Мал өсіруді қолға алған Сағынай Оңалбаев бүгінде өздері жем-шөп дайындап, өсімдік шаруашылығына бет бұрған. Осы бағытта алдағы бес жылда Қарой ауылдық округінің фермері техника мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр.
Шаруаның иелігіндегі тракторлар мен көліктің тіркемелері өз пайдасын тигізіп отыр. Бұл, біріншіден, фермерді техниканы жалға алудан босатса, екіншіден, толықтыратын көліктер саны азайды деген сөз.
Бірінші кезекте Сағынай Оңалбаев пен ұлы Жарас қоршалған жемшөп қоймасын көрсетті. Ол жерде былтырғы егін жинаудан қалған қомақты жемшөп қоры сақтаулы тұр. Қойманың жанында маяшы Боранбай пішеннің жаңа орамдарын кіргізіп жатты. Алаңда жемшөп тиелген «КамАЗ» да өз кезегін күтіп тұр.
– Науқаннан жалпы көлемі 1000 орама жиналады деп жоспарлап отырмыз. Бұл қой, сиыр, жылқыны қыстан аман-есен шығарғанға артығымен жетеді. Біздің келесі нысанымыз – 25 гектарды құрайтын алқап. Ол Н.Тілендиев ауылынан кейін, Қарой – Өтеген батыр тасжолының сол жағында орналасқан, – деген шаруаның айтуынша, олар аталмыш алқапқа арпа еккен. Ауа райының қолайлы болуына байланысты мұнда егін бітік шығыпты. Әр гектарынан 13 центнерден өнім алған.
Қазіргі таңда Сағынай Әлімұлы мен оның ізін жалғастырушы кіші ұлы Жарас агрономия мен егіншіліктің негіздерін меңгеру үстінде.
Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ.
Іле ауданы





