Халық арасында қалам ұстағандардың қадірі мен қасиеті ерекше. Қалың қауым қай жерде болсын қаламы ұшқыр, қарымы бөлек журналистердің қырын жарысып айтып жатады. Аталмыш кәсіптің кәнігі хас шеберлерінің бірі – Қуанышбек Қожахмет жайлы да ойға қонымды, орынды пікірлерді талай естігеніміз бар. Өйткені, оның оқырман тарапынан алып жүрген бағасы жоғары. «Халық айтса қалт айтпайды». Қанатты сөздің түп-төркіні біздің кейіпкерімізге де қатысты.
Бір күні қас қарайып бара жатқан апақ-сапақта біреулер үйге өзімсініп, өзгеше көңіл-күймен кіріп келді. Таныс дауысты бірден таныдым. Ол республикаға танымал айтыскер ақын марқұм Хасен Саматыров еді. Ол:
– Қасымдағы мына жігітпен таныстырып қояйын. Қуанышбек Қожахмет деген азамат. Досым жайлы арқаны кеңге салып, жайғасып алғаннан кейін жақсылап таныса жатарсыздар, – деп төрге қарай озды.
– Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері оның облыстық «Жетісу» газетіне Ұйғыр ауданының тірлігі мен тынысын жазған материалдарын қалт жібермей қадағалап оқып жүретінмін. Алайда оның жас айырмашылығы, менен сегіз жасқа кішілігі бар екенін білмеппін.
Бүгін асқаралы алпыс жастың биігіне шыққан жігіт ағасының өмір өткелдері тағылымды тараулармен сабақталады екен. Жарық дүниеге келген жері көршілес ҚХР-дың Текес ауданындағы Шилі- өзек ауылы. Жастайынан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне ауыл, ата- ана, Отан, табиғат, еңбекке деген сүйіспеншілігін мөлдірете жазып, жиі жолдап отыратын. Сол жазғандары жарыққа шығып жатқанда, төбесі көкке екі елі жетпей қалушы еді. Мұның оған тигізген ықпалы аз болмады. Журналистикаға қарай бет бұруына жол ашты.
Ол сол уақытта ұйғырдың танымал ақын-жазушысы Мырзахмет Меримов пен аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Меліс Ахметжановтардың өтінішімен аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жүргенінде қол қусырып қарап қалмады. Аудан өмірінің алып жатқан тынысын сиясын құрғатпай мерзімдік басылымдардан жарқырата көрсетіп жатты. Оның осы қалам сілтесі халық тарапынан тілектестік пен ниеттестікке толы ықыласпен өз бағасын алып жатқаны оны одан әрі қамшылай түсті. Сол жұмыстың жүйесінде жүріп, киномеханик мамандығын алып, мәдениет қызметкері курсын бітіріп шығуға да қол жеткізді. Сол сияқты көптен бері көксеп жүрген КазМУ-дің журналистика бөлімін де бітіріп, еңсесін тіктеп, еркіндікпен самғау шағының тиегін ағытты.
Тәуелсіздіктің арайлап атқан таңына балап айтатын тоқсаныншы жылдардың басында Қуанышбекке аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшылық жұмысы зор сеніммен жүктеді. Бұл жұмыстың айтарлықтай ауыртпашылығы болғанын жақсы сезінген ол жүйелі түрде жұмыс жүргізуді қағілездік қалыпқа айналдырды. Өйткені, кешегі кеңестік кезеңнің солақай саясаты ұлттық тіліміздің қадірі мен қасиетіне әбден тізесін батырып, бас көтере алмайтындай деңгейге жеткізіп тастаған еді. Оның үстіне бірнеше ұлттың басын құрайтын және шегаралы аймақ болып табылатын ауданда аталған жұмысты ақсатпай алып жүру мүмкін емес еді. Осы өңірдің тұрғылықты халқын әлеуметтік жағынан әрі талғам таразысы деңгейінен анық-қанығына дейін жетік білетін Қуанышбек ана тіліміздің құндылығын құлдыратпау мақсатында құлшына жұмыс істеді.
Ол өнер майталманы, ақын, әнші, сазгер, үздік мәдениет қызметкері атанған марқұм Әбдікерім Қасымбековтің аруағына тағзым етіп, оның құрметіне арналған біраз шаруалардың басын қайырып тастады. Мәселен, өнер көгінде өзіндік қолтаңбасымен көрінген айтулы тұлғаның тұрған үйіне көрнекі етіп ескерткіш тақта орнатты. Сол сияқты оның атына орталықтан бір көшенің берілуі ауыл жұртшылығын бір желпіндіріп тастады. Ақын атында өткізілген айтыс та талай дарындардың жігерін жаныды.
Тіліміздің шынайы жанашыры атанған оны көршілес Кеген ауданының «Коммунизм нұры» газетінде жемісті еңбек еткенін әріптестері ұмыта қойған жоқ. Бұл жерде де ол қаламы жүрдек журналист екенін жанды тербеп жазған материалдары арқылы дәлелдей білді.
Аудан айнасы атанған газеттің беделін көтеруге барын салды. Оның озық та ойлы мақалаларына сол кездегі газет редакторы Жолшы Бікебаев, жүйрік журналистер Нұрданбек Тоққожаев, Төлепберген Баялиев, Мұса Жанаділов, Тұрысбек Жұмабеков, Келеке Құсайыновтар ағалық ақ ниеттерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Шығармашылық еңбек жолында толыққанды жетістіктерге құштар болған ол саябыр тартып, салқындауды білмеді. Жеткен жерінде тоқырамай, жарқын жолын жалғастыра білді. Ол Ұйғыр аудандық «Іле өңірі – Или тевиси» газетінде қызмет етті. Мұнда да ол кәсібінің кәнігі білгірі ретінде жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сол газеттегі Ескермес Сәрсенбаев, Жұман Матай сияқты қамшы салдырмас жүйріктермен бірге газет ісін арқалады. Түйіндеп айтқанда, оның осында да жұлдызы жарқырап жанды. Сол кезде ауданның газеті тек ұйғыр тілінде ғана шығатын. Ал қазақ тілінде де жарық көруі тұрғылықты халыққа ауадай қажет. Осыған байланысты Қуанышбек тәуекелге бел буып, Қазақстандағы тиісті орындардан бастап, Мәскеуге дейін өтініш жасап жазған болатын. «Көп тілеуі – көл» деген емес пе, Қуанышбектің қозғау салуының арқасында бұл көкейкесті мәселе де шешімін тауып, содан бері газет қазақ тілінде де жарық көріп келеді.
Кейіпкеріміздің «Солженициннің сарбазы», «Үй ішінен үй тіккен», «Мемлекеттік тілге қарсылық – қазаққа қарсылық», тағы басқа көптеген өткір де өтімді сын мақалалары халықты бейжай қалдырмады. Аталмыш мақалалар тіл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дін мен діл, жер мен су атауларын қазақы атаулармен атау, ауыл арасындағы жолдарды жөндеу, сол сияқты қазақ мектептерін ашу жөнінде ашына жазғандары халықтың мұң-мұқтаждарынан тұрады. Халықтың қамын ойлаған Қуанышбек Қожахметтің ұлтжандылық қасиеті үшін билік тарапынан «ұлтшыл» деген атқа қалып, біраз түрткіге ұшырады. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп оның соңынан «шам» алып түскендердің ісі аққа қараның жұқпайтынын айғақтап берді. Қуанышбектің бұған қасқайып қарсы тұруы ерлікке пара-пар іс еді. Ол жалақорларды әділдігімен жеңіп шықты.
Қазақ поэзиясын бүге-шігесіне дейін тәптіштеп талдап бере алатын Қуанышбектің жазған өлеңдері де оқырманын сілкініссіз қалдыра алмайды. Табиғат, махаббат, Отан-ана, достық, көңіл-күй тақырыптарына қалам тартса адам баласы сол жайларды өзі бастан кешкендей әсер де алады. Ақын сол туындыларын әбден қайнауы жетіп, шынайы сезім толқынысы арнасынан асқанда ғана қағаз бетіне түсіретін көрінеді. Бұл екінің бірінде бола бермейтін таптырмас қасиет болса керек. Сондай-ақ, айқын қолтаңбасы бар қаламдасымыздың әңгіме, новелла, жанрлық мақалалары өзінің деңгейінен ешқашанда төмендеп көрген емес. Оның шеберлігін «Мәуелі бақтың жемісі», «Тоқбайдың тоғыз қыры» атты топтама кітаптарынан анық көре аламыз. Сол сияқты жазушының сатиралық әзілдері, сыни сықақтары мен шымшымалары еріксізден езу тартқызады. Қуанышбектің тағы бір ерекше қыры – ұйғыр ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне мағынасын сақтай отырып аударуында дер едік.
Журналист Қуанышбек Қожахметтің еңбегіне қарай алған марапат пен Мақтау қағаздары жетерлік. Ол төсбелгілердің ішінен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі мәртебесін асқан абырой санайды. Өткен өмір жолының өнегелі өткелдері екенін мақтан етеді.
Қуанышбек өмірлік қосағы Гүлсара Ескермесқызы екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақыт құшағындағы ата — ана. Екеуі төрт немеренің шаттығына кенеліп отыр. Алпыс жасты арқалап отырған Қуанышбек Қожахметті осы бақытты сәтімен құттықтай отырып:
Адам қарар сол баяғы қалыбың,
Тамсанарлық бұл өмірге танымың.
Еңсең биік ер екенің – мақтаныш,
Түсе берсін, ел-жұртыңа жарығың, – деп сөзімнің соңын өлең жолдарымен түйіндегім келеді.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі





