2016 жылы пайда болған «ТіkТok» қосымшасы әлем бойынша Instagram және Facebook сынды әлеуметтік желілерді басып озуда. Оны қолданушылар әртүрлі видеолар түсіру арқылы өздеріне оқырман жинайды. «ТіkТok-ты» көбіне бүлдіршіндер мен жасөспірімдер жиі қолданады.
ЖАСӨСПІРІМДЕР НЕГЕ БОС УАҚЫТЫН ОСЫ ЖЕЛІДЕ ӨТКІЗЕДІ? Себебі, жастардың ойынша «ТіkТok» түсірмейтін адам уақыт көшінен кейіндеп қалған. Яғни, заманауи емес. Ол трендтердің артынан ілесіп жүру де оңай шаруа емес. «ТіkТok» түсіремін деген адам біраз тер төгетіні анық. Өйткені, күн сайын қойылатын жаңа талаптан, мәселен, музыка мен би қимылдарынан қалыспауы керек. Видео түсіремін деп балалар көп уақытын шығындайды. Одан бөлек, өзге де қолданушылардың жариялаған видеожазбаларын көру үшін уақытының бәрін желіде өткізеді.
Уақыттан бөлек, бұл желінің психологиялық зияны да бар. Видеоға қатысты қиындықтар туындаған кезде немесе музыкаға адамның іс-қимылдары сәйкес келмеген жағдайда жастар бірден ашуға булығады. Сол үшін басқа іспен айналысуға да көңіл-күйі болмайды. Бар есіл-дерті, уайым-қайғысы осы видеода болады. Осыдан екі-үш ай бұрын Тараз қаласының мектеп оқушылары «ТіkТok» үшін төбелесіп, біреуі пышақпен жарақаттанған да болатын.
Ал пайдалы тұсына келер болсақ, «ТіkТok» жастардың бойындағы актерлік, редакторлық және кино түсіру шеберліктерін арттыруға көмектеседі және аз уақыттың ішінде танымалдылыққа ие болуы да мүмкін. Біреулер үшін «ТіkТok» жай қызығушылық болса, енді біреулер үшін қосымша табыс көзіне айналып отыр. Бірақ, бәрінің бірдей жұлдызы жанып, танымал болып кетпесі анық. Сол себепті уақытты текке кетірмей, пайдалы іске жұмсаған абзал.
ЖАС БУЫНҒА «ТіkТok» НЕСІМЕН ҚЫЗЫҚ? Бұл турасында «ТіkТok» желісінің белсенді қолданушысы, видео-трендтерден қалыспаушы Сабина Баймұратовадан сұрап көрген едік.
– Біріншіден, желі арқылы жаңа адамдармен танысуға болады. Яғни, өзіңе дос табасың. Екіншіден, өзіме өзге видеолардан мотивация, идея аламын. Үшіншіден, «ТіkТok» түсіру – менің хоббиім. Видеоны өңдеу, оны түсіру маған өте қатты ұнайды. Бір айта кететін жайт, өзге бағытта видео түсіретіндерге қарағанда, тура менің бағытымда видео түсіретін жастармен тіл табысу жеңілірек.
Нақтылай айтсам, «ТіkТok-та» бағыттар өте көп. Олар: өзгелерге пародия жасау, тағамның дайындалу әдісімен видео бөлісу (фудблогер), би-трендтерін түсіру, түрлі вайндар жүктеу, өз мамандығына, хоббиіне байланысты видеолар салу. Ал менің бағытым, тек би-трендтерін түсіру. Әр ай-апта сайын трендтер жаңаланып отырады. Солардан қалыспай, тура сондай би қимылдарын қайталап видео саламын. Алдағы уақытта инста-блогерлікті де қатар алып жүру ойымда бар. «ТіkТok-қа» салған билерімді инстаграм желісіне жүктеп отыратын боламын.
– Әр апта сайын тренд қимылдарын жаттау сабағыңа кері әсерін тигізіп, оқу үлгерімің нашарлап жүрген жоқ па? – деген сауалымызға Сабина:
– Иә, келісемін. Сабақ үлгерімім біраз нашарлады.Үй жұмысын жасағанша, 2-3 видео түсіріп «ТіkТok-қа» салуды артық көрдім. Бұл кемшілігімді түсінгеніммен қоя алмадым. Ата-анам ұялы телефонымды тартып алған кездер де болды. Бәріне себеп – уақытымды әлеуметтік-желіге жұмсайтындығым. Видеоларымды көп адам көрсе де, аз адам көрсе де жүктей беремін. Бір күні бәріне ұнап, танымалдылыққа ие боламын деп ойлаймын, – деген жауап қайтарды.
БҰДАН ТҮЙЕТІН ОЙ, заманауи трендтен қалмаймын деген жастар уақытын тек әлеуметтік желіге ғана жұмсамай, барлығына жеткізе білуі тиіс. Демек, қазір олар үшін маңызды болып табылатын білім алу, ата- анасына үй шаруасына көмектесу, болашақ бағытын табу, осы жолда талмай іздену сынды маңызды мәселелерге мейлінше мән бергені абзал. Тек қана «ТіkТok-ты» өміріне тірек еткен жасөспірім болашақта көп нәрседен құр қалары анық. Оның үстіне, «ТіkТok» арқылы қазақи әдеп, салт-дәстүріміз де шетке ысырылып, жастарымыз өзге елдің менталитетіне мойынсұнуда. Осы тұрғыдан алғанда «ТіkТok-тың» ұлтымызға берер пайдасынан зияны басымырақ. Сондықтан да замандастарыма бізге жат нәрсенің жетегінде кетпей, білім алуға арналған азғантай уақытты бағалап, бос өткізбеуге кеңес беремін.
Дильназ ОРАЛБЕКОВА,
№9 орта мектебінің
оқушысы
Талдықорған қаласы





