Талдықорған: 0°C
$ 491.88
€ 585.83
₽ 6.36
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ЖАҚСЫ БОЛСАҢ ЖАРЫҚТЫ КІМ КӨРМЕЙДІ

28.02.2020
ЖАНСАРАЙ
ЖАҚСЫ БОЛСАҢ ЖАРЫҚТЫ КІМ КӨРМЕЙДІ
WhatsAppTelegramFacebook

Осы айтылған, Абай атамыздан қалған нақыл сөз біз әңгімелегелі отырған жазушы ғалым Нағашыбек Қапалбекұлына арналғандай болып көрінеді. Өйткені, бүгінде жетпістің биігіне шығып отырған азаматымыз елдің назарын өзіне аударарлықтай, ауыз толтырып айтарлықтай толымды да ауқымды жұмыстар тындырды. Сондықтан да болар, бүгінде қазақ деген  қауымның саналы азаматтарының бәрі Нағашыбек Қапалбекұлы деген есімді айтқанда: «Е, ол азаматты білеміз» деп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өйткені оның бойында ұлттың асыл қасиеттерімен үндесіп жатқан тамаша мінез бар.

Нағашыбекке тән жақсы қасиеттер: азаматтық өре, адамға  жұғымдылық және үйірсектік, аспай да таспай, сезім жетегіне ілеспей пікір айтатын шынайылық, ең бастысы, өскен елге, туған жерге жан-тәнімен жақындық, оның жеке тұлғаларының тасада қалған тарихын ағайынға танытсам деген құштарлық онымен әңгіме-дүкен құрған адамды өзіне тартып тұрады. Мұның құндылығы сол, есімдері негізінен туған жерге ғана танымал осы атпал азаматтар шын мәнінде жоғарғы билікте емес, қалың халықтың өз ортасында өмір сүргендіктен өздерінің іс-әрекеттерімен, табиғи болмысымен сол заманды бүгінге танытады. 
Осы бағытта тынымсыз еңбектену, үздіксіз ізденістер нәтижесінде Нағашыбек тарихымызда елеусіз қалған, есімдері ауызекі айтылғаны болмаса жеке тағдырлары нақты да арнайы  зерттелмеген, алайда айтарлықтай үлкен оқиғаларда көзге түсіп, серкелігімен елге танылған айтулы тұлғалардың қолдаушылары және дем берушілері болған, сондықтан да  қалың қазаққа есімі таныс болғанымен өмірі жұмбақ ел-азаматтарын тарихтың бұрқанған ақжал толқындарының арасынан жалт еткізіп, жарыққа шығарды. Мысалы ол осы бағытта көз майын тауыса ізденіп, жойқын шығармашылық құштарлықпен, қарқынды екпінмен оннан астам тұлғалық кітап жазып тастады. Олардың арасында есімі күллі қазаққа қастерлі Жамбыл атамызға серік болған, ел басына күн туған қайшылықты заманда өзінің ерен белсенділігімен танылған, халықтың мұңын ұғып, жоғын жоқтаушы Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жазғандары алдымен көзге түседі. Осы еңбек туралы адамдарды асыра мақтауға аттап баспайтын, әділдігімен қара қылды қақ жарған, елімізге танымал үлкен қайраткер ағамыз Көпжасар Нәрібаевтың былай дегені бар: «Еліне ерен еңбек сіңірген тұлғалардың ішінде Мақыш балуан ерекше орын алады. Жамбылдың үзеңгілес серігі болған, өзі әрі ақын, балуан, кезінде Қастекте болыс болып сайланған, ауданның тұңғыш ревкомы болған Мақыш Райымбекұлының қиын да қызық тағдырына көлемді повесть арнады. Осы уақытқа дейін осыншама ірі тұлғаға арналған жеке шығарма жоқ болатын. Мақыштың аты Жамбылға хатшы болған біраз ақын-жазушылардың жазбаларында кездеседі және жамбылтанушы ғалымдардың еңбектерінде ол туралы азын-аулақ мәліметтер бар. Оның себебі, Мақыштың орынсыз жабылған жаламен репрессияның құрбаны болғанынан шығар. Мұндайға өте сақ зерттеушілер Жамбылдың жеке басын хан көтергенмен оның шәкірті болған, ұзақ уақыт қасына еріп жүрген, Жамбылдың өзі батыр, ақын-сері деп жақсы көрген адам туралы ашып жаза қоймаған. Енді, міне, Нағашыбек сол азаматтың аруағын тірілтіп, оның өмірін повесінің арқауы етіп алған». (Көпжасар Нәрібаев. «Тұлғаларға тағзым», Алматы, 2012. 379-380 беттер). Мұндайда мынаны ескергеніміз жөн: Мақыш балуанның қасіреті – өзінің осындай ұлдарын қуғын-сүргіннен қорғай алмаған сол бір қатерлі замандағы бүкіл қазақтың қасіреті. 
Жазушының Жамбыл атаға да және оның ұрпақтарына да шығармашылығын арнағанын білеміз. Олардың арасында «Жамбыл толғау», «Жамбыл ата», «Әлімқұл Жамбылов» деп аталатын жеке кітаптар бар болса, ал жамбылтанушылардың жазбаларын құрастырған кітаптар арасында «Жамбыл феномені», «Ғибрат – Жамбылдың ғибратты өлеңдері» деп аталатын қайталанбас ерен таланттың екпінін терең зерттеген, Жамбыл шығармашылығының ұлағатты тәрбиелік мәнін сұңғыла, жеріне жеткізе бағалаған толымды еңбектер де бар. Бұлардың бәрі жамбылтануға қосылған сүбелі үлес деп айтсақ,  ақиқаттың анығы сол болар еді. Біздің байқағанымыз, Нағашыбек бүгінгі жамбылтанушылардың көшін бастап отырған, атамыз қалдырған рухани мұраның мазмұнын терең түсінген, олардың мән-мағынасын айқын аңғарған дара тұлға.

Ұлт ұлыларын ұлықтаған

Академик Манаш Қозыбаев: «Азамат деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, Отан сенімін бойтұмар қылып сақтаған, достың сырын шашпаған, зұлымдықтың жолын баспаған, сегіз қырлы, бір сырлы жанды айтады», – деп азамат сөзінің мағынасына толымды анықтама береді. Осы талаптар үдесінен шығатын Нағашыбек ағамыз бұл күнде елі сыйлаған, халқы қадірлеген ақсақал атанып, 70 жасты бағындырып отыр. Құнарлы топырақта дүниеге келіп, аузы дуалы ақын-жыраулардың, батырлар мен билердің өнегесін, тарихи тағылымын көкірегіне түйіп өскен Нағашыбек Қапалбекұлы қолына қалам алып, сөз өнеріне бет бұрып, әдебиет игілігіне қызмет етті.
Нағашыбек ағамызбен күнде сырласып, қатар жүрмесек те көрген жерде ол кісінің ұстамды, жайдары, кеңпейіл, сабырлы мінезіне тәнті боламын. Мансап қумай, мақсат қуған ағамыздың ақыл-парасатының жоғары екенін сезініп, үлгі алуға тырысамын. 
Әдебиетке деген қызығушылығы мектеп кезінен басталған ағамыз бұл күнде республикамызға танымал жазушы, журналист. Журналистикадағы алғашқы қадамын Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде корректор болып бастап, сол басылымның бас редакторы болды. Нағашыбек Капалбекұлының сан салалы жанқиярлық еңбегін, жан дүниесінің тереңдігі мен кемелдігін көрсететін мысалдар өте көп. 
 Нағашыбек Қапалбекұлы – қазақ әдебиеті мен қазақ мәдениетін насихаттау, ұлттық мұралардың қадір-қасиетін ел санасына жеткізу мақсатында қыруар шаруаларға ұйытқы болып жүрген біртуар азамат. Республикалық кітап музейінің директоры болып қызмет атқарып жүргенде тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына арналған «Әлем таныған Қазақстан» атты көрме ұйымдастырып, оған тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелде жарық көрген кітаптарды алдырып қойды. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай Астана қаласында «Ғасырлардың асыл мұрасы» атты аса құнды, сирек кітаптардың көрмесін ұйымдастырды. Алаш идеясының маңызын терең танытатын жарияланымдарға көрермен риза болды.
Батыр бабаларымызды ұлықтау, олардың асыл мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізу, батырлардың ерлігін дәріптеу, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында Нағашыбек аға қоғамдық жұмыстарды көп атқарды. Халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, республикалық Қарасай батыр қорының директоры, «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті болды. 
Нағашыбек Қапалбекұлы қалам тартқан тақырыптардың ішіндегі ең ауқымдысы – тарихи тұлғаларға арналған туындылар. Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде көп ізденіп, терең зерттеп, жинаған деректерін ел мен жер, өткен мен бүгінгі оқиғалармен сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды. Қаламгердің «Бала Жамбыл» атты повесі тартымды оқиғаларға, нақты деректерге құрылған шығарма. Жамбыл өмірінен жазылған жаңа, көркемдік бітім-болмысы бірден көзге түсетін тың туындының тарихи тағылымы назар аудартады.
 Жазушының басқа  туындыларының кейіпкерлері де қазақ елінің біртуар перзенттері. Атап айтсақ, олар: Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет секілді дуалы ауыз ақындар, Төле би, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Назарбай би, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Құртқа тәуіп, Нұрғиса Тілендиев, тағы да басқа тарихи тұлғалар. Сондай-ақ елге атағы кең жайылған біртуар тұлға Мақыш балуанға арнап тұтас повесть жазып жарыққа шығарды.
Қарасай батыр жайлы «Қарасай, Қарасай», Жамбыл жайлы «Жамбыл ата», «Киесі – қызыл жолбарыс» атты туындылары, сондай-ақ Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жеке еңбектері қазақ оқырманының ықыласына бөленген, жоғары баға алған тың, өте тартымды туындылар десек қателеспейміз.
«Жамбыл әлемі» атты үш тілдегі фотоальбом, «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім – сырлы әуен», «Кітап әлеміне саяхат», «Батамен ел көгерер», Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың айтулы шәкірті Үмбетәлі Кәрібаевтың екі томдығы, тағы да бірнеше жинақ құрастырды. Өзі зерттеп жүрген тақырыптар және тұлғалар бойынша телефильм мен бейнефильмдерге сценарийлер және драмалық шығармалар жазды.
 Жазушы-драматург Әкім Тарази: «Жазушы шығармасының санымен, томдарының санымен ешуақытта жеңе алмайды. Көркемдік құпиясы деген қасиетті ұғым бар. Ол көркемдік құпиясына жету үшін мүмкін бір-ақ әңгіме жазуың керек шығар», – деген тұжырым жасайды. Ал біз Нағашыбек Қапалбекұлының қаламынан туындаған шығармаларының көркемдік деңгейінің әсте жоғары екенін білеміз.
 Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай). Құрметті Нағашыбек Қапалбекұлы, ұлы ақынымыз Абай айтқан үш қасиет те Сіздің бойыңызда бар, халқыңызға береріңіз таусылмасын. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
 университетінің ректоры, география ғылымдарының 
докторы, профессор

 

Нағашыбек ғылыми танымдық мақалалар жазғанда да Жамбыл атасын Абаймен салыстырып, олардың ұлылығын нақты деректермен паш етеді. Қазақ поэзиясының абыздары болып табылатын бұл кісілердің шығармашылығын салыстыра қарастыру, Нағашыбектің ойынша, олардың бірін биіктетіп, екіншісін төмендету үшін емес, бүгінгі рухани болмысымыздағы беткеұстарларымыздың, асқар биіктеріміздің әрқайсысының қайталанбас өзіндік орнын айқындау. Мұны арнайы айтып отырған себебіміз, ұлтымыздың мақтанышы болған осы тұлғаларды ұлықтауда кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы,  Жамбылды әсіресе орыс тілді басылымдар «сталиншіл» деп шығарып, оған құдайдың өзі берген дарын-талантты коммунистік идеологияның туындысы ретінде сипаттайды. Ұлы жыраудың поэтикалық сөз тіркестерінің қазақ поэзиясын биікке көтерер шоқтығы биік үлгілерін топастықпен көзге ілмей, Жамбыл шығармашылығының қазақтың рухани өміріндегі маңызын барынша төмендетуге құлшыныс танытқан азаматтар да бар. Оларға Нағашыбектің шығармашылығы лайсаң селдің жолын жапқан биік бөгет болды. Дегенмен  осындайда мынаны айтпасақ тағы болмас: Жамбылдай көлеңкесі ешкімге түспес, тік тұрған еңселі биікке басқалар көлеңке түсіре алмайды. Жамбылдың тылсым да кең өрісті, қазақтың сөз өнерін жарыққа шығарған ерекше талантына қазақ әлі де терең бойлай алған жоқ. Ұлы ақын туралы ағат пікірлердің айтылуы оның ғаламат жыршылық қасиетінің құпияларын бүгінгі ұрпақтың әлі де толық түйсіне қоймағандарын, оған тереңдете бойламағандарын байқатса керек.
 Нағашыбек ұлы абызды ғана емес, оның ізбасарларын да  әспеттей білетін  азамат. Үмбетәлі Кәрібаев ақынның шығармаларын алғаш 1 томдық, кейіннен 2 томдық етіп шығарып, оның музейін ашуға мұрындық болуы тәрізді игі де нақты жұмыстарды жеріне жеткізу де Нағашыбекке тән еңбекқорлық. Осы бағытта оның жазылған мақалаларының қазақ әдебиеті тарихына қосылған,  тың түрен салған өзіндік үлес болып табылатынын да  мойындағанымыз жөн. «Жалғасын сен айт, жабылып кетсем мен егер, ғұлама жылдар судырлатқанда парағын» деп қазақтың арынды ақыны Төлеген айтқандай, Нағашыбек үздіксіз іздене жүріп, кезінде тарихтың ақжал  толқынында  «жабылып кеткен» ақын, сал-сері Қырбай сал Бозымбекұлы туралы деректерді де тынбай іздеп тауып, оған арналған «Ұрпаққа аманат» атты арнайы кітапты жарыққа шығарды. Және оның шығармашылығын насихаттайтын арнайы конференцияны ұйымдастырған да осы Нағашыбек. Әдебиетші емес, тарихшы болғандықтан біз олардың бәріне  атсалыса алмасақ та тілектес ниетімізді білдіруге қашанда асығамыз. 
Нағашыбек бауырымызға әсіресе батыр бабаларымыздың аруағы разы болар деп ойлаймын. Оның Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау тауынан Қарасай батырдың қабірін іздеп тапқан еңбегін қалың шөптің арасынан жоғалған инені кездестірген адамның жанкешті тірлігімен салыстырар едік. Бұған әрі таң қаламыз, әрі еріксіз сүйсінеміз. Ол бабалар алдындағы перзенттік борышын адал атқарып жүргендердің бірі. Бүгінде осы жерде қатар жатқан екі дос Қарасай батыр мен Ағынтай батырдың басындағы көрнекті кесенеге барғандар Нағашыбек бауырымыздың осы еңбегін ескерсе, ұмытпаса құба-құп болар еді деген оймен жазып отырмыз мұны да. Жасыратын не бар, біздің кейбір азаматтарымыз тәуелсіздік тұсында аяқастынан «тірілген» Қарасай батыр, Шапырашты Наурызбай, Ақтулы сіргелі Жабай батыр, Кәшке батыр, Сұраншы және Саурық батырлар туралы жаңа деректерге жатырқай қарайды. Тіптен бұл батырлардың өмірде болғанын, олардың елімізді жоңғар шапқыншылығынан жанын да, тәнін де аямай қорғаған қаһармандық ерліктерін мойындағысы келмейтіндер де болды. Өкінішке қарай, «бізде батыр неге көп, әр рудың өзінің рулық батырларын ұлықтағаны дұрыс па?» деген тәрізді күмәнді сұрақтардың бүгінгі қоғамымызды аралап жүргені де рас. Осылай ойлайтындар көшпелі қазақтың әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған кең-байтақ жерімізді батырларымыздың көптігінің арқасында сақтап қалғанымызды ұмытып кетеді. 
Нағашыбектің батырларға байланысты тынбай ізденістері осындай тарихымыздағы қаһарман тұлғаларды мойындамай адасқандардың  көздерін шындыққа жеткізуге бағытталған. Өйткені, бір тайпа елге жауынгерлік ұран болған, Есім ханның бас батырларының біріне айналған, есімі топонимикаға айналып, жер атауларында қалған, Жәңгір ханмен бірге атақты Орбұлақ шайқасын ұйымдастырушы негізгі қаһарман Қарасайдың өзін немесе ерліктерін теріске шығару шын мәнінде ұлтымыздың ерлік  тарихының құнды тұстарын құнсыздандыру болып табылады ғой. 
Қарасай және Шапырашты Наурызбай туралы әйгілі Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты өмірбаяндық деректік шығармасында кеңінен айтылғанын бәріміз білеміз. Кезінде бұл кітаптың да құнды деректік маңызын солақайлана терістеп, оның онсыз да деректер жетіспей ақсап тұрған Қазақ хандығы дәуірінің тарихын, қазақ халқының жоңғарларға қарсы ғажайып ерліктерінің анықталмаған тылсым құпияларын айқындайтын рөлін ешбір негізсіз жоққа шығарғандар да болды. Бүгінгі күні бұл еңбектегі оқиғаларды басқа жазба деректермен салыстыру аталмыш кітаптың жаңашыл құндылығын айқындап берді. Қазыбек Тауасарұлының еңбегі тарихымызды жаңа батырлар есімдерімен және олардың ерлік істерімен жан-жақты толықтырып тұрған айтулы шығарма. Айта кеткен жөн, осы еңбектің башқұртшаланып көшірілген факсимилесін дұрыстап, көлемді етіп қайта бастырып шығаруда да Нағашыбек Қапалбекұлының ұйымдастырушылық рөлі шешуші болды.  
Нағашыбектің өзінің шығармашылық ізденістерінде қоғамда екіұдай пікірлер айтылып жүрген тұлғалар тарихына батыл баруы бір бұл емес. Мысалы, оның Сыпатай Әлібекұлы жайлы екі жинақ құрастырып шығарғанын, 2013 жылы Меркіде осы тұлғаға арнап үлкен ғылыми-прак­тикалық конференция ұйымдастыруға ықпал жасағандардың бірі болғанын осыған дәлел ретінде алға тартамыз. Бүгінгі жұрт Сыпатай батырды бір ғана әрекеті үшін, Кенесары ханның қырғызға барған жорығында ханмен келісе алмай, одан  кетіскені үшін біржақты қаралайды. Алайда, Сыпатай Дулаттың ботпай руына неліктен және қалай көсем болды, оның биі ретінде, шешен ретінде халық тарихындағы орны мен рөлі қандай? Дүйім жұрт Сыпатайды неліктен батыр, қолбасы ретінде мойындады дегендей аса маңызды сауалдарға жауап беру зерттеуші мамандардың өздеріне де оңай емес.  Нағашыбек ұйымдастырған жұмыстарда мәселенің басы ашылып, белгісіз тұстары айқындалып, Сыпатайдың қайраткерлік, тұлғалық бейнесі биіктей түсті. Нағашыбектің елімізге әйгілі, халықтың аузында жүрген ерен тұлғалардың ел білмейтін шешендігін, қайраткерлігін, ойшылдығын көрсететін тың еңбектері де баршылық. Мысалы ол Төле би Әлібекұлына, Балуан Шолақ Баймырзаұлына, Бекболат Әшекеевке арнап көлемді жинақ кітаптар шығаруды жүзеге асырды. Бұл еңбектерде ел біле бермейтін жаңа деректер көрініс берді. Мысалы, Төле биге қатысты жаңа екі дастанды анықтаған Нағашыбек ол туралы «Абыз бен аңыз» деп аталатын көлемді зерттеу мақаласын жазды. Мұнда ұлы бидің біз біле бермейтін жаңа қыры ашылған.     
Есімі елге таныла қоймаған Медеу Пұсырманұлы жайлы Нағашыбек жүргізген зерттеу де өзінің тың да тосын пікірлерімен назар аудартады. Нағашыбектің бір ерекшелігі, ол өзінің еңбегіне кейіпкер болған тарихи тұлғаға қатысты деректерді іздеп табумен шектелмей, жоғарыда Қарасай батырға қатысты айтқанымыздай, сол азаматтың қабірін анықтап, басына ескерткіш орнатуды да қолға алатындығында. Яғни, ол бастаған іс әрқашан тиянақтылықпен аяғына жеткізіледі. Медеу Пұсырманұлына байланысты да ол осындай игі жұмыстар жүргізді. Тұлғаның бейіті анықталып, басына белгітас орнатылды. Сонымен бірге мәселеге ғылыми рең беріп, Медеу жайлы конференция ұйымдастырып, газетке арнайы мақалалар жариялады. 
Жоғарыда аталған Бекболат Әшекеевке байланысты да осындай шаралар жүзеге асты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі болған бұл тұлға туралы бір жыр дастаннан басқа оқырманға жеткен деректер тапшы еді. Осы олқылықты толтыруда Нағашыбек тиянақты тірлік жасады. Ол Бекболат Әшекеев туралы жаңа материалдар мен деректерді жинастырып, солардың негізінде халықтық батырдың тұлғасын айшықтай түсетін бірнеше мақалалар жариялады. Мұнда да әдеттегісінше тарихи тұлғаны елге танытумен ғана айналысып қоймай, Нағашыбек Хамза қажы Екейбаев екеуі Бірінші май ауылына Бекболаттың есімін алып беріп, осы мәселенің ғылыми негізін нықтап арнайы конференцияда тұжырымдады. 1931-1933 жылдардағы коллективтендіру, ашаршылыққа қарсы Қастек болысында көтеріліс басшысы болған Өтеп Омарбек батыр жайлы кітап шығарып, конференция өткізді. 
Көп жұртқа белгісіз, алайда туған өлкеге аты мәшһүр  Қашке батыр, Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы жайлы да  осы тұлғаларды жақсы білетін өңірлерде арнайы конференциялар ұйымдастырып, кітаптар шығарды. Жалпы Нағашыбек Қапалбек­ұлының өзі жазған оннан астам тарихи тұлғаларға қатысты зерттеу кітаптарынан басқа, оның құрастыруымен жарық көрген еңбектер бір төбе. Олардың арасында әртүрлі зерттеушілердің, әдебиетші-журналистердің пікірлері берілген том-том кітаптар да баршылық. Әсіресе жоғарыда біз атаған азаматтарға байланысты еңбектер өздерінің деректік құндылығымен ерекшеленеді. Бұл тарихымыз үшін маңызды да  қажет дүние. 

АҒАҒА АРНАУ

Жазу  дейтін әлем бар – таласы көп,
Ой қисыны дәл келіп, санасы дөп
Түсе алатын адамдар күнелтеді,
Жазушының сондайы – Нағашыбек!

Таң атады, қаламмен  күн батады,
Прозаға піріндей  тіл  қатады.
Сенесіз бе, жазушы ой үстінде
Сансыз сиясауытты құрғатады.

Қоғамының байқап қап кем-кетігін,
Мұңға маза бермейді, шерге тыным.
Портретін жасайды батырлардың,
Пейзаждарын салады жер бетінің!

Жазушылар жұртына жуық неге,
Ой туғанда сөзге де туыпты еге!
Сіз туғанда бұлттарды түріп тастап,
Тебіреніп  жатты ма Суықтөбе?!

Айнұр Төлеу

Бүгінгі күні Нағашыбек Қапалбекұлы жазушы ретінде ғана емес, инемен құдық қазатын зерттеуші ғалым ретінде де көзге түсе бастады. Мысалы, оның жоғарыда біз тоқталып кеткен Кәшке батырға, Ақ тулы сіргелі Жабай батырға, Андас датқаға, Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлына, Медеу Пұсырманұлына, Байсерке болысқа, Қырбай салға, Аққулы Досмайыл бақсыға, Мақыш балуан Райымбекұлына байланысты зерттеулері ардақты есімдері жадымыздан шыға бастаған осы тарихи тұлғалардың халқымыздың тарихына қайта оралуына себепкер болды. 
Бүгінде шабытты шығармашылық шыңына көтерілген Нағашыбек басқа да кейбір тарихи тұлғалар жайлы арнайы зерттеу деректерін жинау жұмыстарын жандандыруда. Қазірдің өзінде оның осы бағыттағы ғылыми тағылымдық мақалаларының саны 300-ден асып түсті. Оның зерттеу бағыттары – Түрік әлемі және Түркістан, әл-Фараби мен Абай, Абай мен Жамбыл, Дулат бабаның арғы аталары және кейінгі ұрпақтары, қазақ кітаптарының шығу тарихы, Сүйінбай мен Медеу тәрізді нақты тақырыптарды қамтиды. Аттарынан байқалып отырғандай, рухани тарихымызда еңселі тұлғаларды өзара салыстыра баяндайтын Нағашыбектің ешкімге ұқсамайтын өзіндік ізденістері мәуелі жемістерін беруде.
Сөз соңында айтарымыз, шүкір, Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізу үшін жан аямай күрескен, қазақтардың кейінгі ұрпағына үлгі боларлық тарихи тұлғаларымыз баршылық. Оларды  басқаларға ғана емес, қазақтың өзіне жете таныстырып, субъективті және объективті себептермен назардан тыс қалып қойған олардың қайшылықты тағдырын танытуда айтулы еңбек етіп жүрген азаматтар кімдер деген сауалға жауап іздер болсақ, солардың шоғырындағы алғы саптан көзге шалынатыны осы Нағашыбек Қапалбекұлы дер едік. Ол елдің алдына шығып ұрандамай-ақ, өзін таныту үшін қаратер болып жүрген кейбіреулер тәрізді атақ-даңқ іздемей-ақ оқиғалар қатпарында тасада қалған кейбір елеулі есімдерді халыққа қайтарумен белсенді айналысуда. Өзінің қарапайымдылығымен, адамды тартып тұратын бауырмашыл әңгімешілдігімен және өмірдің өзіндей айқын да анық ой-толғамдарымен қазіргі оқырман қауымның беделіне ие болған жан осы Нағашыбек Қапалбекұлы.     
Әдетте көркемсөзді, бейнелі де салыстырмалы әдеби теңеулерді, тұжырымды публицистикалық ой-тұжырымдарды қажет ететін зерттеу жұмыстары да бар. Бүгінде оқырман осындай еңбектерге үйір. Мұндайда тарихшылардың тіл шеберлігі қасаңданып, еркін ойлау жүйесі деректер айналасында шектеліп, тұсалған аттай соларды төңіректеп қалатынын да мойындаған жөн. Қуанатынымыз, осындай олқылықтардың орнын  жазушылық-журналистік, публицистикалық және зерттеушілік қасиеттерін тал бойына, бір өзіне жинақтаған Нағашыбектің тартымды да оқуға жеңіл құнды да құнарлы еңбектері толықтыра түседі. Әріптесімізге жаңа шығармашылық жетістіктер тілей отырып, әдебиет пен тарихты қатар шиырлаған өткір қаламыңыз мұқалмасын, әрқашан қарымды болсын деген тілекті айтамыз. 

Талас ОМАРБЕКОВ, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА Құрметті  академигі

 

Қатысты жаңалықтар

Астанада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» РҚБ отырысы өтті

Астанада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» РҚБ отырысы өтті

11.02.2026
 «Халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» – Ауыл партиясы қазақстандықтарды жаңа Конституцияны қолдауға шақырды

 «Халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» – Ауыл партиясы қазақстандықтарды жаңа Конституцияны қолдауға шақырды

11.02.2026
Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

11.02.2026
1Win казиносын ұйымдастырғандардың 420 млн теңгелік мүлкі тәркіленді

1Win казиносын ұйымдастырғандардың 420 млн теңгелік мүлкі тәркіленді

11.02.2026
Дубайдағы дүбірлі дода: Қазақстанның арнайы жасағы әлемдік үздіктер қатарында

Дубайдағы дүбірлі дода: Қазақстанның арнайы жасағы әлемдік үздіктер қатарында

11.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.