Қарашаның алғашқы дүйсенбісі қарадалалықтар үшін ғана емес, қазақ театр өнері үшін де есте қалып, күнтізбенің бір парағын еншілеген күнге айналды. Аудан өнерпаздарының басын біріктіріп ашқан өнердің қара шаңырағын «қазақ театры» үшін деп әсірелей әспеттеп жіберсем, сахнаның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, атағы алты атанға жүк болатын, алыс-жақын шетелдерді тамсандырып үлгерген мәртебелі актерлар қауымы ренжи қоймас. «Ел іші – өнер кеніші» екенін ескерсек, театр әлеміндегі мүйізі қарағайдай аға буынның бәрі сол айналып кетейін ауыл дейтін алтын бесікте тербетіліп өскендер.
Әлқисса, қазан айының соңғы сәрсенбісінде Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласына Аспантаудың аясынан өнер керуені келіп, құрылғанына 60 жыл болған, аумалы-төкпелі кезеңде жабылып қалып, арада 23 жыл өткенде қайта ашылған бұрынғы Нарынқол, қазіргі «Ханнтәңірі» халық театрының шымылдығын түріп, өшкен ошақ қайта жанып, жан дүниеміз жылынып сала берген.

Бірден айта кетейік, қос театрдағы қойылымының режиссері ғана емес, Аспантау мен Қарадаладан өнердің қос шаңырағы көтерілуіне себепкер болған — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев. Асқар Әбдіғалымұлы ұстазы, Халық әртісі Тұңғышбай Әл-Таразидің сонау жылдары, актер боламын деп арман қуып, алдына келгенде айтқан: «Театрға есеппен емес, ессіз ғашық сезіммен келгенде ғана жетістікке жетесіңдер», – деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырып алған. Оған осы қос театрдың ашылу барысында көз жетті, көңіл сүйсінді.
Бір қарағанда, қос өнер ошағының директорлығының да, көркемдік жетекшілігінің де жалақысын өзі алып, сол үшін жалаңдап жүргендей көрінуі мүмкін. Ақиқатына жүгінсеңіз мүлдем басқа Асқарды көресіз. Ұстазы айтқандай өнерге ғашық болған «ессіз» Асқарды көресіз. Қанша бара берсең де, пара бермесең ісің алға баспайтын қоғамда, қала мен ауылдың арасындағы қара жолды қара жаяу жүріп, табанын тоздырып, күнін оздырып, далақтап шапқылап жүру көркем шығармадағы кейіпкердің ғана қолынан келетін жанкештілік емес пе?! Артық қимылдасаң, ақысын сұрайтын заманда Асекеңдікі не қылған жанкештілік?
Сөйтсек, бұл ана құрсағында адам бейнесіне ұқсаған сәтінен дүрсілдеп қоя берген һәм өміріңіздің соңына дейін бір сәт қағысын тоқтатпайтын жүректің ісі екен. Хантәңірі театрын ашудағы мақсаты да сол.
Аз-кем еске сала кетейін. Өткен ғасырдың 64-ші жылынан өмірінің соңына дейін еңбек еткен ардақты әкесі Әбдіғалым мен аяулы анасы Рафияның өшпес ізі қалған, өзінің тұсауы кесілген халық театрын «болған еді» дегізіп, шаң басқан архивтердің сөресінде қалдырмай, ошағын қайта жағып, халқымен қайта қауыштыру еді. Жөн-ақ! Ал Қарадаладан театр ашу жұмыр басына қайдан келді десек, әке-шешесінің атын қайта жаңғыртып, шабыты тасып, ақылы асып тұрған сәтте алдындағы аға буынның бірауыз сөзі қамшылап жіберді.
Анығын айтсақ, Алматы, Жамбыл облыстарында бірнеше ауданды басқарған, облыстағы үлкен басқарманың тізгінін ұстап отырғанда құрметті демалысқа шыққан, қайбір ағаларымыздай қалада қалып қоймай, өзінің даласын, жай ғана емес, қасиетті Қарадаласын ойлап, сол жердегі елдің жайы, ұрпақтың қамымен туған халқының ішіне келген Ызғарбек Бектұрсынұлы кездесіп қалған сәттің бірінде Асекеңе ұсыныс айтып, сол өңірден де театр ашу керектігін жеткізеді. Ағалы-інілі екеуі аудан әкімі Шухрат Турдахунұлына барып, мән-жайды түсіндіріп, келісімін алып шыққаннан кейін Асқар ағамыз бірден іске кіріседі. Айналасы бір айдың ішінде Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасы желісімен Талдықорғанның төріндегі Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының сахнасында тұсауын кескізіп жіберді.

Ресми бөлімнен кейін Қарадала халық театры «Ескендір» поэмасымен шымылдығын ашты. Абайын таныған адамға бұл поэма да етене жақын. «Режиссер Асқар Наймантаев қай қырынан келер екен? Көрерменге не берер екен?» деген сыни көзқарастың болатыны да заңдылық. Қарадала жері де өнерден құралақан емес дегенімізбен театр әлемі алыстау екені анық. Бүтін бір поэманы жеткізу, ауыл өнерпаздарына оңай соқпайтыны да белгілі. Алғашқы шешімнен-ақ, көңіл алаңы басылды. Асқар Наймантаев бұл жолы да бірден шығармамен емес, автордың өзімен бастады.
Абай өскен ауыл, ағайын-туыс, дос-құрбы «Желсіз түнде жарық ай» әнімен сол дәуірге жетелеп әкетті. Сол сәтте Абайдың келуі, айнала қоршаған үлкен-кіші Абайдың өлеңдерін алма-кезек оқып, әуелі бізді ақын әлеміне енгізіп барып, «Ескендір» поэмасына өтеді. Әлемді жаулап алмақ болған Ескендір, оның жауынгерлерінің киімі кәсіби тетардағы актерлардың үстінен көріп жүрген киімдей. Басқа театрлардан сұрап алған шығар деген сауал да сумаң ете қалғанымен негізінде олай болмай шықты. Аудан жұрты театр ашылады дегенді естігенде әркім қолынан келетін көмегін аямай, әртістерге сақадай-сай дайындап беріпті. Жауынгерлердің қолындағы найза, қылыш, қалқан бәрі-бәрі ел-жұрттың ауызбірлігінің жемісі.
Қойылымда поэма бастан-аяқ пайдаланылмағанымен зерек көрерменге керек жерін кесіп алып, сыбаға ретінде ұсына білген. Қазіргі қоғамдағы менмендік, қанағатсыздық, ашкөздік, қаскөйлік осыдан бір ғасырдың ар жағында жазылған поэма арқылы көрсетілді. Шығарманың ұлылығы мен режиссердің шеберлігі үндесе келіп, аз уақыт ішінде санаға ой салар дүниені көрсете білді. Ал оны сахналаған аудандағы «Жазерке» және «Арзу» ансамблінің мүшелері мен жекелеген әнші-күйші өнерпаздар екенін ескерсек, аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылғанына көз жеткізесіз. Қойылым соңы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалинның «Қарадала» өлеңінен үзінді оқыла келе, Бақыт Беделханның жақында ғана шыққан «Қарадалам-ай» әнімен аяқталуы шынымен де сол бір қасиетті топырақтың қадірін арттырып жіберді.
.jpeg)
Соңында сөз алған Асқар Әбдіғалымұлы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хаты мен сенатор Дана Нұржігіттің құттықтау хатын және Халықаралық «Абай» қорының арнайы мерекелік төсбелгісін ел азаматы Ызғарбек Бектұрсынов пен ұлт қамы, ұрпақ ертеңі жолында көш бастап жүрген аудандағы аға буын Жәнет Керімқұловқа табыстады.
Айтып-айтпай не керек, «Қарадала» театры ашылып, көңіл бір сәт тасынып, рухымыз асқақтаған күн болды!
Жұматай ОСПАНҰЛЫ
Алматы облысы





