Өңірде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытып, ет экспортын еселеуге ерекше ден қойылып келеді. Соған сай, төрт түлік санын көбейте түсуді көздеген келелі бастамалар молынан қаржыландырылып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілуде.
Мысалы, биылдан бастап «Тасқарасу» өндірістік кооперативінің тауарлы-сүт фермасы өз өнімін береді. Ал, «Зунун» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын ашу үшін 32 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын бастады. Одан бөлек 13 ауылда 1326 бас ірі қара, 3560 қой, 142 бас жылқыға арналған отбасылық мал бордақылау алаңдары бар. Өңірде сапалы семіз ет өндіру мен сатудың мүмкіндігі жыл өткен сайын жақсарып келеді.
Ауданда мал тұқымын асылдандыру мақсатында өткен жылы «Казмалы» ЖШС өңірге 200 бас қалмақ тұқымды ірі қарасын, «Хелилов» ЖҚ құрылымы 150 бас гемпшир тұқымды қой, «Рафаэль» шаруа қожалығы 1000 бас және «Кайырбеков Д» ЖК құрылымы 300 бас баис тұқымды қой әкелді. Оның үстіне мемлекет тарапынан ірі қара мен қойды қолдан ұрықтандыруға субсидия беріліп, лайықты жағдай жасалып келеді. Өткен жылы аудан бойынша 6509 бас ірі қара, 29305 бас қой қолдан ұрықтандырылды.
Аудан кезінде құс фабрикасының өнімімен де республикаға танылғаны белгілі. Бірнеше жыл тоқтап қалған игілікті шаруа қайта қолға алынуда. Өңірде қуаттылығы 35 мың тонналық құс етін өндіретін құс фабрикасының жұмысы қолға алынды. Биыл «Отан грин фуд» ЖШС-нің құс фабрикасы, келер жылы «Прима Құс» ЖШС-нің құс фабрикасы іске қосылады. Нәтижесінде өңірлік жалпы өнім 42,7 миллиард теңгеге өсіп, 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қ. САТЫБАЛДЫ
Ұйғыр ауданы





