Талдықорған қаласының іргесіндегі Өтенай ауылдық округінің аумағына орналасқан «Agropark Taldykorgan» егістік алқабында Талдықорған өңірінде күздік рапс өсіруге байланысты оқу-семинары өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен облыс, қала ауылшаруашылық басқармасы мен бөлімдерінің басшылары, жермен айналысатын шаруа қожалығының иелері, сортты тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтың өкілдері, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысып, салиқалы ой өрбітіп, тұқым себу жұмысына куә болды.
Аталмыш шара ашық аспан астында, егіс алқабында өткенімен де сақтық шаралары қатаң сақталды. Көпшілік егіс алқабының бір шетіне қатар-қатар тізілген жаңа техника мен шатырларға орналасқан тұқым сортын өсіретін шаруашылықтардың өнімімен аралық сақтай отырып, танысып шығуға мүмкіндік алды. Осыдан кейін оқу семинары басталды.
Семинарда облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев сөйлеп, аймағымыздың ауылшаруашылығы саласындағы үлкен жетістіктерінен жұртты хабардар етті. Сондай-ақ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Агеенко, белгілі қоғам қайраткері, меценат Сергей Терещенко, тағы да басқа азаматтар кезек-кезек сөз алып, бүгінгі шараның маңызды тұстарына тоқталды.
Жалпы, өңірімізде ауылшаруашылығы қарқынды дамуда. Әсіресе, шетелдік және отандық сортты тұқымдарды жерсіндіру нәтижесінде қызылша, жүгері, майбұршақ дақылдарының егіс көлемі ұлғайып, өнімділігі арта түскені анық. Аумағы 35 гектар жерді алып жатқан «Agropark Taldykorgan» егіс алқабының өзінде бүгінде қант қызылшасының 17, майбұршақтың 5, жүгерінің 15 сортты тұқымы жерсіндірілуде. Өткен жылдан бастап Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты рапстың жаңа тұқымын сынақтан өткізуді бастады.
– Биыл Алматы облысы бойынша мың гектарға, Жамбыл облысында 200 гектардың үстінде, Түркістан облысында 300 гектарға жуық алқапқа осы жаңа тұқымды егіп, сынақтан өткізбекпіз. Қазіргі уақыттағы ауа райының жағдайына қарай егіс жұмысын Талдықорған өңірінен бастап отырмыз, күз айы біткенше басқа өңірлерге жоспарланған жұмыс өз деңгейінде орындалады. Рапс егудің бірнеше тәсілі бар. Талдықорған өңірінің топырақ қабатының ерекшелігіне сай алдымен жерді жыртып, тегістеп, тұқым сіңіру әдісін таңдап алдық. Жерді жыртпай-ақ тікелей тұқым сіңіретін тәсіл де бар. Оны өзге өңірлердің жағдайына қарай қолданамыз, – дейді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мал азығы және майлы дақылдар бөлімінің меңгерушісі Серік Абаев.
Егер рапс күзді күннің қоңыр салқын ауа райы жағдайында өсіп, күш алса, көктемде оны баптауға көп шығын кетпейді. Дәнінің майлылығы 45,6 пайыз, қалған бөлігі мен өсімдік сабағын мал азығы ретінде пайдаланады.
Жалпы, рапс тиімді егіс дақылы санатында. Оған аз қаржы жұмсап, көп пайдаға кенелуге болады. Мамандардың айтуынша, бір гектар рапс алқабына тұқымы, жер жырту құны, баптау, суғару, дәрі-дәрмегі, жанар-жағармай, тағы да басқа шығындарын қоса есептегенде 100 мың теңге айналасында қаражат жұмсалады. Бүгінде оның бір килограмы 270 теңге айналасында сатылады. Суармалы жерде гектарынан 3,5 тонна, суарылмайтын жерде 2-2,5 тонна өнім алынады. Шаруалар өнімін «қайда сатамын?» деп те бас қатырмайды. «Талдықорған» индустриалды аймағындағы тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс дәнін өңдейтін «Агрокомплекс Жетісу МаЖиКо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты қанша өнім болса да алуға ниетті.
Қажет АНДАС




