Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі қажет: мамандық таңдауда және жар таңдауда. Сондықтан, асқақ арманын аялаған, елін, жерін, тарихын сүйген жас талапкер үшін «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығын таңдаудың маңызы зор. Оның үстіне, осы мамандық бойынша болашақта магистратура және докторантурада білімін жалғастыруына болады.
Біздің «Археология, этнология және музеология» кафедрасынан студенттер өнертанушы, археолог және этнолог біліктілігін алып шығады. Жұмысқа орналасуы жүз пайыз. Білікті де білімді ұстаздар дәрісінің арқасында жыл сайын көптеген мамандар өмірде өз орнын табуда.
Қазіргі таңда мамандық таңдау – күрделі үрдіс. Көп оқушылар физика, математика пәндеріне грант көп бөлінгендіктен бағдарлы пән ретінде таңдап, тегін оқудың амалдарын қарастырады. Алайда өз қалауы бойынша көне жәдігерлерімізді зерттеумен, әртүрлі халықтардың шығу тегі, дәстүр-салты мен музейде ақпараттық танымдық экскурсия жүргізу істерімен айналысу өте қызық екенін ескерген жөн. Біздің кафедра республика бойынша ең алдыңғы қатардағы археолог, этнолог және музей ісі мамандарын дайындау арқылы танымал. Студенттер Ғылым ордасымен, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайымен, Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайымен, басқа да мекемелермен жұмыспен қамту бағытында тығыз байланыста тәжірибеден өтеді. Мұражай жәдігерлері ұлттық тарихтың дерегі, мемлекеттік қамқорлықтағы тарихи-мәдени ескерткіш болып табылады. Музей мұралары ұлт тарихын дәріптеуде, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде ерекше басымдыққа ие.
ҚазҰУ-дағы электронды кітапханада бір уақытта 270 оқырман желіні пайдалана алады және әр оқырман жеке құралдарын алып келуіне болады. Айта кетерлігі, электрондық кітапханада желімен қатар мультимедиялық және графикалық бағдарламалармен де жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігіне қол жеткізгіңіз келсе ҰБТ кезінде дүниежүзі тарихы мен география пәндерін таңдап, тарих және археология білім беру бағдарламасын белгілеңіз. Қалай десек те ҚазҰУ-мен мақтанамыз, тіпті, халыққа танымал болып жүрген азаматтарды біздің түлегіміз деп естігенде көңіліміз көтеріліп, бір марқайып қаламыз. Біз сол тұлғалардың отырған аудиториясында отырып, сол кісілерге сабақ берген ұстаздардан тәлім алып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Әлемдік дәрежедегі білім мен спорт сайыстарында топ жарып жүрген ҚазҰУ студенттері сол аға буынның жалғасы, біз де сол үрдіске ілессек ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі болмақ.
Г. МЕЙІРМАНОВА,
Қ. БАУДИЯРОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
доценттері, тарих ғылымдарының кандидаттары




