Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің елімізде де белең алып жатқаны баршаға мәлім. Күн өткен сайын бұл дертке шалдыққан адамдар саны көбейіп келеді. Осы орайда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ел азаматтарына карантин шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтқан болатын. Себебі, адам өмірі мен денсаулығы еліміздің ең басты құндылығы саналады.
Осы орайда өңірдегі тұрғындар қауіпсіздігін сақтау және әлеуметтік қолжетімді тауарлар бағасының тұрақтылығын бақылау мақсатында аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов аудандық штаб мүшелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудан орталығы Бақанас ауылындағы дүкендерді аралады.
Тауарлардың тұрақты бағасының сақталуы және сақтық шараларын бақылау мақсатында аудан басшысы дүкенге келген азаматтарға бетперде тағу керектігін және медициналық қолғап киіп жүру қажеттігін түсіндіріп, дүкен ішінде антисептикалық заттардың тұрғанына да мониторинг жасады және өңір халқына сақтық шараларын ұстану керектігін айтты.
Елімізде карантин режимі қатаң түрде сақталып жатқан сәтте аудан тұрғындарының да сақтық шараларын ұстанғаны абзал. Сонымен қоса, тек өз денсаулығымызға ғана емес, жақындарымыздың да денінің сау болуына, коронавирустан қорғану шараларын ұстануына септігімізді тигізуіміз керек. Әсіресе, адам көп жүретін орталарға жиі бармау, дүкен және басқа да мекемелерге бас сұққанда міндетті түрде бетперде кию және антисептикпен қолымызды жиі жуу қажеттігін есте сақтауымыз керек. Өйткені, «денсаулық – зор байлық» екенін әсте естен шығармаған жөн.
Алтынай Сейткен
Балқаш ауданы





