Журналист-жазушы Әли ЫСҚАБАЙ қаламгерлік еңбек жолын Балқаш аудандық газетінің редакциясында 1958 жылы бастады. Сонда сегіз жыл еңбек етіп, кейіннен жұмыс бабымен басқа өңірлерге қызметке ауысқанымен өзі туып-өскен елі мен жерінен бүгінгі күнге дейін қол үзбей, тығыз байланыс жасап келеді. Балқаш ауданының жоғары көрсеткіштері мен жайдарман жаңалықтарын, жеке еңбек адамдарының табыстарын қуана насихаттап, мерзімді басылымдарда жариялап, оқырман қауымға жеткізуге белсене еңбек етіп келеді.
Әли Әпекұлы бұдан бірнеше жыл бұрын Балқаш өңірінің төлтумасы панфиловшы-гвардияшылардың құрамында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жау танктерінің талқанын шығарып барып, ерлікпен қаза тапқан Кеңес одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев туралы «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітап жазып шығарған еді. Одан кейінгі, соңғы бір-екі жыл мұғдарында аудандағы іргелі елді мекен Жиделі ауылының құрылып, ірге тепкеніне 90 жыл толуына арналған «Топырағы киелі – құтты қоныс Жиделі» атты түрлі түсті бояумен безендірілген көлемді кітаптың жарыққа шығуына басшылық жасап, өңдеп, баспаға әзірлеуге үлкен көмек көрсетті. Ресей батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Балқаштың бас батыры» атты естеліктер жинағын шығаруға бастамашы болды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы атақтарының иегері, қарымды қаламгер Әли Ысқабайға жақында туып-өскен елі мен жері аудан өмірін насихаттаудағы жемісті еңбегі үшін аудандық мәслихаттың шешімінен «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Осы құрметті атақтың куәлігі мен төсбелгісін аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов тапсырып, қарымды қаламгерге шығармашылық салада жаңа табыстарға жете беруі үшін денсаулық тіледі. Аудандық мәслихаттың хатшысы Кәдірбек Омаров қаламын қолынан түсірмей келе жатқан Әли Әпекұлының атына жылы лебізін айтып, қуанышқа ортақтасты.
Журналист-жазушы Әли Ысқабай өз кезегінде аудандық мәслихат пен аудан әкімдігіне шынайы алғысын білдірді.
Күмісбек ЕРБАЕВ,
аудандық «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы





