ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ Алматы облысына жұмыс сапарын Қапшағай қаласына қарасты ірі кәсіпорындарды аралаудан бастады. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ келген қонақтарды алдымен әлемге танымал брендтердің бірі — «Маревен Фуд» зауытының өндіріс жұмысымен таныстырды.
Алматы облысы әкімдігі мен трансұлттық компания арасындағы әріптестік аясында ашылған зауытқа 15,4 млрд.теңге шетел инвестициясы тартылған. Зауыт «Роллтон», «Bigbon» сауда белгісімен жылына 417 млн.дана тез дайындалатын кеспе өнімдерін шығарады. Өнімдердің 50 пайызы отандық нарыққа таратылып, сыртқа 50 пайызы экспортталады. Компания өндіріс ерекшелігіне орай жергілікті жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізіп, жаңа технологияны меңгеруді үйретіп маман қып шығарады. Бүгінде 500 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Министр бұдан әрі күн электр станциясына бет бұрды. Қуаты 100 МВт «Eneverse Kunkuat» ЖШС — облыстағы ірі инновациялық жоба. Аумағы 270 гектар жерді алып жатқан бұл жобаға 27,7 млрд.теңге инвестиция тартылған. Жоба бойынша электр станциясы жыл сайын 160 млн.кВт/сағ электр энергиясын өндіреді әрі ауаның ластануын азайтады. Мұнда бүгінде 12 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Қапшағай қаласындағы әлеуметтік нысандарды жөндеу мен құрылыс саласы бар, тағы да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтуда белсенділік танытып келеді.
— Облысқа әкім болып тағайындалғанда ең бірінші ірі бизнесмендерді жинап, оларға облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, оларды өңірді дамытуға атсалысуға шақырғанмын. Бұл жоба сол диалогымыздың нәтижесі деуге болады. Біз мұндағы 220 кВ жоғары вольтті желі құрылысына «Бизнестің жол картасы» шеңберінде қолдау көрсеттік. Компания электр қуатын өндірумен қатар Қапшағайда салынып жатқан жаңа үйлерден қаланың әлеуметтік осал топтарына 30 пәтер сатып әперді. Осындай бизнесмендерді біз әрдайым қолдаймыз, — деді А.Баталов.
Облыс әкімі министрге бүгінгі таңда осы сияқты трансұлттық компаниялардың қарқынды дамып жатқанын, 50 ірі инвестициялық жобаның 32-сі тікелей шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асып жатқанын айтты.
Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы





