Алматы облысының полицейлері жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жол учаскелеріне талдау жүргізді. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
Алматы облысы әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, көлік апаттары жиі орын алатын жол учаскелерін арнайы құрылғылармен бақылап, жолдың сапасын тексеріп, көлік апаттарының орын алу себептерін анықтады.
— Талдықорғандағы Абылай хан көшесі арқылы қалаға кіреберіс аумақ тексерілді. Жолды бағалау жұмыстары арнайы қондырғымен жабдықталған автомобильде жүзеге асырылды. Мәліметтер 50-ден астам параметр бойынша әр 100 метр сайын жазылып отырды. Жол қауіпсіздігі деңгейі бойынша рейтинг жасалады. Рейтинг деңгейі төмен болса, оны жоғарылату бойынша тиісті инвестициялық жобаны аталған институт өкілдері әзірлеп, ұсынады, — деп хабарлады Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серікжан Әбжанов.
Автожолдарды бұл әдіспен тексеру тек қауіптілігі жоғары жерлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар, барлық жол учаскелерін толық талдауға, апат деңгейі төмен, ең қауіпсіз бөлімді қалай жақсартуға болатындығын бағалауға мүмкіндік береді.
— Біз жолдардың сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрамыз. Биыл жалпы қолданыстағы жолдарға 1694 тексеру жүргізілді. Жол жөндеу мекемелеріне тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою туралы 1705 нұсқама табыс етілді. Автокөлік жолдары мен жол құрылғыларын күтіп ұстау талаптарын орындамағандары үшін 218 жол мекемесі мен жауапты тұлғалары әкімшілік жауапқа тартылды, — деп толықтырды әкімшілік полиция өкілі Серікжан Әбжанов.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





