«Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында Кеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен Тасашы және Ұзынбұлақ ауылдық Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілуде.
Тасашы ауылындағы екі қабатты шағын ғана өнер ғимаратының есік-терезелерінің бәрі ауыстырылыпты. Қажетті жеріне жер сілкінісіне төзімді әрі сенімді болу мақсатында қалың темірден тіреуіштер орнатылған. Сырты қалың қаптамамен қапталып, сылануда. Оған бюджеттен 212333 мың теңге қаражат бөлініпті. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Энерго Строй Проект» ЖШС жүргізіп жатыр.
– Маусым айынан бері жұмыс жүріп жатыр. Қажетті материалдардың бәрі жеткілікті. 17 адам еңбек етуде. Олардың дені осы ауылдың азаматтары. Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысын қазан айына дейін бітіріп, пайдалануға беруді көздеп отырмыз, – дейді учаскенің бригадирі Жағыппар Жиенбаев.
Рас, ұзақ жылдардан өңі қашып, босқа тұрған Мәдениет үйінің тамырына қан жүгіре бастаған. Мұнда Мұқаметжан Оразалы, Дүйсен Ералы (суретте) секілді өз ісін жақсы білетін құрылысшы жігіттер аз емес.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Алматы облысы





