Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айқындаған дағдарысқа қарсы шараларға Талдықорған қалалық мәслихат депуттары толықтай қолдау білдіруде.
Өкпесі қабынған науқастарға жасанды тыныс алу құрылғылары аса қажет. Сырқат саны көбейген сайын оттегі аппараттарына сұраныс та артып келеді. Осындай қиын кезеңде халық қалаулылары облыстық ауруханаға жеті оттегі концентраторын сыйға тартты.
Облыстық ауруханада қазір 60-тан аса оттегі аппараты бар. Барлығы да жомарт жандар мен қоғамдық ұйымдардың, депутаттардың қолдауымен алынған. Дәрігерлер бұл құрылғы науқастардың жасанды дем алуына жақсы көмектесіп жатқанын айтып, қайырымды азаматтарға алғыстарын білдіруде.
Осы уақытқа дейін қалалық мәслихат депутаттары аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және зейнеткерлерге көмек беріп, қайырымдылық істерін белсенді жүзеге асырды. Бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
– Елдегі жағдай ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Замандастарымыздың бауырмалдығы, бірлігі мен берекесі осындай сын сағатта сыналатынын ұмытпауымыз керек. «Біз біргеміз» деген бастама бойынша қанашама игі іс атқарылды. Қайырымдылық шарасының басында ынтымақ, бірлік тұрғанын ұмытпауымыз керек. Қиындықты бірлесе ғана жеңетініміз анық. Олай болса, бұл игі шараға барша қазақстандық атсалысса деймін. Талдықорған қалалық мәслихат депутаттарының бастамасымен қолға алынған қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді игі істің басы-қасында жүрген қалалық мәслихат хатшысы Ахажан Темірболат.
Данияр ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ
Талдықорған қаласы





