Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен селекторлық жиында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, тауарларды таңбалау және қадағалау мәселесі қаралды. Онлайн режимде өткен жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.
Үкімет отырысында Асқар Ұзақбайұлы:
– Халыққа жұмыстың нақты нәтижелері қажет. 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жойып, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді қамтамасыз етіп, барлық онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100 пайызға дейін арттыруымыз керек, – деп мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіруді тапсырды.
Жиын барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов баяндама жасап, осы мәселе бойынша елде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Өз кезегінде сөз алған Амандық Ғаббасұлы:
– Облыста мемлекеттік қызметтердің 170 түрі көрсетіледі. Бүгінге дейін 3,5 млн.қызмет көрсетілді. Оның ішінде электрондық түрде 2,9 млн.қағаз түрінде 470 мың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 96 мың. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 905 мың адамды қамтыған, 1100 іс-шара өткізілді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қорытындысы бойынша 2019 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бағытында облыс 7 критерий бойынша 78 балл жинап, екінші орынға ие болды, – деп мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерінің тұрақты бақылауда екенін айтты.
Аймақ басшысы жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электрондық форматқа көшірілетіндігін жеткізді. Бүгінде 28 мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру аяқталуда. Оның ішінде, Өңірлік геоақпараттық жүйе арқылы 16 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 10-ы жер қатынастары, 6-ы сәулет және қала құрылысы саласында.
Екінші мәселе бойынша Премьер-Министр: «Бизнес өндірілетін және сатылатын тауарлардың сапасын арттыруға, оның ішінде өз өнімдеріне таңба салуға мүдделі болуы тиіс. Таңбалаусыз шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі болмайды. Таңбалаудың болуы сатылымды, оның ішінде ЕАЭО-да сатуды кеңейтуге, өндірістің артуына, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ететін болады», – деп аталмыш мәселе бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Алматы облысы
Сурет — ғаламтордан





