Кеген ауданында көңіл толтырарлық іс аз емес. Бұл туралы аудан әкімі Талғат Байеділов тұрғындар алдында жасаған қорытынды есебінде жан-жақты саралап көрсетті. Ауданның басты жиынына облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қатысты.
Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9 667 миллион теңгені құрап, инвестиция көлемі артқан. Таулы аудан тұрғындарының күнкөріс көзі ауылшаруашылығына негізделген. Басты сала бойынша өткен жылы 28 843 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, соңғы екі жыл аумағында егіс көлемі 29 мың гектарға жеткен. Өткен жылы дәнді дақылдың әр гектарынан 20 центнерден, картоптың әр гектарынан 185 центнерден өнім алынып, мал азығының жеткілікті қоры әзірленіпті. Ең бастысы, картоптың көлемін арттыру жұмысы қолға алынған. Бұл ретте «Қарқара өнімдері» ЖШС Оңтүстік Кореялық компаниямен бірлесіп, 40 гектар жерге голландиялық «Санте» тұқымын өсіріп, 800 тонна өнім алды. Биыл берері көп сортты тұқым отырғызылатын жердің көлемі арта түспек.
Өткен жылы таулы өңірде 15800 тонна ет, 25010 тонна сүт өндірілді. Ауданда мал өнімдерінің экспорттық әлеуеті артуда. «Meat Processing and Servise» ЖШС Иран мемлекетіне 80 тонна, Қытай Халық Республикасына 280 тонна ірі қара етін экспортқа шығарып, жоспарларын 180 пайызға орындаған.
Өңірде мал тұқымын асылдандыру бағытында да игі істер баршылық. «Казмясо» ЖШС-не қарасты «Жаңа Ақтасты» құрылымы Австралия мемлекетінен 1500 бас ет бағытындағы асыл тұқымды «Абердин Ангус» атты асыл тұқымды ірі қарасын сатып алған. «СПК Талас» ауылшаруашылығы кооперативі 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын ашу мақсатында Чехия мемлекетінен ет пен сүт бағытындағы асыл тұқымды «Симменталь» ірі қарасын әкелді. Оның сыртында Жылысай ауылдық округінде 1500 қойға арналған мал бордақылау алаңы өз жұмысын бастап кетті. Өткен жылы «Сыбаға» және «Игілік» бағдарламасы бойынша 83 миллион теңгеге 4161 бас қой, 167 бас ірі қара, 115 бас жылқы сатып алынған. Суармалы егістің жағдайын жақсарту – уақыт талабы. Өңірдегі «Құмтекей», «Ұзынбұлақ», «Ақсай» каналдарын күрделі жөндеуден өткізудің іс-шаралары қолға алынған.
Ауданда тіркелген 2475 шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары бүгінгі таңда 5081 адамды жұмыспен қамтып отыр. 1500 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 9 кәсіпкер 7,5 миллион теңгенің грантын ұтып алған. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бір азамат 17 миллион теңгеге қол жеткізді. Өңірде бөлшек тауар айналымы 5 999 миллион теңгені құрапты.
Құрылыс көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны. Өткен жылы аудан бойынша құрылыс жұмысының көлемі 3 451 миллион теңгеге орындалған. Аудан орталығында бір мезгілде екі мыңға тарта адам спорттың түр-түрімен айналысатын заманауи спорттық-сауықтыру кешені салынды. Кеген ауылының шығыс жағынан 15 тұрғын үй бой көтеріп, құрылыс-монтаж жұмысы аяқталыпты. Алдағы жылдары аудандағы Қарқара, Бөлексаз, Жалаңаш ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйлері салынатын болады. Ауданда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 46 адамға жолдама беріліп, 8 отбасы үйлі болды. Бюджеттен 90 миллион теңге қарастырылып, 18 тұрғын үй сатып алынып, үйі жоқ көпбалалы отбасыларға берілген. Өткен жылы аудан орталығындағы көше мен адам жүретін жолдар және бағдаршамдар заманға лайық қалыпқа келтірілген. Бір ойын алаңы балалардың игілігіне берілді.
Жиналыстың соңында Кеген ауылының тұрғындары Ғалия Дарубаева мен Әділет Шүкеннің, Алғабас ауылының тұрғыны Мәди Қайырбековтің сұрақтарына аудан әкімі Талғат Байеділов жауап берді. «Кеген ауылының орталығындағы өз тұсындағы астық қабылдау пунктінің екі қабатты ғимараты арнайы тексеруден өткізіледі. Жарамды болса, алдағы уақытта Кеген балалар өнер мектебінің мекен-жайына айналдыратын боламыз. Алдағы уақытта аудан орталығынан жастар ресурстық орталығының ғимараты салынады. Алғабас ауылдық округіндегі ауызсу мәселесі де назарымызда тұр. Тиісті құжаттары жасалынуда», – деді аудан әкімі.
Жиналысқа қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Аян Айтжанов облыс әкімінің орынбасарына жасалғанына 40 жылдан асып кеткен, Еңбекшіқазақ ауданы аумағымен Кеген, Райымбек аудандарын жалғап тұрған күре жол заманға лайық жөнделсе, шағын болса да ет, сүт, қымыз өңдейтін комбинаттар салынса деген орынды ұсынысын жеткізді.
– Айтып отырған мәселелерің өте орынды. Еңбекшіқазақ ауданынан бері Кеген, Райымбек аудандарына қарай жол жасалатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров.
Жиналыстан кейін жеке өтініштері бойынша тұрғындарға қабылдау өткізілді.
Қанат САТЫБАЛДЫ
Кеген ауданы





