Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өндірістік ортаны жаңғырту бағытында халықаралық тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев бастаған ТЖМ делегациясы Стамбул техникалық университетіне (ITU) арнайы іссапармен барды. Делегация құрамында ERG компаниясы мен аумақтық департаменттердің жауапты өкілдері де болды. Сапардың басты мақсаты – тау-кен ісі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бай тарихи тәжірибесі бар жетекші оқу орнының әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу базасын зерделеу және озық әзірлемелерді отандық өндіріске енгізу. Келіссөздер барысында тараптар шахталардың газдылығын зерттеу,ықтимал қатерлерді бағалау және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ғылыми шешімдерді әзірлеу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Түркиялық университет ұжымымен кездесу кезінде өндірістік апаттардың алдын алу, қауіпті факторларды уақтылы анықтау мен болжау және төтенше жағдайлар жиілігін азайтуға арналған заманауи технологияларды қолдану жолдары қарастырылды. Ел экономикасының стратегиялық маңызы бар тау-кен секторларындағы қауіпсіздік стандарттарын көтеру 10-15 пайызға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше,халықаралық деңгейдегі озық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді интеграциялау өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін түбегейлі жаңартып, жұмысшылардың өмірін қорғау деңгейін сапалы жаңа сатыға шығарады.
Іссапар қорытындысы бойынша қазақстандық тарап өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету механизмдерін жетілдіру және ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу бағытында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді.Алынған инновациялық мәліметтер мен озық тәжірибелер еліміздің кәсіпорындарында төтенше оқиғалардың алдын алуға оң ықпал етеді. Жауапты министрлік өкілдері шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.





