Биыл қазақ елі ғаламдық өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос перзенті: әлемнің екінші ұстазы атанған – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен поэзия пайғамбары Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толу мерейтойларын халықаралық дәрежеде атап өтуге тиіс болатын. Дүниені дүрліктірген тәжді тажал ол жоспарымызды толыққанды жүзеге асыруға тосқауыл болғаны рас. Алайда, осы бір мерекелік шаралардың көлеңкесінде еліміз үшін тағдыршешті маңызға ие болған тағы бір оқиға ескерусіз қалып бара жатқандай. Атап айтқанда, осыдан тура 100 жыл бұрын – 1920 жылдың 17-ші тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Лениннің төрағалығымен өткен отырыста «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің территориясы мен шекарасы» мәселесі қаралып, аса тартысты өткен келіссөздерден кейін қазіргі Қазақстанның аумағы негізінен бекітілген болатын.
ТАРИХ-ТАНЫМ
Адамзат атаулы пайда болғаннан бері әлемге әмірін жүргізіп, аяғында құрдымға кеткен алпауыт мемлекеттер жайлы білеріміз аз емес. Әріге бармай-ақ, біздің Ұлы Далада дәурен құрып, Еуразия құрлығын дәргейіне келтірген Ғұн империясы, төрт тарапқа әмірін жүргізген Түркі қағанаты, аралықтарында ірге бекітіп, сыртқы және ішкі текетірестердің салдарынан келмеске кеткен Түргеш, Қарлұқ, Қимақ қағанаттары, Еуропада халықтардың ұлы қоныс аударуына түрткі болған Дешті Қыпшақ мемлекеті, Тоғыз-оғыз құрылымы мен оларды тарих көшіне аттандырған Қидан және Таң патшалықтары, Ұлы қаған – Шыңғыс хан бекіткен Еке Моғұл ұлысы, оның ұрпақтары сан ғасыр салтанат құрған Алтын Орда мемлекеті мен алып империяның ыдырауы салдарынан дүниеге келген Көк орда, кейіннен Қазақ хандығы ұлы мәртебелі уақыттың алдында адамдардың дәрменсіз екендігін есімізге салады. Бірде ірі мемлекет ретінде ірге жайып, қисапсыз соғыстардың салдарынан мүлдем жойылып тынған немесе өзге жұрттардың құрамына жұтылып кеткен ұлттар мен ұлыстар қаншама? Өмір мен өлім арасындағы арпалысқа сан түсіп, ХХI ғасырға әупірімдеп аман жеткен сол ұлы жұрттың сарқыты бүгінгі қазақ елі екендігінде дау жоқ.
Алайда, бүгінгі біздің айтарымыз – шапқыншылық пен жаугершіліктің нәтижесінде қолдан-қолға өтіп келген осынау қасиетті мекен – Қазақ жерінің бүгінгі шегарасы қалай белгіленді, оны кімдер анықтап, ұрпағына аманаттады деген сауалға жауап қайтару тұрғысында болмақ. Алдымен айтарымыз – орыс отаршылары өздері жаулап алған жерлердің барлығын Ресей империясының меншігі ретінде қарастырып келді. Қазан революциясынан кейін билікке келген большевиктердің ұлттық саясаты Ресей құрамындағы халықтар үшін оңтайлы болғанын айта кету керек.
Елдегі азамат соғысы аяқталар тұста «ұлы орыстық шовинизм» ауруына шалдыға қоймаған Владимир Ильич Ленин бастаған жұмысшы мен шаруалар өкіметінің билігі ұлттардың өзін-өзі басқаруы, Ресей құрамынан шығу еркіндігін жария еткен болатын. Осы ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланған «Алаш» партиясының жетекшілері ежелгі қазақ жерінің шегарасын анықтап, ресми бекітіп алуға күш салады. Бүкіл ғұмырын қазақ елінің болашағы үшін сарп еткен Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сынды ел ардақтылары осы тағдыршешті мәселені шешуді Әлімхан Ермековке тапсырған болатын.
ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ КІМ ЕДІ?
Иә, жұртының тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы жолында жан аямай күрескен Алаш арыстары халқымыз үшін аса маңызды жер аумағы мен ел шегарасы жайындағы жұмысты сеніп тапсырған Әлімхан кім еді? Енді соған келейік.
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Бөріктас деген жерінде дүниеге келді. Аталары Абылай хан бастаған азаттық жорықтарына қатысып, жаужүрек батыр атанса, әкесі Әбеу де халыққа қадірлі, орысша сауаты бар, өз дәуірінің зиялылары қатарында саналған екен. Әлімханды бала кезінен Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға беріп, ерте кезден сауат ашуына мүмкіндік туғызады. Оны үздік бітіріп шыққан аса алғыр әрі зейінді Әлімхан Семейдегі ерлер гимназиясын алтын медальмен тамамдап, Томск технология институтының тау-кен факультетіне бірден қабылданады.
Жас Әлімханның жан-жақты білім алып қана қоймай, сонымен қатар саяси шыңдалып өсуіне Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Николаевич Потанинмен танысып, араласуы үлкен ықпал еткені белгілі. Ол: «Әлімхан, сенің білімің – ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт!» – деп оған үлкен үміт артқан. Әлімхан өзінің автобиографиясында қазақ және орыс тілімен қатар ағылшын, неміс, француз, итальян және латын тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алатынын көрсетеді.
Патша өкіметі құлағаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдайды айқындап, алда не істеу керектігін шешіп алу үшін жер-жерлерде қазақтардың құрылтайы өтіп жатқан. Осы оқиғалардан тысқары қалуды жөн деп таппаған Ә.Ермеков 1917 жылдың 27-ші сәуірі мен 7-ші мамыры аралығында Семейде өткен қазақ съезіне қатысады. Онда ол съезд президиумының хатшылығына, соңынан Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайланады. Сонымен бірге, Әлімхан Халел Ғаббасов екеуі Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі.
1917 жылдың 8-17 қазан аралығында өткен бірінші Сібір облыстық съезіне қатысып, Семей облысы атынан оның президиумы құрамына енгізіледі. Осы жиында Сібір автономиясының негізгі заңын жазатын комитет құрылып, оған қазақ делегаттары атынан Ә.Ермековтің енгізілгені де оның білім-білігіне берілген баға болса керек.
Осындай көптеген саяси шараларға қатысып, шыңдалудан өткен жан-жақты дарын иесі Әлімхан Ермековтің желтоқсан айында өткен жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтуін заңдылық деп қабылдау керек. Сонымен бірге, ол «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі болып сайланады. Бұл – туған халқының азаттығы жолындағы күрестің бастауы ғана болатын.
ЖЕР ҮШІН ЖАНТАЛАС
Жер – елдіктің белгісі, ол халық бірлігінің, оның тұтастығының көрінісі. Жерден айрылу – елдік мәртебеден айрылу деген сөз!.. Қырревкомның 1920 жылғы маусымдағы Қырғыз (Қазақ) кеңестік автономиясын құру туралы жобаға байланысты РКФСР Ұлт істері Халық комиссариатына «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің территориясы мен шекарасы» деген құжат ұсынылады. Олар қазақтың байырғы жерлерін бір ғана қазақ автономиясына беру мүмкін еместігін, бұлай істеу тек буржуазияшыл ұлтшылдардың күшеюі мен билігінің кеңеюіне әкеліп соқтыратынын алға тартқан болатын. Сондықтан құжаттың авторлары Қазақ республикасынан Орал облысының Гурьев, Лбищенск және Орал уездерін, Торғай облысынан Қостанай уезін, Ақмола облысының Петропавл, Омбы, Көкшетау уездерін мүлдем шығарып тастауды ұсынды. Алдын ала ойластырылған осы маңызды жұмыспен айналысу үшін облыстардан уәкілдер Орынбор қаласына шақырыла бастайды. Солардың арасында қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі, еліміздің тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен «Алаш» партиясының өкілі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, белгілі ағартушы Әлімхан Ермеков та бар болатын.
Ол кезде Орынбор қаласы – Қырәскериревкомның және енді ұйымдаса бастаған республиканың орталығы болатын. Мұның алдында, яғни 1920 жылдың 4 маусымында Орынбор губерниялық атқару комитетінің келісімімен Қазақстанға қосу туралы шешім қабылданғанын айта кету керек. Ал, 1920 жылдың 7-ші шілдесінде Орынбор мен Торғай губерниялары біріктіріліп, Қазақстанның құрамындағы бір губерния болып бекітіледі.
Ә.Ермеков Орынборда Ертіс пен Жайық өзендері бойындағы алқаптарды оны әлімсақтан бері иеленіп келе жатқан қазақтарға қайтару жөнінде, әзірге, қазақтар жерге орналасқанша орталық аймақтардан көшіп-қонуды тоқтата тұру туралы маңызды ұсыныс жасайды. Мәскеуге келгеннен кейін Қырревкомның өзге мүшелерімен араласа жүріп, Ермеков өзін іскер, алғыр, жан-жақты білімді, мәдениетті қайраткер ретінде көрсетеді. Соның нәтижесінде көп ұзамай Қырревком мүшесі әрі коллегия төрағасы болып сайланады.
1920 жылдың 9-10 тамызында Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Төралқасы жанында барлық мүдделі мекемелер мен ведомстволардың жиыны болып, онда Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқаруға байланысты оның Ресей Федерациясымен шегарасы және өзара қатынастары туралы мәселе талқыланғаны белгілі. Жиынға Қырревкомнан С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский, Қазақстанның облыс орталықтарынан – С.Милютин, Д.Темірәлиев, Ә. Ермеков, Оразаев, РКФСР Ұлт Істері Халық Коммисариатының көмекшісі, Турккомиссариаты Орталық комитетінің мүшелері Г.Сафаров, Т.Рысқұлов және өзге де танымал тұлғалар қатысқан еді. Алайда, екі күнге созылған бұл мәжілісте болашақ Қазақ автономиясының территориясы мәселесі бойынша тиянақты шешім болмады. Ақырында 14-ші тамызда Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасын құру және оның шегарасын белгілеуге байланысты мәселені 17 тамызда В.И. Лениннің төрағалығымен өтетін БОАК мен ХКК-нің бірлескен отырысында талқыға салу жайлы шешім қабылданады. Осыған байланысты Ә.Ермеков Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шегарасын белгілеу бойынша Халық Комиссарлары кеңесінің мәжілісіне дайындалады. Бұл мәжіліс 1920 жылдың 17-ші тамызында Мәскеу қаласында өткен болатын.
Бұрындары В.Ленинмен телефон арқылы сөйлесіп (1918 ж. наурыз) таныс болған Ә.Ермеков енді оның алдында баяндама жасауға мүмкіндік алады. Бұл жиында бірінші болып Кеңестік Түркістан республикасында, әсіресе Жетісу өлкесінде жер реформасын жүргізу туралы белгілі коммунист Г.Сафаров баяндама жасаған. Ол патша өкіметінің отаршылдық саясаты тұсында, әсіресе Столыпиннің басқыншылық, озбырлық саясаты кезінде қазақтың өзен-көлдерінің жағасындағы шұрайлы жерлерін, жайқалған орман-тоғайлар мен құнарлы, қаратопырақты егістіктерін өздеріне қайтарып, ондағы орыс кулактарын көшіру қажеттігін алға тартқан болатын.
Сафаровтан кейін сөз алған Ермеков өз баяндамасында Қазақ өлкесінің жалпы жағдайына кеңінен тоқталады. Каспий теңізінің теріскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақырымға, Нарын құмына дейін созылған, шаруашылыққа тиімді шығанақ-бұғаздың орыс помещиктеріне зорлықпен әперілгенін және Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағынан он шақырымнан қатарластыра кесіп алып, Сібір казак-орыстарына таратып берген жерлерді Қазақ республикасына қайтару керектігін баса айтады. Каспий – Атырау жағасындағы Астрахань жақ алаптағы бұғаз-шығанаққа тоқталып, осы аймақты Қазақ автономиясына қосу мәселесін көтергенде бұл ұсынысқа партияның көрнекті қайраткерлері Ш.Элиава, Н.Брюханов, Н.Крестинский, Астрахань губаткомының төрағасы ашық қарсы шығады. Бұл жерлерді қалайда Ресей құрамында қалдыруды көздеген олар: «Қазір Ресейде аштық әлі қабынып тұр. Атыраудың балығы – Мәскеуге, Петроградқа қажетті азық-түлік. Сондықтан бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек!» – деп негіздейді. Ә.Ермеков болса: «…аймақта тұратын халықтың көпшілігі – қазақтар. Бұлардың негізгі кәсіптерінің бірі – балық аулау. Табыс табу үшін бұрын жалданып жұмыс жасайтын олар бұл жағалау өздерінің иеліктеріне көшсе, орталыққа беретін өнімді екі-үш есеге дейін арттырады!» – деп тұжырымдайды.
Осы тұста даулы мәселені біржола шешу үшін Ленин Астрахань губерниялық атқару комитетінің төрағасынан:
– Кәне, сіз айтыңызшы, Каспийдің осы теріскей жағасындағы бұғазда тұратын халықтың көпшілігі қазақ па, орыс па? – деп сұрайды.
– Владимир Ильич, қолымда дәлме-дәл санақ мәліметтері жоқ еді… – деп екіұштылау жауап береді ол.
– Жоқ, бізге дәлме-дәл санақ керек емес. Сіз шамамен осы жағалаудағы ел-жұрттың қайсысы көп, қайсысы аз екенін айтыңыз?! – деп нығырлай түседі. Астрахань өкілі мұндағы тұрғындардың көпшілігі қазақ екенін мойындағаннан кейін пролитариат көсемі:
– Онда бұл мәселені дауысқа қоямын! – деп Атыраудың осынау жағалауын Қазақ автономиясына қайтарып беруді ұсынған екен.
Осы отырыста Каспийдің солтүстік жағалауына қазақты қайта қоныстандыру мәселесі қойылып, Ертіс өзенінің бойындағы ұлан-ғайыр жер, Семей, Ақмола губернияларын қайтару талап етіледі. Бұл маңызды мәселеде жеңілу – қазақ жерін тілгілеумен пара-пар болатын. Өзінің шешендігімен, асқан білімділігімен өзгелердің мысын басып, дәлелді дәйектерді келтіре отырып сөз таластырған Әлімхан Әбеуұлының қабілетіне Лениннің өзі риза болғанын байқаймыз.
Осы мәжіліске қатысып отырған Әлихан Бөкейханов сыртқа шыққаннан кейін Әлімханға: «Мен сен сөйлеп тұрғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай күй кештім. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды!» – деген екен ризашылығын білдіріп. Сол кездегі Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та естеліктерінің бірінде: «Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау қазақ жігіті жалындай шарпып, аса құзырлы сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның назарын еріксіз өзіне аударды», – деп жазады.
Қазақ делегациясы үшін аса табысты болған осы отырыс жайлы Әлімхан Әбеуұлының өзі: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Делегация құрамы менің қолымды алып, құттықтап жатты. Қарасам, Әлихан Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстан делегациясының құрамында 15-тей адам бар болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ғана төбе көрсетті. Біз:
– Сталинге кіру үшін сізді күтіп тұрмыз?» – дедік. Әлекең бізге қарап:
– Сталин не шешер дейсің? Оның иә білім, иә ойы көлемді емес. Қанша бір жетіскен жоба бар дейсің? Олай жасағанша өзіміз жеке шешкеніміз дұрыс! – деп кеудесін асқақ ұстап жүріп кетті. Кейін білгеніміздей, Әлекең Ленинге белгіленген шегараны тезірек бекітіп беру жайында өтініш айтып, оның қолдауын алып шыққан екен», – деп жазады.
Ал, мәжілістің қорытындысын тағатсыздана күтіп отырған Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынов: «Біздің Әлімханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау сақау адвокаты Владимир Ульянов адамзаттың төресі екен!», – депті деген лепес ел арасында көпке дейін айтылып жүріпті.
Осылайша, сиясы кеппеген қазақ жерінің жобасы негізінде 1920 жылдың 26 тамызы күні Владимир Ильич Лениннің қол қоюымен Қазақ АСР-ін құру жөнінде көп күттірген декрет жарияланған болатын.
…Одан бері де қазақ жеріне сұғын қадаған жайлар аз болған жоқ. Әсіресе, Н.Хрущевтің кезінде жерімізді бөлшектеп, таратып жіберуді көздеген жобалардың қолға алынғаны жасырын емес. Соның нәтижесінде 15 пайыз жеріміз, атап айтқанда Қарақалпақ автономиясы мен Шыршық ауданы – Өзбекстанға, Елек пен Алтайдың Жазатыр қырқасы – Ресейге беріліп кете барған. Соған қарамастан Қазақстан бүгіндері жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет ретінде мойындалып отыр.
Бұл, ең алдымен, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш арыстарының жанқиярлық ерлігі мен білім-білігінің арқасында мүмкін болғанын кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек!
АЛАШТЫҢ СОҢҒЫ КӨЗІ
«Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі мүшелерінің кейіннен жаппай қудалауға ұшырап, бірді-екілісі болмаса түгелдей қызыл қырғынның құрбаны болғаны тарихтан белгілі. Бұл нәубеттен Әлімхан Ермеков те тыс қалмаған. Қазақ елінің шаруашылық жайын қалыптастырып, ағарту жұмысымен белсенді түрде айналысқан ол Қарқаралыда мектеп ашып, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқиды. «Ұлы математика курсы», «Қазақ тілінің математика терминдері» атты оқулық кітаптарын да шығарған Ә.Ермековтің қазақтан тұңғыш болып математика ғылымының докторы, профессор атағын алғаны өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен бірге, нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала – Халық шарушылығын жоспарлау комитетінде және өзге де жауапты мемлекеттік қызметтерді табысты атқарғанын көреміз. Соған қарамастан Әлімханның былайғы тағдыры қуғын-сүргінмен өткен екен.
Ол жайлы Әлекеңнің өзі: «Бұрын аз уақыт Алашта болған бізге жабылмаған жала жоқ! Қазақстанның бір түкпірінде әлдекім бұзақылық жасаса да, Қарақұмда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Бақтыда, Бақанаста ашыққан жұрт ереуілдеп атқа қонса да, Жетісу жұрты Қытайға көшсе де, бір ауылда колхоз малы ұрланса да, тіпті біреу әмеңгерлік жолмен қос қатын алса да, газет-журналдарда бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, соның бәрін бізден көре бастады!» – деп жазды. Сол қызыл саясаттың тегеурінімен алдымен 1930 жылы қамауға алынып, Алаш зиялыларының көмегімен Мұхтар Әуезов екеуі босап шығады. Алайда көп ұзамай «халық жауы» деген айып арқалап, 1939 – 1947 жылдар аралығында абақтыға тоғытылған екен. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен қайта ұсталып, 1958 жылы ғана ақталып, елге оралады. Осылайша, қазақтың бағына біткен біртуар ұлы өмірінің 18 жылын түрмеде өткізеді.
1957 жылы толық ақталғаны жөнінде ресми құжатқа қол жеткізген Әлімхан Әбеуұлы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін осында дәріс оқыған екен.
Қазақтың болашағы үшін жанын шүберекке түйе жүріп күрескен «Алаш» партиясының соңғы көзі, аса білімді әрі зиялы Әлімхан Ермеков 1970 жылы өмірден озады. Сол кезде елімізде ешкім қара жамылмады. Қаралы митинг те өткізілген жоқ. Алаштың бағына туған ардақты азамат атаусыз, үнсіз жер қойнына тапсырылды да, көп ұзамай ұмыт болды. Осы бір тарихи әділетсіздікті түзейтін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Сурет — ғаламтордан





