Қалпына келген ауданмен бірге «Хантәңірі» деген атпен қайта құрылған Нарынқол халық театры өз тұсында қарымы мен қабілетін, дарыны мен бар жетістігін Бүкілодақтық байқауларда жарқыратқан еді. Енді аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтің қолға алуымен Аспантаулар өлкесіндегі мәдениет саласын өркендетудің жолдары қарастырылуда.
Биылғы жылы Сүмбе мен Жамбыл ауылдарында жаңадан Мәдениет үйлері салынады деп жоспарлануда. Қақпақ ауылындағы тозығы жеткен мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, Сарыжаз бен Шәлкөде ауылдарындағы шаруашылықтардың күшімен салынған, мүлде ескіріп кеткен Мәдениет үйлері бұзылып, орнына жаңадан заманауи сәулетті Мәдениет үйлері салынбақ. Бұған облыстық, республикалық бюджеттен қаражат қарастырылуда.
Текес, Қайнар ауылдарындағы Мәдениет үйлеріне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл ақиық ақын, таулы өңірдің айтулы перзенті Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Осыған орай аудан орталығынан ақынға тұғыры нық үлкен ескерткіш тұрғызылады. Игілікті іске облыстық бюджеттен 61 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Ескерткіштің айналасын абаттандырудың өзіне қомақты қаражат қарастырылған. Ақынға арналған мерейлі жылы Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйі мен Мұқағали мұражайына тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Қанат БІРЖАНСАЛ





