Қазіргі қоғамда жастардың өмірге деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын «жақсы жұмысқа орналасып, тұрақты айлық алсам» деген түсінік басым болса, бүгінгі буын үшін бұл жеткіліксіз көрінеді. Олар дайын сүрлеумен жүруден гөрі өз жолын салуды қалайды.
Меніңше, бұл өзгеріс кездейсоқ емес. Біз ақпарат пен мүмкіндік қатар жүретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік желілерде табысты жастардың оқиғаларын көрген сайын, «мен де істей аламын» деген сенім қалыптасады. Осы сенім көп жасты әрекетке итермелейді.
Жастардың кәсіпкерлікке бет бұруының басты себептерінің бірі – еркіндікке ұмтылу. Өз уақытыңды өзің басқару, өз шешіміңе өзің жауап беру – бұл қазіргі буын үшін маңызды құндылыққа айналған. Сонымен қатар, табыс мәселесі де үлкен рөл атқарады. Шектеулі жалақыдан гөрі өз еңбегіңе байланысты өсетін табыс әлдеқайда тартымды.
Тағы бір маңызды фактор – технологияның дамуы. Қазір бизнес бастау бұрынғыдай қиын емес. Интернет арқылы шағын істі де үлкен мүмкіндікке айналдыруға болады. Instagram-дағы дүкендер, SMM қызметі, дизайн, шағын кофеханалар немесе қолөнер бұйымдары – мұның бәрі жастардың қолынан келетін істерге айналды.
Алайда бұл жол тек мүмкіндіктерден ғана тұрмайды. Кәсіпкерлік – тәуекел. Тәжірибенің жетіспеуі, бастапқы капиталдың аздығы, нарықтағы бәсеке – кез келген жасты сынаққа салады. Көп жағдайда нәтиже бірден болмайды, сондықтан шыдам мен табандылық қажет.
Осы жерде маңызды бір нәрсені түсіну керек: кәсіп – тек ақша табу емес. Бұл – адамның өзімен жұмыс істеуі. Өз ісін бастаған адам жауапкершілікті сезінеді, шешім қабылдауды үйренеді, қателеседі, бірақ сол арқылы өседі. Яғни ол тек кәсіпкер емес, тұлға ретінде қалыптасады.
Жастардың белсенділігі қоғамға оң әсерін тигізеді. Жаңа идеялар пайда болады, жаңа жұмыс орындары ашылады, бәсеке артып, сапа жақсарады. Бұл – дамудың табиғи көрінісі. Ал олардың кәсіпкерлікке бет бұруы – уақыттың талабы. Бұл – еркіндікке, дамуға, өз жолын табуға деген ұмтылыс. Алайда кез келген бастама тек ниетпен емес, біліммен, жоспармен және табандылықпен жүзеге асады. Сонда ғана ізденіс – нәтижеге, ал мүмкіндік – жетістікке айналады.
Гүлнәз ҚИНАЯТ
ЖУ студенті





