«Абай – Гималай»
Мұқағали Мақатаев
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінде қызмет істейтін бір азаматтың анасы, мектептес құрбым қонаққа шақырып, Мәскеуге бардым. Құрметтеп, қуана қарсы алды. Бірер күн жатып демалған соң құрбым:
– Күнеке, үйде отыра береміз бе? Кеттік, Мәскеуді аралайық, – деп қолқа салды. Орыс халқының ғасырлар бойғы құпиясын жасырған алып қаланың сән-салтанатын тамашалайық деген соң қуана құп алдым. Ұзақ жүрдік. Сан түрлі көліктерге мініп, метросына да түстік. Кремльдің іші-сыртын аралап болып, «Москва-река» өзеніне жетіп, катерге отырдық. Мәскеудің Мемлекеттік университеті орналасқан «Ленинские горы» атанған биікке жеттік. Баяғы СССР болып тұрған кезде барған болатынмын. Сол кезде оны «Ленинские горы» деп атайтын. Ал бүгінде «Воробьевы горы» болып өзгерген.
– Ау, кезінде Ленин деген Құдай емес, Құдайдан былай емес, аталары еді ғой, бұл қалай болғаны? Өздері ғана емес, өзгелерді де табындырмап па еді? Ендігісі несі, атын оп-оңай өзгерте салғаны ма? – деп таңғалдым.
– Иә, – деді құрбым. – Заман өзгерді, адамның санасы өзгерді емес пе? «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, әр заманның тұсында бір сұрқылтай, өз дегенін талап етеді ғой. Бұрын Ленин бабасының қу сүйегін көру үшін қатар-қатар қарауылдан өтіп, бірер күн бұрын кезекке жазылып кіретін едік. Бұл күнде көрушілер сиреп кеткен екен. Оның сүйегіне көпшілік қызыға да қоймайтын болыпты. Оның жүздеген том еңбектерін оқып, талдап жатқан ешкім байқалмайды. Сөйтіп, Ленин «бабамыздың» дәуірі аяқталыпты.
– Иә, «хан артынан жұдырық» демекші, өлдің, өштің деген осы ғой. Ешнәрсе бірқалыпты, бір жүйеде тұрмайтыны белгілі. Қыдырудан әбден шаршап, қонатын үйіміздің жанындағы «Чистые пруды» деген аллеяға жетіп, тізілген ұзын орындықтардың біріне жайғастым. Құрбым балмұздақ алып келуге кетті. Мен оңаша қалған соң айналаға көз жібердім. «Чистые пруды» дегені әжептеуір үлкен су қоймасы екен. Мөп-мөлдір суда үйректер жүзіп, көгершіндер жағалай су ішіп жүр. Одан әріректе көз жетер жерде атшаптырым ашық алаң, гүлзар бақ, ортасында көкке бойлап бір ескерткіш тұр. Бас жағына қарасаң баскиімің түсердей. Тәкаппар кеудесін кере, болашаққа көз жіберіп тұр. «Япырай, бұл кім болды екен, сонша құрметке бөленген», – деп жақындап қасына бардым. Ол орыс халқының белгілі композиторы, дипломат, драматург Александр Сергеевич Грибоедов екен.
– Иә, өз ұлын өз ұлты ұлықтамаса, кім құрметтесін, дұрыс екен, – деп кері бұрылып келе жатсам аллеяның қағаберіс қалтарысында Абай атам отыр. Әуелде оны көргенде әкемді көргендей қуанып:
– Гүлеке, Абай атамды қара, мында отыр ғой, – деп қуанып кетіп едім, кенет оның қалтарыста жарты кеуде болып отырғанына қынжылып қалдым. Шынымды айтсам, көңілім бұзылып, қуанышым су сепкендей басылды.
– Оу, заңғарым, қасиеттім, осылай отыру саған лайық па еді? – деп қасына жақындадым. Ұлы атамыз өгей баланың кейпінде отырғандай көрінді. Япырай, кеудесін көкке өрлетіп көтеріп қоюға көршіміздің қаржысы ма, әлде құрметі ме жетпеген? – деп ойға батып біраз тұрдым. Бір елдің асылы, аяулысы, тіпті данышпаны болса да өзгелер үшін өзгешелеу екенін түсінгендеймін. Иә, сұлтан болсаң да, ұлтан болсаң да өз еліңде, туған топырағыңда болғанға не жетсін?! Ленин атасын аямаған ел біздің атамызға не жақсылық жасасын?!
«Абай – Гималай» деп ардақты ақынымыз Мұқағали Мақатаев атамыздың ұлы қасиетін екі-ақ сөзбен жеткізген екен. Ол данышпанымыздың биік тұлғасы, зор денесі жайында емес, оның ақыл-ойының, қиялының, шексіз дарынының құдіретті күшін бағалаған ғой. Егер Абай тау болса, сөзсіз Гималай болар еді. Ұлыны ұлы таниды, биік биікті көреді демекші, Абай жырларының құдіретті күшін, мағынасының тереңдігін сезімтал жүрек сезсе керек.
Ал Абай атама деген менің ризашылығым ерекше. Себебі, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның сырлы сезімге толы жырларымен сусындап, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Абай жайлы жазған шығармаларын қызыға оқып өстік. Ұстаздарымыздың Абай жайлы толғана баяндаған әңгімелерін де зер сала тыңдайтын едік. Ал мың тоғыз жүз елу тоғызыншы жылы қазақтың мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне түспек болып қабылдау емтиханына кіргенде шығарма жазу үшін берілген алты тақырыптың бірі – «Абайдың табиғат лирикалары» еді. Қуанғаным соншалық, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Өзге тақырыптарға қарамастан Абай атамның ғажап көріністі табиғатының әлеміне қиялмен сүңгіп кеттім. Желсіз түндегі жарық айдың себелеген сәулесіне шомылып, гүрілдей аққан өзеннің бойында салқын самалға көкірек төсеп, еркін тыныстап тұрғандай сезімге бөлендім. Енді бірде жазғытұрым шілде айында, көкорай шалғын бәйшешектің ортасында гүл теріп жүргендей күйге ендім. Жаза отырып қараңғы түнде маужырап қалғыған тау суретін елестеткенде, өзім де қалғып кете жаздап отыр едім, ақ киімді, денелі, ақ сақалды, үсті-басы ақ қырау, түсі суық аяз ата кіріп келгендей селт етіп, еңсемді көтеріп алдым.
Осылайша, Абай атамның ғажап жырларының сырына бойлап жаза бердім, жаза бердім. Неткен сурет, неткен көрініс! Қылқалам иесі де бұл көріністі нақ осылай өрнектей алмас-ау деп ойладым. Суреткер атамның жыры арқылы берген бұл көрініске бойлап, оны жан дүниеммен сезгенім соншалық, айналаға зер салмастан шабыттанып жаза бердім, жаза бердім. Нәтижесінде, жүз алпыс бір абитуриенттің ішіндегі жалғыз «бестік» баға маған бұйырыпты. Мен бұл жағдайды жаныма ерекше шабыт берген Абай атамның жырларының құдіреті деп түсіндім.
Абай – асқар тау, Абай – биік шың, қазақ елінің көгінде жарқыраған темірқазық жұлдызы. Халқымыздың мақтанышы. Осыған байланысты көптен бері көкейімде жүрген бір түйткіл ойымды айта кетсем деп едім. Ұлыны ұлықтау, барымызды бағалай білу – біздің салтымыз. Бірақ, кейбір жағдайда бағалаудың жөні осы деп, асыра сілтеп биікті аласартып, тереңді таяздатып алатын жайттар да кездесіп қалады. Мысалы, Алатаудай атамызға шаңдақ жолды, қисық көшелі, мәдени ошақтардан жұрдай, қараша үйлі, жұпыны ауылды, тіпті бір қожалықтың бригадасының да атын арнап жатады. Мысалы, Талдықорғанның айналасында Абай атты үш елді мекен бар. Бірі – Қапал жақта, екіншісі – Үштөбеге таяу, үшіншісі – Ескелді ауданында. Абай ауылы дегенде көре тұра көңілің жүдеп қалатындай. Ұлыға лайық үлкен қала, сәулетті ғимараттар, көрікті де көркем мекендер болғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Мысалы, Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп атадық. Иә, атына заты сай. Тұңғыш Президентіміздің қиялынан туған ғажап қала. Адал еңбегінің жемісі. Ал Абайдай заңғарымызға да кішігірім, ұсақтау мекендерді емес, қасиетіне сай Семей, Өскемен, Павлодар сияқты қалаларының бірін бұйырса, ұлылығын асқақтатып тұратын қала болар еді.
Бұл – менің ғана пікірім. Ал билік басындағылар, жұртшылық өздері шеше жатар. Тек ұлы есімді ұсақтатпайық, ағайын. Абайдай дана, Абайдай ғұлама қазағымыз да көп емес қой, барымызды бағалап, аяулымызды ардақтай білейік.
Абайтанушы азаматтар, ғалымдар Абай шығармаларын талмай зерттеп, інжу-маржандарын теріп, халқымызға тарту етуде. Бірақ, әлі де бағалы қазынаның байлығын толық аша алмай жатқанымыз рас. Иә, Абай дүниесі, оның жан толқытар, ой-сананы оятар ғажап жырлары, құлақтан кіріп бойды алар әндері, санаға сәуле түсірер ғибраты мол қара сөздері – әлі де толық игерілмеген кен, мұхит түбіндегі жауһарлар. Оған қол жеткізу үшін тереңге бойлау керек. Бұл бүгінгі күнгі әдебиет әлеміндегі азаматтардың алдында тұрған аса жауапты да қажырлы еңбекті талап ететін шаруа. Болашақта Абай атамыздың сыр сандығын толық ашып, қомақты олжаға кенелерімізге сенімдімін.
Күнсая қажы ОСПАНҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер
одағының мүшесі





