Зылиха Тамшыбай ауылындағы тозығы жеткен Мәдениет үйіне іргетасы қаланғалы бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Рухани ордада мәдениет залымен қатар кітапхана, спорт залы орналасқан. Енді, міне, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Монолит» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта есік, терезе, қабырға, еденді демонтаждау жұмыстары қолға алынған. Алдағы аптада шатыры да ауысып, ішінен жылыландырылмақ. Жөндеу жұмыстарының барысымен участок басшысы Жарылқасын Қисықбаев таныстырып:
– Демонтаж жұмыстарынан кейін ғимаратты өңдеуге кірісеміз. Сондай-ақ, Мәдениет үйінің сыртқы келбеті де ескерусіз қалмайды. Линеарлық панельді қолдана отырып, жаңаша өң беруге тырысамыз. Одан бөлек, абаттандыру жұмыстарын жасай отырып, алаңға сахна орналастыру жағын да ойластырудамыз, – деді.
Рухани орданы қайта жөндеу жұмыстарына 40 адам тартылған. Барлығы жұмыспен қамту орталығы арқылы келген ауыл азаматтары. Ең төменгі айлық мөлшері 85 мың теңгені құрайды.
– Маған орталықтан хабарласып, жұмысқа шақырған кезде қатты қуандым. Өйткені, дәл қазіргі қысыл-таяң уақытта қаражат қажет. Айлығы мен жағдайы да жақсы. Ең бастысы біз өзіміздің туған ауылымызға пайдамызды тигізудеміз. Мәдениет үйінде өз кезінде ата-анамыз бос уақытын өткізсе, аз уақыт біз де жаңа ғимаратқа жиі келеміз деген сенімдемін, – деген жалдамалы жұмысшы Фархат Мансапбеков өз пікірімен бөлісті.
Күрделі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталып, ғимарат қолданысқа беріледі. Құрылыстан соң ғимарат ішінде теннис, бокс, күрес сынды спорт секциялары мен жаттығу залы да ашылады.
Еңлік МАРҚАБЕКҚЫЗЫ
Көксу ауданы




