Талдықорғандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында облыс аумағын жоспарлаудың кешенді қалақұрылыстық сызбасы, ерекше қалақұрылыстық реттеу аймағындағы облыс аумағын жоспарлаудың кешенді қалақұрылыстық сызбасы, ерекше қалақұрылыстық реттеу аймағындағы 10 қалақұрылыстық торабының нақты жоспарлау жобасы, «Гейт Сити» серіктес қаласының «Қоянқұс» тұрғын ауданының эскиздік жобасын қарастыру сияқты ірі жобалардың таныстырылымы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, аталған жобалардың әрбірін жан-жақты тексеріп, олардың ел экономикасын өрлетуге, өңір тұрғындарының элеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсартуға қолайлы тұстарын көріп шықты.
Жобамен таныстырған облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы өкілдерінің айтуынша, облыс аумақтарының қалақұрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы бүгінгі күннің талабы мен келешекте атқарылуға тиісті жоспарлармен үйлесімді етіп жоспарланған. Кешенді сызбада 17 аудан, 3 қала, оларға қарасты 731 ауыл, 246 ауылдық округтің шегарасы толық көрсетілген. Сондай-ақ, 2045 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған кешенді сызбада облыс аумағындағы әлеуметтік-экономикалық, өндірістік-шаруашылық, табиғи-климаттық жағдай, халық санының 2050 жылға дейінгі көбеюіне дейін толық ескерілген.

Басқа саланы айтпағанның өзінде биыл облысымызда автокөлік жолдарын жөндеу, жаңарту, қайта салу бағытында өте ауқымды жобалар атқарылуда. Айталық, Алматы – Өскемен автожолы аясында Талдықорған қаласынан Үшаралға дейінгі жолды кеңейту және жаңадан салу жұмысы жүзеге асырылуда, облыстық бюджет есебінен облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде.
Мысалы, Талдықорғаннан Лепсіге дейінгі 160 шақырым жолды осыған жатқызуға болады. Жол салынған соң Балқаш көлінің шомылу аймағының инфрақұрылымын реттеудің кешенді жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Үшарал – Достық автожолы келесі жылы толық аяқталады. Ол Алакөлге баратын туристерге көптеген жеңілдік әкеледі. Облыс аумағын жоспарлаудың кешенді сызбасымен танысқан аймақ басшысы атқарылған жұмысқа көңілі толатынын жеткізді.
Облыс басшысының назарын аударған тағы бір жоба — «Гейт Сити» серіктес қаласының «Қоянқұс» тұрғын ауданының эскиздік жобасы еді. Оның орындалу барысы туралы облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Тәңірберген Дәркенбаев:
– Бүгінде «Гейт Сити» серіктес қаласының жобасы аясында «Қоянқұс» тұрғын ауданының жобасы ұсынылып отыр. Бұл жерге оннан астам көпқабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша және әлеуметтік нысандар салынады. Оның жұмысы алдағы желтоқсан айында ресми басталады. Жоба уақыты үш жылға жоспарланған, – деді.
Ағымдағы жылы облыстың сәулет және қалақұрылысы басқармасының тапсырысы бойынша Қарасай ауданы аумағының қалақұрылысы құжаттамасы әзірленіп, Іле және Талғар аудандарының Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі бас жоспары дайындалған. Сондай-ақ, жалпы ауданы 8117,5 гектар қала құрылысын ерекше реттеу аймағындағы 10 қала құрылысы тораптарының жобасын әзірлеу жұмысы да аяқталыпты. Жалпы, Алматы қаласының шекарасына іргелес жатқан аумақтың қалақұрылысын реттеу аймағы 35,6 мың гектарды құрап, 30 елді мекенді қамтып жатыр. Осы тұста ерекше қалақұрылыстық реттеу аймағындағы 10 қалақұрылыстық торабының жобасын дайындау барысында аймақтарға бөлуге, сәулет келбетін қалыптастыруға, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жобалық бағытына баса назар аударылған. Тіпті, Алматы қаласына жақын қоныстанған тұрғындардың әлеуметтік-мәдени тұрмысын жақсартуға да көңіл бөлінген. Аймақ басшысы бұл жобалардың да сапалы істелгенін атап кетті.
Жоба-жоспарлармен танысып шыққаннан кейін аймақ басшысы шараға қатысқан сала мамандарымен кездесу өткізіп, өз пікірін білдірді. Жалпы, істелген жұмысқа ризашылығын білдіріп, алдағы міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ, облыстық басқарма басшыларына бірінші кезекте қолға алынатын жобалардың ретін көрсетіп, оған қажетті қаржы мәселесіне көмектесетінін және қолдайтынын жеткізді.
Қажет АНДАС
Фото — Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Алматы облысы





