Шет тілін меңгеру үшін алдымен адамның ерік-жігері мықты болуы керек. Ағылшын тілін үйрену үшін күніне екі жарым-үш сағатымды арнағанда, үш жылдай уақыт кетті. Бастапқы 1-2 ай өте қиын. Не оқып, не жазып жатқаныңды толық түсінбейсің. Өзім тіл үйренгенде негізгі төрт бағытты қатар алып жүрдім. Олар: оқу, оны түсіну; жазу; сөйлеу және тыңдау. Бастысы, ағылшын тілін қандай мақсатта үйреніп жатқанын адам білуі керек.
Ал IELTS-қа келетін болсақ, оны көбіне шетелде білім алу болмаса жұмыс істеу мақсатында тапсырады. Өз басым үш рет тапсырдым. Үшеуінде де өзімді сынадым.
Бірінші рет 2012 жылы тапсырғанда жалпы 6.0, ал 2013 жылы тапсырғанда 6.5 алдым. Одан кейін өзімді қамшылап, 2014-2016 жылдар аралығында жатпай-тұрмай оқыдым, іздендім. Үшінші тапсырғанымда жалпы 7.5 алдым (IELTS-тің жоғары балы 9.0. Ал шетелде оқуға түсу үшін, жұмыс істеу үшін аз дегенде 6.5 не 7.0 болу керек – ред).
Көп сөз жаттадым және негізгі нысанама жазуды алдым. Күнделікті эссе жаздым. Аптасына төрт рет жазамын және оның екеуін ақылы түрде шетелдегі сайттарға ақшасын беріп, қатесін қаратып отырдым. Эссені басында 40 минут ішінде жазсам, одан кейін 2 минуттан қысқартуды бастадым. Ал 20 минут ішінде 280 сөйлем жазу деген жеке межемді толығымен орындадым.
Елде тіл үйрету курстары бар, соған жазылған жөн. Қалтафонда әр деңгей бойынша үйрететін бағдарламалар бар, соны қарау қажет. Бір жылдың ішінде де үйренуге болады. Ол үшін кемі 8-9 сағатың сол тілмен шұғылдануға жұмсалуы керек. Ортаң да сол тілде сөйлеуі тиіс. Ал өз бетіңмен үйренгеннің өзінде қасыңда сөйлесетін, пікір алмасатын адам болуы керек. Сондықтан, кемі екі жарым жыл курстан қалмау керек.
Руслан МЕДЕЛБЕК





