Жуырда Талдықорған қаласында облыстық мәслихаттың VII шақырылымының бірінші сессиясы өтіп, онда Алматы облысының 2021–2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Енді сол бағдарламаның жүзеге асырылу барысын бақылау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, олардың аймақтарға іссапары басталды.
Көшпелі отырыс Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында да ұйымдастырылды. Жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев ашып, жүргізіп отырды.
– Алдымен осы аудиторияны пайдалана отырып сіздерді «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы жеңісімен құттықтаймын. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Бес жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылатыны бекітілді. Жаңа бағдарламадағы мәселелер халық үніне құлақ аса отырып түйінделді. Енді сол ауқымды жұмыстар қалай орындалады, халық қалаулылары соны жіті бақылауы керек, – деді Жанболат Әкебайұлы.
Аталған жиында 2021–2025 жылдар аралығында өңірді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бас маманы Арайлым Алимбекова баяндады.
Жаңа бағдарлама негізінен мынадай үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс істейді. Біріншісі – «Өңір экономикасын көтеру». Яғни, жыл сайын экономиканың тұрақты дамуын орта есеппен мөлшерлегенде 4 пайызға арттыруды қамтамасыз ету. Осының арқасында 2025 жылы жалпы өңірлік өнімді 5 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін, әрине, бәсекеге қабілетті өнім өндіру қажет. Аталған мерзімде 4500 жаңа жұмыс орындары құрылып, инвестициялар көлемі 690 млрд. теңгеге жететін болады. Нәтижесінде 37 жобаны іске қосу көзделген. Олардың арасында трансұлттық жобалар да бар. Солардың бірі Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жетісу вольфрамы» кен өңдеу зауыты.
Бағдарламадағы «Жайлы және қауіпсіз өңір құру», «Өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету» атты екінші және үшінші бағыттардың өзіндік жоба-мақсаттары жан-жақты қарастырылған. Ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес, туризм, тағы басқа салалардағы даму тетіктері кеңінен ойластырылған. Енді осы бағдарламаның жүйелі орындалуын депутаттар жіті қадағалайды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева өңірдегі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында әзірленген Жол картасының басты басымдықтарын кеңінен әңгімеледі.
Жиында аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев сөз сөйлеп, жаңадан сайланған депутаттарға ізгі тілегін білдірді.
– Өңірімізде іске асырылып жатқан ірі индустриалды-инновациялық жобалардың арқасында жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Әрбір атқарылған жұмыс егеменді еліміздің өркендеуіне арналады. Жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тілеймін. Іргелі істердің ұйытқысы бола берейік, – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Бұдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарын көпшілікке таныстырды.
Жаңа бағдарлама бойынша жүзеге асатын жұмыстарды халық қалаулылары қадағалап, бақылау мүмкіндіктері бұрынғыдан да арта түседі деген сенімдеміз.





