Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп Үштөбе қаласы мен ауылдық округтерде «Сапалы жол» атты жоба шеңберінде тексеріс жүргізді.
Басты мақсат – тұрғындар талабы бойынша жаңа салынып жатқан жолдардың сапасын тексеру. Автомобиль жолдарының сапасына, жөнделуіне және күтіп ұсталуына қатысты азаматтардың жүгінуіне байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде «Сапалы жол – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсесі құрылған болатын. Осыған орай департамент өкілдері Үштөбе қаласы мен аудан округтеріндегі көше желілеріне автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасын тексеру мақсатында блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, мониторинг жүргізді.
– «Сапалы жол» жобасы аясында жолдың салынуына, қайта жаңғырту кезінде жолдың сапасына көңіл бөлінеді. Осы жоба аясында жол сапасын тексеру мақсатында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінен жылжымалы зертхана шақырдық. Олар көшелерге салынған асфальттің үлгісін алып, құрамын зерттейді. Стандартқа сәйкестігі тексеріледі. Егер заңбұзушылықтар орын алса, біздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті шаралар қолданады, – дейді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің аға офицері Гүлмира Валиева.
Біз Бастөбе ауылдық округіне қарасты Совхозная көшесіне жүргізілген тексеріске куә болдық. Бұл көшеге асфальт төсеу жұмысын «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр екен. Жалпы, аталған мердігер компания 16 көшенің орташа жұмыстарын жүргізу үшін ашық конкурстан 415315,387 теңге ұтып алып, «Қаратал аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесімен биыл 20 мамырда №24 келісімшартқа қол қойған болатын. Қазіргі таңда 16 көшенің жетеуі, атап айтқанда, Оян ауылындағы №1 шағын көшесі, Мұсанов, Шорабаев көшелері, Көкпекті ауылының Абай-1, Абай-2 көшелері, Бастөбе ауылының Гастелло, Тастөбе ауылының Абай көшелері және Жаңаталап ауылының № 1 шағын көшесі бойынша орташа жөндеу толығымен жүзеге асқан. Қазіргі таңда қалған көшелерге орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде.
«Сапалы жол» жобасы аясындағы тексеріске басты себеп – ауыл тұрғындарының жолдың сапасына байланысты әлеуметтік желілерде жазған талап-тілектері. Халық үніне құлақ асқан құзырлы орган өкілдері мердігер жол салып жатқан Совхозная және басқа да көшелердегі асфальт сапасын тексерді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің өкілдері жылжымалы зертхана құрылғысы арқылы асфальттің қалыңдығын, тығыздығын, құрамын зерттеу үшін сынама үлгі алды. «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дидар Омаров Бастөбе ауылдық округіне қарасты Совхозная көшесін 1 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отырғанын, жолға әлі бір қабат асфальт төселетінін жеткізді.
– Біз 8 көшені асфальттадық, енді сегіз көше қалды. Бізде бұған дейін, бізде ғана емес, барлық жол салатын мердігерлерде битумның жетіспеушілігіне байланысты мәселе туындады. Бұл факторларға біз әсер ете алмай жатырмыз. Биыл елімізде көп жол жөнделіп жатыр. Сондықтан, бұл мәселе Қазақстан бойынша орын алып отыр. Біз зауытқа бір ай бұрын ақшасын төлеп қойғанбыз, бірақ керекті материалды ала алмай жатырмыз. Жалпы, көшелерге асфальт төсеуді шілде айынан бастадық. Алдымен көшелерді тегістеу, негізін қалау жұмыстары жасалды. Біз жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауға тырысып жатырмыз. Бұған дейін бұл Совхозная көшесіне ірі тастары бар қабат салынды. Әрине, техниканың бұзылуына байланысты бір жеріне қалың, бір жеріне асфальт жұқа түскен. Жұрт осыған наразылығын білдіріп жатыр. Жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Бұл көшеге әлі бір қабат асфальт саламыз. Біз жолдың сапасына екі жыл кепілдік береміз. Сондықтан жол тез тозып, келер жылы қайта жасамас үшін барынша сапалы жасауға күш салудамыз, – дейді «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дидар Омаров.
– Жол салу жұмысының кешігіп жатқаны – асфальт шығаратын зауыттарда битумның жетіспеушілігінен. Мердігер компаниялар тарапынан сұраныстың көптігінен қажетті материал жетіспей жатыр. Әйтпесе, барлығы жобалық-сметалық құжат бойынша жасалу үстінде. Кейбір жерлерде асфальттің сапасына байланысты тұрғындар әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп жатады. Біз жол төсеп жатқан мердігерлерге жұрт тарапынан айтылған сын-ескертпелерді айтып, кемшіліктерді көрсетіп, олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс жүргіземіз. Смета бойынша қайта қарастырамыз. Сондықтан, барлық нысанда кеткен кемшіліктер жойылады. Қазіргі таңда көше жолдары бұрынғы деңгейінен әжептеуір көтеріліп, жол екені көрініп қалды. Асфальт төселген көшелерге ризашылығын білдіріп жатқан тұрғындар да бар. Біз әр мердігермен келісімшарт жасағанда жұмыстың уақытылы, сапалы аяқталуын жіті бақылаймыз, – дейді «Қаратал аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Самат Жарманов.
Иә, жұрт жолдың тақтайдай тегіс, барынша сапалы болғанын қалайды. «Жол азабын жүрген білер» демекші, әр аудан тұрғыны көшесінің асфальті ұзақ қызмет етсе екен дейді. Жаңа салынған жолдың бірер жылдан кейін ойдым-ойдым шұңқыр болғанын қаламайды. Сондықтан жұрттың талап-тілегі орынды.
Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы
Алматы облысы





