Кез келген адамның кісілік кескін-келбеті адалдық, шыншылдық, жанашырлық, мейірімділік сынды қасиеттерімен көріктене түседі. Соның ішінде адалдық жалпы адамзаттық өлшем болуы тиіс деп білемін. Өйткені, бойындағы адалдығы көзге көрініп тұратын кісі ешкімді алаламайды, тірі жанды алдамайды, тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындайды. Сол арқылы мемлекет іргесінің берік, шаңырағының биік болуына да өзіндік үлес қосады.
Жалпы адамзат жаралғалы бері отбасына, жарына, бала-шағасына, ағайын-туысына, жора-жолдасына, ауылы мен туған жеріне деген адалдықпен өмір сүріп келеді. Осынау өлшемдердің бәріне адалдық таныту азаматтық ар-ожданның тазалығын, тұлғалық бітім-болмыстың туралығын танытады. Әйгілі жырау Жамбыл Жабаев атамыздың «Шешен кісі – сөз бастар, адал кісі – ел бастар» деген жалғыз ауыз сөзі көп нәрседен хабар берсе керек. Яғни, бойында қылаудай қараулығы жоқ жанның ел алдындағы абыройы асқақ, жұрт жанарындағы жүзі жарық. Осынау қарапайым қағиданы жетік білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атты төртінші бөлімінде: «Адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс» деп адалдықты ту еткен мемлекеттік қызметкерді ұстанған бағытынан ештеңе тайдырмауы тиістігін ұғындырады. Осыған қарап, өз ісіне берік, тапсырылған міндетке асқан жауапкершілікпен қарайтын, ар-ұятына адал жанның жұлдызы жоғары болатынын түсіну қиын емес.
Қазіргі мемлекеттік қызметкерлерге қойылар талап та адалдықтың шегінен шықпауға келіп тіреледі. Сол арқылы Қазақстан Республикасы деп аталатын ортақ Отанымыздың келешегінің кемел, болашағының жарқын болуына ықпал етеріміз анық. Осы ұстанымды дұрыс ұғынған жан бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі – сыбайлас жемқорлықты өз айналасында болдырмауға үлес қосады.
Айым НҰРСҰЛТАНОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің
бас маманы




