Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Елімізде соғыс және тыл ардагерлерінің саны азайып барады. Солардың қатарында менің әкем Бекен Ұлтанбеков пен асыл анам Ұлтанбекова Шайнакүл де бар.
Әкем Ұлтанбеков Бекен 1910 жылы туған. 1941 жылы ағасы Ұзақ екеуі Ұлы Отан соғысына бірге аттанады. Әкем Белоруссия, Украина майданына қатысып 178-ші артиллерия полкінде атқыш болған. Шайқаста бірнеше рет жараланып госпитальға түседі. Ұлы Отан соғысынан кейін туған ауылында еңбек еткен. Қорам ауылында мал шаруашылығының меңгерушісі, «Малыбай» колхозының төрағасы қызметін атқарған. Әкем өз жұмысына адал, еңбекқор еді.
«1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1946 жылғы 5 сәуірде «1941–1945 жылдардығы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің жиырма жылдығы», «Совет Армиясы мен әскери-теңіз флотына 49 жыл», «КСРО Карулы Күштеріне 50 жыл», «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
Ал ардакты да аяулы анам Шайнакүл бір қызымен қалады. Ауылдағы еңбекке араласады. Майдандағы жауынгерлерге киім дайындап, егістікте жұмыс атқарады. Әкем мен анам 9 баласын тәрбиелеп өсірді. Анам Шайнакүл «Еңбек ардагері», «Батыр ана» алтын медалі, «Ұлы Жеңіске 70 жыл» медальдарымен марапатталған.
«Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал бар. Әкем мен анам 9 баланы асырап, үй салып, үйдің маңайына тал, терек, қарағаш, бау-бақша отырғызған. Осы уақытқа дейін жайқалып өсіп тұр. Әкем 66 жасында өмірден өтті. Ал анам Шайнакүл әкем үйреткен тәртіпті сақтай отырып ұл-қызын өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немере, шөбересін бақты.
Ардақты анам Шайнакүл, ардагер әкем Бекеннің өткен өмірін ұрпақтары үлгі тұта отырып, есте сақтайды.
Серікбай ҰЛТАНБЕКОВ
Қорам ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы





