Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың егемендіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты тағылымды мақаласы жарық көрді. Оқыдық, ой түйдік, жағымды пікірлерге келдік. Соның ішінде «туған жер» ұғымы жайлы айтылған тұщымды дүниелерді саралап, өзімізше қалам тартып отырмыз.
Шыны керек, шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жеріміз еліміз үшін өте қастерлі. Игілігін иен даладан тапқан исі қазақтың басты байлығы да осы жері. Шетсіз, шексіз сары далада салтанат құрған сонау сақтар заманынан бастау алып, Алтын Ордамен жалғасын тауып, Қазақ хандығымен тұғыры тіктелген шекарамыздың сызығын тәуелсіздікпен бірге бекіттік. Өзгелер қызыға да, қызғана да қарар алпауыт жерді билеп-төстеп, емін-еркін көсіліп жүргеніміз жасырын емес. Бұның барлығы – бабалардың қанымен, жанымен бұйырған бақыт.
Туған жер… Кім-кімнің болмасын уыс жүрегінің қуысынан орын теуіп, ең жайдарлы да жасампаз естелік болып сақталатын құтты мекен. Ең алғаш жөргек кіріміз жуылып, табанымыз топыраққа тиген киелі өлкені өмір сапарымыздың соңғы секундтарына дейін санамызға байлап қоятынымыз рас-ақ. Әр адам баласының туған жерімен ең нәзік те тәтті естеліктері сабақтасып жатыр.
Дүлділдер дүбіріне құлақ түрсең бабаларымыз осынау апайтөс атырапты бізге мұра қылып қалдыру үшін қылышымен сауыт сөгіп, намысын найза ұшына ілген алмағайып замандар есіңе келеді. Өзіміз ол кезеңнің куәгері болмасақ та тарих беттерінде қанды ізі қалған талай оқиғалар жайлы мағлұмат алып, жан-жүрегің бір сілкініп қалады. Осынау ордалы даланың әр адымында бабалардың қаны, аналардың көз жасы жатқаны рас-ақ. Алайда, бүгінгілердің кей әрекетінен осы жерге тегін келген дәулеттей немқұрайды қарайтынын аңғарамыз. Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, ең құнды байлығымызға атүсті көңіл бөлу болашағымызға балта шабумен тең екендігін білгеніміз жөн.
Қарт материктің қақ ортасындағы қара шаңырақты иеленген исі қазақтың игілік қонған даласының табиғаты көрсе көзің сүрінерліктей-ақ көрікті. Бір қойы егіз туса, бір жусанының басы айыр шығатын топырағы да жомарт. Қойнауы толған байлық, құшағы тұнған береке. Бірақ, бұл татулық пен тыныштық бесігінде тербелген мамыражай тірлігіміздің өтеуін кешегілер арқалағанын ұмытпағанымыз жөн.
Ендігі міндет, осы ұлан-ғайыр даланың қарыс адымында өзгелердің табанына салмай, ұрпақтарға құны түспеген қалпында табыстау. Балаларымыз бабаларымен мақтанып, даналарымен шаттанып, шексіз атыраптың заңды иесі болуы бізге де байланысты.
Осы ретте Президент мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ… Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», – деп атап өтті.
Рас, жер сатылымға қойылар яки өзгелерге қолдануға берер зат емес. Бұл мыңжылдықтар төрінен тарихының бастауы алған еліміздің панасы, кіндік қаны тамған қасиетті мекені, топырағын мәңгілікке жамылар құтты өңірі. Сондықтан да жердің иесі өзіміз екендігімізді ұмытпай, әр азамат ортақ Отанымыздың қорғаны болуы керек.
Тезекбай Садиев,
Алакөл ауданының
Құрметті азаматы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі




