Жаңа үлгідегі жиындарға халықтың еті үйренгендей. Себебі, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев пен округ басшыларының инстаграм желісі арқылы өтіп жатқан кездесулеріне қатысушылардың қарасы көп. Бұқараның белсенді тобы көңілде жүрген сауалдарын жолдап, ақжарма тілектерін білдіруде.
Аудандағы алғашқы есепті кездесуді өңір басшысы мен Ырғайты ауылдық округінің әкімі өткізді.
Аудан әкімі Ә. Жақанбаев пандемия салдарынан есепті кездесулерді онлайн өткізіп отырғандарын айтты.
Ырғайты ауылдық округінің әкімі Дәуренбек Мұқабаев 2020 жылғы атқарылған жұмыстармен таныстырды. Туризмнің қара қазаны қайнаған Ақши және Көктұма ауылдарында экономиалық өсім тұрақты. Тәжвирусының азуы туризм саласына да батқанына қарамастан шомылу маусымында шипалы көлге сапарлай келген меймандардың қарасы көп болды. Есепке жүгінсек, суға түсуге рұқсат етілген мезгілдің өзінде өңірге 800 мыңға жуық турист келіп, 4 млрд. 700 млн. теңгенің ақылы қызметі көрсетілген. Демалыс орындарындағы сыйымдылықты ұлғайту және ауданға инвестиция тарту мақсатында 15 туристік нысан іске қосылып, жалпы саны 264-ке жетті.
Округтің туристік әлеуетінің аса жоғары болуына байланысты есепті жылда 801 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауылшаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы осы саладағы табыс көлемі 1 млрд. 400 млн. теңгені құрады.
Халықтың ең өзекті мәселесі болған көл жағалауын бекіту жұмыстары да жоспар бойынша жүзеге асуда. Сондай-ақ ауылдың ішкі жолдары мен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу ісі де күн тәртібінен түскен емес.
Келесі онлайн кездесуде Жайпақ ауылдық округінің әкімі Ерік Табеев есеп берді. Аталған ауыл негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. 2020 жылы 2556 гектар жерге егін егіліп, түскен пайда көлемі былтырғыдан асты. Мұнда ең көбі майлы дақылдар, яғни майбұршақ себілгендіктен, ауыспалы егіс арқылы жерді демалдыру, өнімділікті ұлғайту мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігі айтылды.
Ауылдағы өзекті мәселенің бірі – бау-бақшаға келетін судың жеткіліксіздігі. Үй маңына егілген жеміс-көкөністеріне су жеткізе алмаған тұрғындар бұл тақырыпты талай көтерген. Аудан әкімі осы ретте округ басшысына аталған мәселені шешуді тапсырды.
Үшінші болып Қайнар ауылдық округінің әкімі Манатбек Рысбековтың есебі тыңдалды.
Бұл елді мекеннің де даму әлеуеті тікелей ауылшаруашылығымен астасып жатыр. Өткен жылда 1425 гектар суармалы жер игеріліп, 63 млн. теңге түсім болған. Ал мал шаруашылығынан 31 млн. теңге табыс келген.
Карантин кезінде ауыл жастары, қалталы азаматтары да қайырымдылық істерінде аса белсенділік танытып, ауылдың талай тұрғындарына қаржылай, азық-түлікпен көмек көрсетті. Аналар кеңесінің мүшелері де көпреттік бетперделер тігіп, халыққа тегін таратты.
Үш жиында да аудан әкімі Ә. Жақанбаев «Алакөл ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайы және даму перспективалары» тақырыбында баяндамасын оқып, есепті жылда өңір бойынша атқарылған айтулы дүниелерге тоқталды.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ





