Панфилов ауданының әкімі Марат Рахымбердіұлы Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен маңызды кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Жаркент маңында ауқымды «Орталық Азия трансшекаралық кешенді индустриалды паркі» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Сычуань Дэцай Инвест» компаниясы бастаған бірқатар қытайлық өндірістік кәсіпорындар бұл бастамаға үлкен қызығушылық танытуда.
Жоба аясында төмендегідей заманауи нысандарды құру жоспарлануда:
* Өндірістік цехтар;
* Қойма логистикасы мен салқындатылған қоймалар;
* Трансшекаралық сауда мен көтерме сауда базалары.
Бұл маңызды жоба өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, сауда-логистикалық әлеуетті арттыруға және аудан бюджетіне түсетін салық түсімдерін көбейтуге зор серпін бермек.
Жетісу облысында мұндай бағыттағы жұмыстардың тәжірибесі бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өндірістік кәсіпорындар мен логистикалық нысандар жұмыс істеп келеді. Бұл тәжірибе шекара маңындағы аумақтардың инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және халықаралық сауда байланыстарын дамыту тұрғысынан әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.





