Асылмұрат Тұрғанбекұлы сексен жастың сеңгіріне шықты. Ол ел игілігі үшін қажырлы еңбек етті. Бірнеше ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға білім мен білігін арнады. Сәулелі сәт – мәртебелі мерейтойға абыроймен жетті. Еңбек жолын Ақсуда бастап, жазиралы Жаркент жерінде ел байлығын еселеп арттыру үшін күн-түн демей еңбек етті.
Сексен жас – сексен асу. Мұндай асқаралы асуға абыроймен шығуға әркімнің қажыр-қайраты жете бермейтіні анық. Ал Асылмұрат Тұрғанбекұлының шыққан биігі мен жеткен жетістігі ел мәртебесін асырып, мерейін үстем етті. Ол арынды Ақсу өңірінде ат жалын тартып мініп, күллі Жетісуға еңбек етіп, соның нәтижесінде қайраткер атанып, қалыптасты. Жоғары оқу орнын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, өндірісте тәжірибесін шыңдады. Аудандық деңгейден Қазақстан Республикасы Орталық Комитетіне дейінгі комсомолдық мектептен өтіп, құрыштай шыңдалды. Бірнеше ауданда бірінші басшылық қызмет атқарып, егемендік алған соң әр аумақта аудан әкімі, одан соң облыс әкімінің орынбасары, тағы басқа да жоғары лауазымды қызмет атқарды. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген қағиданы ұстанды. Көпшіліктің қалауымен Қазақстан Республикасының халық депутаты болды. Сөйтіп, қарадан шыққан хан тәрізді туған топыраққа терең тамыр жіберіп, алып бәйтеректей жапырақ жайды. Асылмұрат басшыдан тәлім-тәрбие алған өрендер бұл күндері кең-байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанымыздың өркендеуіне үлес қосып келеді. «Құрмет», «Парасат» ордендері және бірнеше мерекелік медальдар, сондай-ақ, Кеңес одағының «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Асылмұрат Тұрғанбекұлы «Қазақстанның Құрметті жерге орналастырушысы», Алматы облысының, Ақсу, Ескелді, Сарқан аудандарының Құрметті азаматы атанды. Жазиралы Жаркент жеріндегі еңбегі еленіп, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Жаркент өңіріне заманның аумалы-төкпелі кезінде басшылыққа келіп, өліара кездегі кедергілерге қарамастан халықты қиыншылықтан қысылдырмай алып шыққан Асылмұрат Тұрғанбекұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты көшбасшы болып, «Еркін экономикалық аймақ» мәртебесін алудың алғы шарттарын жасауға бастамашы болды.
Қашанда, қандай істің басында болсын өзінің қарым-қабілетімен жұртшылыққа жол сілтеп, көпшілікті жақсылыққа бастайтын тұлғалар болатыны белгілі. Ел-жұрт Асылмұрат есімді азаматты қарапайым қызметшіден көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне дейін көтерілген тұлға деп құрметтейді. Ол ел-жұртқа саяси санасы сергек, парасатты да принципшіл басшы, турашылдықты ту еткен адал азамат ретінде танылды. Сонымен қатар, текті әулеттің бас иесі, зерделі ұл-қыз, тәрбиелі немере-шөбере өсірген абзал жар, ардақты әке, аяулы ата.
Асылмұрат Тұрғанбекұлы жайында «Тұғырлы тұлға», «Асыл мұрат» атты танымдық кітаптардың көпшілік көкейінен шығуы да – таудай тұлғалық өмірдің өнегесі. Біз, жазиралы Жаркент өңірінің ел-жұрты, мұраты асыл болған, халқына аянбай еңбек етіп, қадірлі азаматқа айналып, сексеннің сеңгіріне көтерілген Асылмұрат Тұрғанбекұлының ғасырдың биік тұғырынан көрінуіне тілектеспіз.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Нұриахмет Нұрбекұлы,
Панфилов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Тохтарбай Әкімұлы





