ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Данияр Әлімбаев Кербұлақ ауданындағы Батыр ана, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Ғалия Ақбасованың үйіне барды. Кездесуде Ғалия Ақбасова Кербұлақ ауданының даму көрсеткіштерін сөз етті.
Үміткер Данияр Әлімбаев болса, «Nur Otan» партиясының Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы бес жылда Кербұлақ ауданының толығымен табиғи газбен қамтылатынын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйлерінің ішіндегі тозығы жеткендеріне күрделі жөндеу жасалып, қайта жаңғыртудан өтеді. 2022 жылы ауданда 5 өрт сөндіру бекеті құрылады.
Осы сынды жоспарлармен бөліскен үміткер «Nur Otan» партиясының ел келешегі үшін жасап жатқан келелі жұмыстарын да баяндады. Шыны керек, соңғы жылдары партияның атқарған шаруасы шаш етектен. Халықтың жағдайын жасап, сол жолда аянбай еңбек ету – «нұротандықтардың» басты борышы. Мәселен, кешегі пандемия кезінде елдегі жағдайы төмен отбасыларға жеті дүркін 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілді.
– Партия алдағы уақытта елдің жүйелі дамуына атсалыспақ. Жуырда жарияланған сайлауалды бағдарламасына алдағы бес жылда атқарар ауқымды жоспарларын кіргізді. Мәселен, елдегі үшауысымдық мектептерді түбегейлі жойып, балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу басты міндеттің біріне айналды. Одан бөлек, сапалы білім – болашаққа салған мықты капитал. Бүгінгі оқушы – ел келешегі десек, оларды заманауи білімге сусындату да сайлауалды бағдарламада басты тақырып болып тұр, – деді Данияр Кеңғазыұлы.
Қос тұлғаның кездесуінде бұдан да өзге келелі тақырыптар қозғалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаһандану дәуірінде ұрпақтардың ұлт келешегін жарқын етудегі бағдаршамы болмақ. Батыр ана үміткерге сәттілік тілеп, партияның жүйелі жұмысына алғыс білдірді.
Мәулен Даниярұлы
«Nur Otan» партиясы Алматы облысының Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы.





