Жүрген ортамызда өн-бойына адамгершіліктің асыл қасиетін көрсетіп, азаматтық бітім-болмысын ерекше қалыптастырған адамдарды көргенде риза боласың. Тілімізге тиек етіп отырған кейіпкеріміз Жеңістің төл құрдасы, ардақты ардагер Жеңісбай Тоқсанов. Енді сол кісі жайлы өрбитін әңгімемізге кезек берейік.
Ағамен таныстығымыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында басталып еді. Қарасай аудандық әкімдігінің бірінші қабатында аудандық «Заман жаршысы» газеті мен аудандық «Шағын несие» бөлімі іргелес отыратын. Сонда сол бөлімнен адам аяғы үзілмейтін. Анық аңғарғаным, келімді-кетімді кісілер мекемеден жайраң қағып, күлімдеп шығып жататын. Бір қауым елге қалтқысыз қызмет көрсетіп жатқан ұзын бойлы, қараторы жігіт еді. Ол елгезек баладай елпең қағып, алдына келген адамдардың жасы мен кәрісіне бірдей құрақ ұшып, өтінішіне жанашырлықпен қарап, табан астында тап-тұйнақтай етіп шешіп беруге жанын сала кірісіп кететін.
Мұндай мінсіз қызметке кім риза болмасын? Көңілдері орнына түскен адамдардың қуанышы қойнына сыймай, бөлім басшысы Жеңісбай Тоқсановқа алғысын жаудырып жатады. Осынау халықтың қамын ойлайтын қағылездігіне қарап, «Шіркін, осындай адамдар қатары арамызда көп болса ғой» деп елжіреп, толқитынбыз. Кейде осы ғимаратта істейтін замандастар ол кісімен есіктің алдына шығып, әңгімелесіп қалатынымыз бар. Сондай сәттерде сол үш қабатта еңбек ететін лауазымы жоғары басшылардан бастап, қатардағы қарапайым қызметкерге дейін арнайы бұрылып келіп:
– Жеңісбай аға, қалыңыз қалай? Жұмысыңызға таңсәріден келіп, қас қарайған шақта қайтып барасыз. Сіздің осы ұқыптылығыңыз бен құнттылығыңызды үлгі алудың үрдісіндей көреміз. Әттең, осындай қасиеттеріңіз соңыңыздан ерген ұрпақтың бойына дарыса ағалардың арманы болмас еді, – деп ол кісіге амандық пен саулық тілеп жататын.
Халық даналығында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Жеңісбай аға әкесі мен шешесінің өмірін үлгі-өнеге ретінде айтып отыратын. Олардың жүріп өткен өткелдеріне аздап болса да аялыс жасамаса әңгімесінің шыры кірмейтін. Әке мен анасының асыл бейнелерін жүрегінің түкпіріне сақтап, олардың табан ет, маңдай терімен жасаған тірлігін сырласына айналған адамға айтып, шерін тарқатып алғанды жөн көретін. Перзент ретінде олардың алдындағы парызы мен қарызының өтеліп бітпейтінін де жақсы біледі. Екеуінің өнегесі жанына жасымайтындай күш-қуат пен намыс найзағайын беретінін әсте есінен шығармайды.
Әкесі Тоқсан 13 жасында жетім қалған. Панасы жоқ, жәудір көз жетім баланың күйі қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Тіршіліктің қатпа қамыты мойнынан босамады. Аштан өлмей, көштен қалмай жүргенінің өзі дәтке қуат еді. «Өзі құп көргенді, Құдай құт көреді» деген тәмсіл бар. Бастауыш сыныптық білім алған Тоқсан діндарлық пен халықтық медицинаға көңілі ауады. Ол білім іздеп Бұқара, Самарқан қаласынан бір-ақ шығады. Сол жерде ойға алған жоспары орындалып, діндарлық пен халықтық медицина жолына 12 жыл өмірін арнайды. Көз майын тауысып, оқығаны мен зердесіне тоқығаны ел аузына ерте ілінуіне айрықша ықпалын тигізеді. Соның арқасында Каир мен Мысырға жолы түсіп, рухани азық алды. Оның білімі мен білгірлігіне халық мойынсынып, діндарлық дәрісіне құлақ асып, халықтық медицинаға жүгінді. Сол заманның өзінде ол Меккеге қажылыққа барып қайтқан. Тоқсанның шипалы қолы талай адамды ажал аузынан арашалап, қатарға қосты. Түрікмен еліне Қаракөз атты әкпесі тұрмысқа шығып, үйлену рәсімдері салтанатты түрде аталып өтеді. Бұл елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы да ерекше. Онысын былай қойғанда, құдандалас жұрты Тоқсанға үлкен құрмет көрсетіп, тұяғына шаң жұқпас асыл тұқымды ақалтеке жылқысының 25 байталы мен 2 айғырын алдына салып береді. Сол уақытта қазіргі Қарқара ауылы (Сталин атындағы жылқы заводы) деп аталады екен. Тоқсан алыстан ат терлетіп ақалтеке жылқыларын әкелгенде ауыл жұртының қуанышында шек болмапты. Ол ойланбастан түрі мен тұрпаты бөлек жылқыларды жылқы заводына қосады. Жастайынан қыл құйрықты жануардың жай-жапсарын жақсы білетін ол көп уақыт өтпей-ақ асыл тұқымды тұлпардың санын көптің көңілінен шығатындай деңгейге жеткізіп, оны одан әрі көбейтуге барынша ден қойды. Осылайша, бейбіт күннің берекесін тасытып жүргенде қарғыс атқыр сойқанды соғыс басталып кетеді. Ол кезде соңынан жал-құйрықтары Қалижан, Өмірқожа, Қали атты балалары ерген еді. Өз еркімен соғысқа аттанар шағында Аманжол есімді баласы дүниеге келеді. Тоқсан қан майданға өзімен бірге інілері мен бауырлары Тоқсаба мен Нұрғожа Мұсабекұлдарын да бірге ала кетеді.
Соғыстың аты соғыс. Ол сонда Сталинград майданындағы атқыштар двизиясына түседі. Жасынан аңшылықты кәсіп етіп, құралайды көзге атқан мергендігі жауынгерлерді жасақтау мен іріктеу кезінде ескеріліп, аталмыш топқа алынады. Көп уақыт өтпей өзіне берілген снайпер қаруын да бес саусағындай меңгеріп алады. Оған бұл қарумен тек жаудың бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшілері мен басшыларын ғана ату жүктелген. Бұл міндетті ол мүлтіксіз орындап отырады. Ол осы мергендігімен неміс басқыншыларының талай офицерін жер жастандырады. Осылайша өз жауынгерлеріміздің еркін шайқасуына кеңінен жол ашады. Ерліктері марапат пен құрметтен тысқары қалған жоқ. Мерген снайперші деген атты иеленіп, алдыңғы сапта жүреді.
Қиянкескі алапатта Тоқсан оққа ұрынып, ес-түстен айырылып қалады. Бәрін де ақыл-есі орнына түскенде ғана біледі. Сау жері жоқ денесін көргенде кеудесінде кек қайнайды. Қолдан келер шара жоқ. Тоқсан госпиталь төсегінде қырық қабат болып таңулы жатқанда түрлері қазаққа ұқсас дәрігерлерді көріп, таң-тамаша қалады. Жанындағылардан сұрастырып білсе Ұланбатыр госпиталында жатқанын біледі. Бұл – 1943 жылдың тамыз айы еді. Тоқсан осыдан кейін соғысқа жарамай, амалсыз елге оралады. Біраз тыңайып алған соң жылқы заводындағы кәсібін қайта жалғастырады. Онда бұрынғыдай емес, майдандағы атты әскерлерге тұяғы бүтін тұлпар дайындайды екен. «Жылқы – иесін иісінен таниды» деген рас болып шықты. Жылқыларын көрмек болып, мал қораға барады. Ақалтеке жануарлар Тоқсанның төбесін көргеннен-ақ кісінеп, ысқырынып, тіке шаншылып, мазалары кетеді. Тоқаң олардың кекілдері мен жалынан сипап, мауқын басады. Осыны көрген завод жұмысшылары жылқылардың мына мінезіне қайран қалып, бастарын шайқайды.
Тоқсан тағдыр тауқыметін тартқан халқына қайырым мен мейірімді қолдан келгенше жасайды. Ол заводтағы кемтар жылқыларды сойып, көпшілікке теңдей етіп үлестіріп беріп отырады. Сонымен қатар, аңшылықпен айналысып, қолына түсірген олжасын да елге тарту-таралғы етеді. Сол уақытта елімізге немістер мен шешендерді жер аударып, Қайқының жолы салынып жатқан кез екен. Тоқаң оларға азық-түлік жағынан мүмкіндігіне қарай көмектеседі. Тоқсан 1964 жылы қайтыс болғанда ел-жұрты оны қимастықпен арулап аттандырыпты. «Жақсының аты өлмейді» деген осы да. Жеңісбайдың әкесі осындай тау тұлғалы адамдардың бірі болған.
Ал анасы Раушан Молдабаеваның да алар орны бөлекше. Ол қалың елдің ұйытқысы бола білген. Раушан ана 13 құрсақ көтерген. Оны жұрт Ашан деп атап кеткен. Алақаны ашық, жаны жомарт ол Тоқсан соғысқа кеткенде заводтағы бас жылқышылық кәсіпті өз мойнына алған. Халықпен біте қайнаса араласыпты. Жоқ-жітікті қамқорлығына алыпты. Шешен халқы оны төбесіне көтере сыйлапты. Сол Раушан анасы Жеңісбайды 6 жасқа толғанда тұлпарға мінгізіп, тұсауын кесіпті. Осы баласы 5-ші сыныпта оқып жүргенде ауылға атақты өнер жұлдыздары Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев басқарған халық аспаптар оркестрі келеді. Сонда шешесі: «Мына балам домбыра шертетін еді. Тыңдап көріңіздерші» деп екі дүлділге қолқа салады. Жеңісбай қысылмай өзі үнемі шертіп жүретін «Серпер», «Адай» күйлерін мәнеріне келтіре орындап береді. Сонда қазақ өнерінің қос саңлағы маңдайынан сүйіп, батасын береді. Ел-жұрты мен шешесі оның домбырашылығынан үлкен үміт күтеді. Жеңісбай ағамыз домбыраны қолынан тастамай, сенімді серігіндей көреді. Жеңісбайды жетім балалар мектебіне оқуға береді. Ол кезде бұл мектепке ата-анасы бар балаларды да қабылдай береді екен. Шешесі сонда еден жуушы болып жұмыс істейді. Осы мектепте ол кәдімгі халық сүйген қайраткер тұлға Заманбек Нұрқаділовпен танысып, дос болады. Оның әкпесі Панаркүл Жеңісбайға қолұшын береді. Оқуда озат болып жүрген Жеңісбай 1963 жылы Жалаңаштағы орта мектепті күміс медальмен тамамдайды. Мектепте жүріп жүргізушілік құжатты да қоса алады. Сол кездегі генерал Байкеновтен сұранып әскерге кетеді. Онда әуе ұшақтарының күзетшісі болып, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарып келеді. Бұдан соң Талдықорғандағы «Сельстрой» ауыл-құрылыс және Үшаралдағы сабын компанияларында белді жұмыс атқарады. Еңбек ете жүріп ҚазМУ-дің заң факультетінде оқиды. Ал 1998 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Қарасай аудандық «Шағын несие» бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Бастапқыда айтып кеткеніміздей, бұл қызметті абыройлы атқарып, халықтың ықыласы мен ілтипатына бөленеді. Жеңісбай Тоқсанов қазір де қарап жатқан жоқ. Өмірлік қосағы Қамар Бабиқызымен төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп, олардан тараған немерелеріне бас-көз болуда. Шаруа қожалығында 50 гектар жері мен 50 жылқысы, 40 сиыры, тағы басқа қой-ешкілерін өсіріп, өркендетумен айналысуда. Жадыраған жаны қашан болсын шуаққа толы.
Жеңісбай Тоқсановты білетіндер: «Жеңістің құрдасы» деп орынды атайды. Шындығы да солай. Жекең 1945 жылғы 9 мамырда дүниеге келген. Атын да айналасындағы ақ тілеу халқы Жеңісбай деп дәл тауып қойған. Міне, сол Жеңісбай Тоқсанов Жеңіс мейрамымен тізе қағыстырып, 75 жасқа толып отыр. Той көбейсін, ардақты аға!
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Қарасай ауданы





