненім.
Бірақ та көктетпей көгімді,
Мазалай береді неге мұң?
Біреуге бір биік белеспін,
Біреуге жай ғана төбемін.
Біреуге атылар жебемін,
Біреуге таты бар шегемін.
Қу жанды сүйретіп құздардан,
Құлжамды ата алмай келемін.
Білемін таулардың шөгерін,
Жарқ еткен жұлдыздың сөнерін.
Көмбіс боп жаралдық өмірде,
Бәріне төземін, көнемін.
Желкенін көтерем бір күні,
Келмеске кететін кеменің.
Біреуге бар шығар керегің,
Тулай бер, тулай бер, өлеңім!





