Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары шыршаның тұқымын жинауға арналған робот жасап шығарды. Бұл туралы «Жетісу» газеті мәлімдеді.
Автоматтандырылған құрылғы WRO-2020 Дүниежүзілік Робот Олимпиадасында таныстырылды.
Биылғы LEGO халықаралық роботтар сайысы онлайн режимінде өтті. Байқауға әлемнің 40 елінен 760 оқушы мен студент қатысты.
Роботтың авторлары — 12-сынып оқушысы Дильназ Жемісбек, 10-сынып оқушысы Виктор Кохно және Зияткерлік мектептің түлегі Даниил Филимонов жобаны автономды роботтар жүйелері категориясында ұсынды.
— Бүгінгі таңда әлемде экологиялық проблема өте көп. Соның бірі — планетадағы ормандардың азаюы, бұған ағаш кесу, өрт және басқа факторлар себеп болып отыр, — дейді жоба авторлары. Шешім де айқын, ормандарды отырғызу керек, бірақ бұл үшін көшеттері бар тәлімбақтар және тиісінше тұқымдар қажет.
Тәлімбақты тұқыммен қамтамасыз ету үшін Зияткерлік мектеп оқушылары қарағай мен шырша тұқымдарын жинайтын арнайы робот жасады. Әрі қарай автоматтандырылған режимде тұқымдар ағаштардың үстінен жиналып, кептіріледі. Осылайша, жаңа жасалған робот отырғызуға жарайтын қылқан жапырақты ағаштарды дайындауға септігін тигізбек.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





