Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 6 ақпан күні кешкі сағат алты шамасында қытай шегарасындағы Сүйдін әскери қамалында ақ патшаның генерал-лейтенанты, Орынбор казактарының атаманы А. Дутов Жаркент уездік ЧК-сының арнайы құрылған отрядының жанкешті қимыл-қарекетінен ажал құшты. Осынау оқиғаның тарихшылар айтып, жазып, зерттеп тауыса алмай жүрген мәні мен маңызы, ұзақ жыл тұмшаланған құпия сыры әлі де тиянақтала қойған жоқ.
Вадим Гальцевтің 2017 жылы жарық көрген «Терновый венец атамана Дутова» атты зерттеу кітабынан Түркістан әскери барлау бөлімінің бұл істі тікелей басқарғанын және Жаркент уездік ЧК-сында құрылған арнайы отрядтан басқа бірнеше құпия әскери топ жасақталып, жау ордасында қарекет жасағанын білдік. Жазушы әлгі жасырын топтарға жергілікті шаруаларша киінген, мұсылманша сауатты әскерилер қатыстырылғанын оларды кейіннен өкілетті орындарға жазған хаттары мен ұрпақтарының естеліктері арқылы анықтағанын айтады. Сонымен қатар, автор шетелдердегі кейбір мұрағаттарға қол жетпегендіктен әлі де зерттеуді қажет ететін жайлардың молдығын ескертеді.
Кеңестік кезеңде арнаулы органдардың мұрағаттағы материалдарының аса құпия сақталуына байланысты атышулы оқиға 1990 жылдарға дейінгі кітаптар мен әртүрлі басылымдарда үстірт жазылды. Тіпті, кейбір мақалаларда атаманға ажал құштырған оқиғаға тікелей қатысқан адамдардың аты-жөнінің, қимыл-қарекетінің бұрмаланып көрсетілгенін кейінгі зерттеулер айқындап отыр. Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» повесінде, Бексұлтан Нұржекеевтің «Жау жағадан алғанда» атты романында генералды өлтіруге қатысқан адамдардың есімдері, теракті кезіндегі әрекеттері шындыққа жанасады. Ал, 2016 жылғы жазда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Жанболат Аупбаевтың «Ажалға аттанғандар» атты зерттеу еңбегінде бұл оқиға мұрағат материалдарымен жан-жақты зерделенген. Жергілікті тарихшы Қали Ибрайымжановтың былтыр жарық көрген «Мұқай батыр» атты зерттеу кітабы да оқиғаға қатысқандар жайлы деректерді толықтыра түседі.
Біздің мақсатымыз – осынау атышулы оқиғаға 100 жыл толған шақта, жоғарыда аталған жазушы-зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, ажал аузына жасқанбай барып, бірінші кезекте Жетісу өлкесіне қауіп төндіріп тұрған әбжыланның басын кескен ерлерді тағы бір еске алу. Олар шын мәнінде батыр еді.
Енді атаман Дутовты ұрлауға, болмаған жағдайда көзін жоюға қатысқандардың есімдері және олардың қысқаша мінездемесімен журналист Жанболат Аупбаевтың зерттеу мақаласында келтірілген Жаркент уездік милициясының бастығы Қасымхан Чанышевтің хабарламасы арқылы танысайық. «Жетісу облыстық ЧК-сының жауапты қызметкері Давыдов (маған) 21 ақпаннан қалдырмай, яғни шегараның осы учаскесінде ақтардың шабуылға шығуы ықтимал кезге дейін, атаман Дутовтың көзін жоюды тапсырды. Операцияға әзірлік пен оның барысы туралы Суворовқа баяндап отыруға тиіс болдым. Топ іріктелді. Орынбасарым – Махмұд Қожамияров, Жаркент уездік милициясының қызметкері. Контрабандистермен күресте ерекше көзге түскен ол көрмеген жердің ой-шұңқырын жақсы аңғарып, тез бейімделе кетеді, адамдармен тіл табыса біледі. Шығыс халықтары күресінің тәсілдерін жетік меңгерген, қарудың қай түрінен болса да өте жақсы ата алады. Мұқай Байсымақов. Жауынгер. Жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі. Оның туысы – Құдыс Байсымақов (шын аты Көдек), жауынгер. Аттың құлағында ойнайтын шабандоз. Ғазис Ушербакиев. Жауынгер. Ату құралын өте жақсы меңгерген. Юсуп Қадыров. Жауынгер. Карабиннен құралайды көзге ататын мерген. Қылыш пен қанжарды тамаша пайдалана біледі. Сұлтан (шын аты – Солтанай – ред.) Маралбаев. Жаркент уездік милициясының қызметкері. Орыс, қытай тілдерін біледі, пистолеттен өте жақсы атады. Бұлар іс жүзінде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті екендігін талай рет дәлелдеген жандар. Кезінде шегара арқылы сан рет мол мөлшерде апиын алып өтіп жүрген, құрамында 46 адамы бар, жақсы қаруланған контрабандистердің әрекетіне нақ осы топ тыйым салған болатын».
Бұл топты Қасымхан Чанышев кеңестік төңкеріске дейін де пайдаланған немесе олармен сыбайлас болуы мүмкін деп ойлаймыз. Себебі, Татарстанда туып, Жаркентте өскен бай татардың баласы Қасымхан мен оның бауырлары контрабандалық жолмен байыған. Оның сенімді серігі болған орынбасары Махмұд Қожамияров Жаркенттің түбіндегі Ақкент ауылының тумасы. Осы ауылдан шыққан Махмұдтың «Алты қасқыр» атанған аталары Қытайдан ары-бері өткен сауда керуендерін тонап, Қорғастан Алтынемелге дейінгі жол бойын уысында ұстаған атақты қарақшылар болған. Көзін ашқаннан қарақшылықтың тағылымын алған ол да есейе келе аталарының кәсібін меңгергенін Қасымхан Чанышевтің мінездемесінен аңғаруға болады. Ал, жастайынан әкесінен жетім қалып, анасы мен бауырларын жеткізу қамымен шегараның арғы-бергі жағында тіршілік жасаған Мұқай Байсымақов болса, жер мен ел жағдайын әбден меңгерген адам. Шегараға жақын Қонақай ауылында өскен Юсуп Қадыровтың да аса табысты контрабандалық қарекеттен ада болмағаны анық. Ғазис Ушербакиевтің ағасы Насырдың сол кезде Қытайда тұрғанын, «халықаралық сауданың» көрігін қыздырғанын ескерсек, олардың да тіршілігінің топтастарына ұқсастығын бағамдау қиын емес.
Бұлардың бәрі де сол кезде қызыл саясатқа қызмет еткенімен жаңа құрылған Кеңес өкіметіне жан-тәнімен берілген адамдар еді деп айту қиын. Олардың астыртын жолмен апиын және мал саудасын жасап жүргенін Жетісу облыстық, Жаркент уездік ЧК басшылары да жақсы білген. Түркістан әскери барлау бөлімі атаман Дутовты ұрлауды көздеген бірнеше жоспар сәтсіздікке ұшыраған соң бұл істі жер мен ел жағдайын жақсы білетін жергілікті адамдарға тапсыруды мақұл көрген. Сондықтан Ташкент пен Алматыдағы, Қоғалыдағы әскери бөлімдер ішінде ЧК жансызы қызметін атқарып жүрген Қасымхан Чанышевті Жаркент милициясының бастығы етіп тағайындап, Дутовтың көзін жоюды тапсырады.
Қытай қамалына тастай бекініп, күн жылынысымен Жаркентке шабуыл бастауды жоспарлап отырған атаманды алу оңайға соқпайды. Қасымхан тобының да бірнеше әрекеті сәтсіздікке ұшырап, ЧК басшыларының сенімсіздігін туғызды. Соңғы теракті қарсаңында Қасымхан Чанышевті «сатқын» деген айыппен тұтқындап, өзінің өтінішімен соңғы мүмкіндік беру үшін оның сегіз жақын туысын кепілдікке алып, түрмеден босатады. Алайда тапсырма орындалмаған жағдайда оның кепілдікте түрмеде отырған туыстарының түгел сотсыз, сұраусыз атылатыны ескертіледі. Осындай қатаң талаптан кейін Қасымхан мен сенімді серіктерінің атаманды қайткенде де өлтірмеске амалы қалмайды.
Осы орайда басқа зерттеушілер назар аудармаған тағы бір жайды айта кеткеніміз артық болмас. Атаманды ұрлау, болмаған жағдайда өлтіру операциясын 5-6 ақпанға жоспарлаудың бір сыры – Қытайдың күн ұзара бастайтын 22 желтоқсаннан бастап суық күндерді тоғыз күннен тоғыз Жуға бөлетінін, бесінші Жу біткенде он күнге созылатын «суық қуу» мерекесінің 5 ақпаннан басталатынын Қасымхан Чанышев қаперге алған сыңайлы. Өйткені, көптен бері қамалда іші пысып жатқан ақ гвардияшылардың қандай мерекені де қуана тойлайтынын ұрымтал сәтке балаған.
Алдын ала атаманның сеніміне кіріп, тығыз байланыс орнатқан Жаркент уездік милициясының бастығы, бұрынғы патшалық Ресейдің князі «қызылдардың тұтқынынан қашып шықтым» деген желеумен қасына сенімді серіктерін ертіп, 6 ақпан күні кешкісін Сүйдін қорғанына барып кіреді. Қорған қақпасында жарау ат мінген Юсуп Қадыровты, Көдек Байсымақовты, Сұлтан Маралбаевты және Ғазис Ушербакиевті қалдырып, атаманға жазған хатын бұрын да арадағы байланысшы қызметін орындап жүрген Махмұдтың қолына ұстатып, Дутовтың үйіне кіргізіп жібереді де, есігіндегі күзетшілердің жанына Мұқай Байсымақовты тастап, өзі аулада жасақ тұратын үй маңында жасырынады.
Келісім бойынша Махмұд атаманды атқан сәтте Мұқай есік алдында тұрған үш күзетшіні өлтіріп, Қасымхан күзет жасағын казармадан шығармай атқылап, серіктерінің қамал қақпасынан аман шығуына мүмкіндік жасауы тиіс. Атаман Чанышевтің хатын оқып отырғанда Махмұд Дутовтың кеудесінен атады. Осы сәт бөлмедегі жарық беріп тұрған майшам жалп етіп сөніп қалады. Оқыс қару даусынан секем алған Дутовтың адъютанты бөлмеге кіріп келеді. Қараңғыда не болғанын түсіне алмай тұрған оны да атып өлтірген Махмұд сыртқа беттейді. Бұл кезде, алдын ала келісілгендей, Мұқай сегіз оқты револьвермен күзетшілерді сұлатып салса, Қасымхан атаманның үйіне жақын тұрған күзет жасағының тұрағынан шыққан әскерді атқылап, казармасына қайта қуып тығады. Қамал қақпасындағы Қытай күзетшілеріне серіктері оқ жаудырып, тез атқа қонған Қасымхан тобы қамалдағылар ес жиғанша із суытады.
Ымыртта атылған оқтан ауыр жарақат алған атаман Дутов ертесінде, 7 ақпан күні азанда өледі. Тапсырманы орындаған Қасымхан Чанышев тобын Жаркентте халық қуана қарсы алып, салтанатты жиында оларды түгелдей революция батырына теңейді. Ташкентке арнайы шақырылған Қасымхан мен Махмұд алтын сағатпен, басқалары күміс сағатпен және арнайы табельдік қарумен марапатталады. Қамаудан босатылған Жаркент милициясы басшысының кепілдегі туыстары кейін 30-шы жылдардағы зобалаңда түгелдей қуғынға ұшырап, Қасымхан Чанышев пен Махмұд Қожамияров 1937 жылы халық жауы ретінде атылады. Насыр Ушербакиев Орскіге жер аударылса, Ғазис Ушербакиев 20-шы жылдардың орта шенінде аурудан қайтыс болған. Туыстарымен Қытайға қашқан Мұқайдың інісі Көдек 1936 жылы өмірден озған. Сұлтан (Солтанай) Маралбаев 1936 жылы қаза тапқан. Бұл топтан тірі қалған Юсуп Қадыров 30-шы жылдарда көп қуғын көргенімен сотталмаған. Өмірін көзден тасада, құм ішіндегі шағын Айдарлы ауылында өткізіп, қазақ қызға үйленіп, ұрпақ өсірді.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





