Тарихты тұлғалар жасайды. Бұл – бұлжымас қағида. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы» деген екен. Ендеше біздің өткен дәуіріміздегі кез келген тұлға – ол тарихымыз, оны тасада қалдыруға болмайды.
ХХ ғасыр халқымыз үшін талай тарланынан айырылған, ашаршылықтан азап шеккен, атамекенін тастап, абдырай қашқан, Ұлы Отан соғысында арыстай азаматтарынан айырған алмағайып ғасыр болды. Соған орай ұрпаққа үлгі етер алып тұлғаларымыз да сансыз. Арыдағы Алаштың арыстарын айтпағанның өзінде бертінде өмір сүрген зиялылардың өзі жетіп артылады. Сондай өзінің ізгі қасиеттерімен із қалдырған, өз білімі мен қабілет-қарымын ел экономикасының еңсесін тіктеуге жұмсаған, жанынан арын артық санаған тұлғалардың бірі де бірегейі Асанбай Асқаров ағамыз еді.
Асанбай Асқарұлымен мен 1965-1978 жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған кезінде таныстым. Облыстың өркендеуіне, ауылшаруашылығы саласының сандық ғана емес, сапалық тұрғыдан да дамуына үлес қосқан білікті басшыдан үйренгеніміз көп болды.
1922 жылы Жамбыл облысы Мерке ауданы Тәті ауылында дүниеге келген Асанбай Асқарұлы өмірдің талай тауқыметін де тартқан азамат. Өмір жолын 17 жасында мектеп мұғалімінен бастаған. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, әскери-саяси қызметкер болды. Жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң саяси және идеологиялық жұмыстармен айналысты. 1946-1951 жылдар аралығында Жамбыл облысында аудан, облыс комсомол комитетінің хатшысы, Жамбыл облысы атқару комитеттерінің төрағасы, 1959-1978 жылдары Қазақстан компартиясы Жамбыл, Алматы облыстары комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарса, 1978 жылдың сәуір айынан 1985 жылдың шілде айына дейін Оңтүстік облыстың бірінші басшысы болды. 23 жыл бойы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері, бес мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Аңғарғанымыздай, Асанбай Асқарұлы бір ғана аудан, облыс емес, бүкіл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Адалдығы мен адамдығы, қоғамда сый мен құрметке бөленуі ұлттық болмысымызға ғана тән қасиет екені көрініп тұр. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына айыптылардың бірі ретінде күмәнға алынып, 4 жылдан астам уақытын абақтыда өткізді. Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың қатарында болдыға саналып, ұлтшыл деп айып тағылды. Бірақ шындық шыңырауда жатпайды ғой. Ақыры Асанбай Асқаровтың жабылған жаланың құрбаны болғандығы анықталып, ақталып шықты. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы өз перзентіне шынайы бағасын беріп, лайықты құрмет көрсетті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтарын берді.
Осындай ұлы тұлғаның бір ғана Алматы облысы үшін жасаған табанды еңбегі мен озық идеялары жайлы қанша айтсақ та тауыса алмасымыз анық.
Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып тұрған кезде астаналық облыстың ғылыми-техникалық, мәдени — әлеуметтік, экономикалық әлеуетін биік деңгейге көтерді. Солардың кейбірін ғана атап айтсақ, Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін құтты аймаққа айналды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық пен берекенің мекені болды. Жер жаннаты Жетісу өңірі онан сайын гүлденді, түрленді. Алматы қаласы көркейіп өсе түсті. Жаңа ірі өндіріс орындары ашылып, ықшам аудандар дүниеге келді. Көптеген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттар соғылып, көшелері сән түзеді. Аймақтың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, қазақылықтың да қамын жеді. Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінің жабылмауына да жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, күш салғандардың бірі осы Асанбай ағамыз болатын.
Асекең – жай ғана басшы емес, даналығымен дараланған ұлы тұлға. Оның басшылық жөнінде өз қағидасы да бар-тын. «Жақсы басшы болу үшін адамда үш қасиеттің болуы шарт: біліктілік пен зиялылық, тазалық пен адалдық, халқын шексіз сүю. Осы үш қасиет болса, қалған басқару тәжірибесі, ұйымдастыру қабілеті келе-келе өз уақытында қалыптасады. Ал бұл қасиеттер жоқ болса, онда ондай басшы елдің соры», – деген сөзі бүгінгі қоғамда бағдаршам болуы керек деп ойлаймыз. Ол өз шекпенінен талай азаматты тәрбиелеп қанаттандырды. «Асқаров мектебінен» тәлім алған ұл-қыздардың ешқайсысы да шалыс басқан жоқ. Шапағатын көрген, шыңдалған шәкірттер еліміздің әр түкпірінде, әр салада жетістікке жетіп жатыр. Солардың бірі Жетісу өңірінде мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан азамат, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Бөкей Исабеков Асанбай Асқаровтың тәрбиесін көргендігін мақтанышпен еске алады. «Асекеңнің алдына бір рет кіріп, ақыл-кеңесін алып шығудың өзі тәрбиенің үлкен мектебі іспетті еді. Өз ұсынысымызды іркілмей айтып, ой-пікірінен шабыттанып, қызмет етуге деген зор құлшыныспен шығатын едік. Ол кісінің «Мен облыстың бірінші басшысымын, егер сендерге қатты айтып, ұрсар болсам, ол менің – әлсіздігім» дегені жадымда жатталып қалыпты», – дейді. Бұл пікір сол тұста Асекеңмен қатар жұмыс істеген әрбір азаматтың ойымен сарындас екені даусыз. Облыстың экономикасын өркендетуге ден қойған Асқаровтай білгір басшының тұсында мал басын асылдандыруға, әсіресе, таулы аймақтағы Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарында арқар-меринос қойының тұқымын көбейтуге, Саты ауылынан ангор ешкісін өсіруге, Күртіден арнайы түйе өсіретін «Сарытауқұм» кеңшарын құруға ерекше мән берілгенін ұмытуға болмайды.
Асанбай ағамыздың тағы бір қасиеті – өзі еңбек еткен аймақтардың ел мен жер жағдайын, әр ауылдың жай-күйін, тіпті егістігі мен жайлауын, қыстауын жіті білетіндігі. Бұл оның өз қызметіне шын ниетімен, жан дүниесімен берілгендігінің белгісі болса керек. Облыс көлеміндегі әрбір ауданның жағдайын терең зерттеп, зерделеп қана іске кірісетін еді. Асанбай Асқарұлының біздің Қарадала өңіріне де сіңірген ерекше еңбегі бар. Оны бүгінгі жас буынның бірі білсе, бірі білмеуі де мүмкін.
Бүгінде өзіміз Кетпеннің асуы деп атай бастаған асудан ата-бабаларымыз ықылым заманнан өгізбен, атпен көшетін. Сол асудан жүктерін алып өтіп, Шалкөденің жайлауына жайғасатын. Бертін келе өгізге жүк арту азайып, көлік шыға бастаған тұста біздің ауданның малшылары үшін асудан тікелей өту мүмкін болмай қалды. Бала кезімізде, есімізде, Шалкөдеге Сұңқардан шығып Қайқының асуы арқылы Кегеннен өтіп, 300 шақырымдай жол жүріп, зорға жететінбіз. Сонда жайлауға барып келуіміздің өзі 600 шақырымды құрайтын. Әрине, бұл шаруа адамы үшін оңай жол емес. Осы қиыншылық біздің ауданның малшыларын біраз уақытқа дейін титықтатты. Асекең облыс басына келген соң бұл мәселені көп ұзамай қолға алды. Әуелі қай жолдың оңтайлы екендігін зерттеді. Ақыры қазіргі бәріміз пайдаланып жүрген асудың жолын жасатты. Осылайша 300 шақырымдық жолымыз небәрі 40 шақырым болды. Сол кездегі Социализм (Қалжат), Қызыл Ту (Кетпен), 23 партсъезд (Дардамты, Сұңқар), Октябрь (Кіші Дихан), Свердлов (Шарын) ұжымшарынан 200 мыңнан астам қой мен 30 мыңнан артық ірі қара мен жылқы сол асу арқылы Шалкөде жайлауына баратын. Әрине, жайлауда мал ең әуелі қоңды болады, өнімділік артады, жайлауда сүт сауылып, қой қырқылып, мал етке өткізілетін. Ал жаздай ауыл маңында мал болмағандықтан мұндағы жайылымдар жетіледі, егін мен шөп шығынсыз жиналады. Осындай ауыл халқына да, малшыларға да жайлы болуы үшін жүздеген шақырымның қиындық тудыратынын бірден аңғарған білікті басшы ретінде Асанбай Асқарұлының жолды жасатуы ұлы жоба болды. Ол жолдың қажеттігін дәлелдеп, талай табалдырықты тоздырғаны да талассыз. Өзі бұл жұмыстың басы-қасында жүргені де анық. Сондықтан бұл асуды «Асқаровтың асуы» десек еш қателеспейміз.
Асекең облыс басшылығында отырған тұста мал шаруашылығы едәуір алға басты. Малшылардың жағдайына ден қойып, олардың таршылық көрмеуін қадағалады. Малдың қоңды болуы үшін жайлау мәселесін шешті. Нәтижесінде облысымыз мал өнімін өндіруде Одақ бойынша алдыңғы сапта тұрды.
Кейде жаңалықтарға құлақ түре отырып, қатты қынжыласың. Бүгінде еліміз шетелден ет импорттаудан алдына жан салмай келеді. Америкадан 130 мың тонна, Ресейден 30 мың, Белоруссиядан 22 мың, Украинадан 10 мың, Польшадан 3,6 мың тонна ет сатып аламыз дегенді құлағым шалғанда қайран қалдым. Сонда жайылым да, жайлау да, мал өсіруге деген әлеуетіміз де жете тұрып, неліктен шетелден ет тасымалдаймыз? Бағзыдан малдың жайын бес саусағындай білген бабаларымыздың ізін жалғай алмағанымыз ба? Неліктен біз барды пайдаланып, өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететіндей жұмыстарға бет бұрмаймыз? Санға да, сапаға да салғырт қарағандықтан осындай олқылықтар белең алып келеді. Бар мүмкіндігімізді орнымен пайдалана алмай жатқанымыз келешек үшін алаңдарлық ахуал. Тіпті, күні кешегі Асекеңдер басқарған тұстағы мал саны да бүгінде арманға айналғандай.
Атакәсібіміз – мал өсіру. Бірақ сол ғасырлар бойы бабаларымыз серік еткен мал шаруашылығын бүгінде мардымды жүргізе алмай келеміз. Малшыларға деген қамқорлықты ұмыттық. Жекеменшік болса да ел иесі, жер иесі мемлекет шопандардың әлеуметтік жағдайын бақылап, оларға қолдау көрсетсе, бұл іс өрге басары анық. Қазір қарапайым ғана жүн, теріні өткізіп, пайдаға асырар орын жоқ. Бұл да – экономикалық жағынан тұралауымыздың бір себебі. Әрине, біздің Қазақстан үшін шетелден ет, сүт сатып алу деген – ауылшаруашылығын басқарудағы орашолақтықтың айқын көрінісі екендігін ешкімнен жасыра алмайсың. Жатты жарылқағанша, сол қаржыны өзіміздің дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету технологиясы мен әдісін жаңғыртуға бұратын кез әлдеқашан келді. Ештен кеш жақсы. Ұялатын шама жоқ, жағдай көтермейді. Қоғамдық қатынастарға өзгерістер, түзетулер енгізсек еш әбестік бола қоймайды деп ойлаймын. Кең-байтақ ен жайлауды пайдаланбау бізге сын. Қазақтан басқаларға Жаратушы мұндай жер бермеген.
Түйін орнына:
Асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып үлгерген Асекең көзден кетсе де көңілден кеткен жоқ. Қайта оның дана тұлғасы дараланып, ұлылана түсті. Ешбір халық өткен тарихынан сабақ алмай, келешегін кемел ете алмас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы мәлімдемесінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы туралы да ой қозғап өтті. «Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі», – деді Президент. Ол құрмет ортамызда жүрген ардагерлерге де, дүниеден озған майдангерлерге де көрсетілуі керек. Ендеше Қарадаланың қойнауына жан бітіріп, асуға алып жол салған тау тұлғаның еңбегін ескеретін уақыттың жеткені анық. Өйткені Асанбай Асқаров – елдің ары мен жаны үшін күрескен дара тұлға. Енді оның есімін ұрпақ жадынан ұмыттырмау үшін Алматы облысының елі үшін қажыр-қайратын, ақыл-парасатын сарп етіп, өшпес ізін қалдырған алып тұлғаға кезінде өзі идея көтеріп, жасатқан Кетпен тауының асуына есімін берсек құба-құп іс болар еді.
Ызғарбек Бектұрсынов,
Алматы облысының Құрметті азаматы





