«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жоғары оқу орнын тамамдаған жас мамандардың болашағына жол ашты. Бағдарлама игілігін пайдаланушының негізгі мақсаты – ауылды түлету. Осындай бағдарлама игілігін көріп отырған кейіпкеріміз – Кербұлақ ауданы, Жаңалық орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Азамат Самидолданов.
Сөзін бағдарламаның жастарға тиімділігінен бастаған Азамат Талғатұлы:
– Балалық шағымда ауылда асық ойнап, тай жарыстырған мен үшін ауылдың орны ерекше. Ауыл баласын білім нәрімен сусындатсам деген арман жетегінде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына құжаттар жинай бастадым. Басында тұрғылықты жерім болмаған соң қиындық туды. Бақытыма орай жақсы адамдар кездесіп, өзім баспаналы болғанша сол кісілердің үйінде тұрдым, – дейді. Бүгінде өз баспанасы бар.
Адам баласының бойында қашанда биік мақсат пен асқақ арман болады емес пе?! Сондай арманшыл жас Азамат 2013 жылы Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне студент болып қабылданды. Әне-міне дегенше, қызығы мен қиындығы мол студенттік өмір өте шықты. Білікті оқытушы-профессорлардан дәріс алған ол 2017 жылы «физика пәнінің мұғалімі» дипломын қолына алды. Өзі туып-өскен ауылына оралып, «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім нәрімен сусындаған алтын ұясына жұмысқа орналасты. Өз сөзінде жас маманның басым бөлігі ауылды жерде қызмет жасаудан қашатынын айтқан кейіпкеріміз:
– Жастар бірден басшы болуға ұмтылады. Оның өзінде қалада жұмыс істесем деген ой жетегінде жүреді. Сол себептен ауылды жерлерде білікті маман тапшы. Егер жоғары оқу орнын бітіретін жастардың 50 пайызы болсын осы жобамен ауылды жерлерге келсе деймін. Үстемақыдан бөлек, баспана алуға да көмектеседі, – деді.
Кейіпкеріміз әуелі ауылда өзіне ыңғайлы сатылатын үй іздеген. Тапқан соң бағалаушы келіп бағалаған. Ұнатқан баспананы бағдарлама арқылы үш миллион теңгеге сатып алған. Қазіргі уақытта жоба игілігін көріп жүрген оның жалақысы да жоғары.
Арай ОРАЗҒАЛИ,
І. Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университетінің 3-курс студенті





