Әлемді дүрліктірген індеттің елімізде де өршуіне байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа жұмыс форматына көшті. Осыған орай елге қалтқысыз қызмет ететін мекемедегі жұмыстың жай-жапсарын білу мақсатында өңіріміздегі орталыққа кіріп шықтық.
Мекеменің ішінде санитарлық тазалық сақталған. Арнайы антисептиктер орнатылған. Кезекке тұрғандардың арақашықтықты сақтауы және бетперде тағуы қатаң бақылануда. Індеттің салдарынан орталықта бұрын-соңды көрсетілген қызмет түрлері қысқартылған. Қағаз жүзінде 106 қызмет көрсетіледі екен. Қалған керекті құжаттарды халықтың сандық электрондық қолтаңбасы немесе бір реттік құпиясөз арқылы үйде отырып-ақ алуға болады. Сонымен қатар, халық көп баратын жерлерге 28 үкіметтік орталық ашылған.
Егер ХҚКО-дан керекті құжатыңызды алғыңыз келсе «Электронды үкімет» порталы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы кезек уақытын алдын ала брондайсыз. Жұмысыңызға қарай қандай құжат алып келетініңіз порталда жазылып тұрады. Яғни ешқандай қағаз шығармай-ақ өзіңізге керек құжатты алып кетесіз.
Онлайн кезектің тиімділігі туралы қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Талғат Бейбіт:
– Онлайн кезекке тұрған әр адам өз уақытын үнемдейді. Мәселен, кезегі сағат 9.00-ге келсе, небәрі 15 минуттың ішінде керекті құжатын алып кетеді. Орталықтан күніне 200-ге жуық адам қызмет, 400-ге жуық адам кеңес алады. Бүгінде мекемеге куәлігін ауыстыру, зейнетке шығу бойынша көп адамдар өтініш білдіруде. 82 маман жұртшылыққа барынша сапалы қызмет көрсетеді. Брондық қызмет алатын жандар мекеменің жұмысына дән риза, ешқандай арыз-шағым түспеді, – деді.
Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар электронды қызметтерді ХҚКО-дағы арнайы жеңілдік терезесінен алады. Десе де олар да алдын ала кезекке тұруы керек. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар 1414 нөмірі арқылы үйіне шақырту жасай алады. Қызметкерлер 56 сағат ішінде үйіне барып көмек көрсетеді. Электронды порталды қалай қолдану керектігін білу үшін орталыққа қоңырау көп түседі екен. Ең бастысы, мекеме қызметкерлері дер кезінде жауап беріп, жұмыстарын тыңғылықты атқаруда.
Айдар ҚАЛИЕВ





