Жас кәсіпкер Арман Ахметбаев беделді мансабын тастап, дала төсінде шаруашылық жұмыстарымен айналысады. Жоғары оқу орнында басқару мен менеджмент бойынша алған білімін күріш шаруашылығының дамуына қолданып келеді.
Арман 27 жаста. Ол Қаратал ауданындағы «Қаратал-Күріш» сервистік-дайындау орталығының басшысы. Орталық 2016 жылы құрылған. «Қаратал-Күріш» облыста күріш бағыты бойынша құрылған алғашқы орталық. Арман Ахметбаевтың айтуынша, 2016 жылы тәуекелге бел буып алғашқы өнімді 300 гектарға сепкен. Шыны керек, нәтиже ойдағыдай болмапты.
– Әрине, үмітіміз зор болды. Бірақ, қателіктерімізді ескеріп, әріптестеріміздің тәжірибесін зерттедік. Сонымен бірге отандық және шетелдік сарапшылар мен кәсіпкерлердің ақыл-кеңесіне жүгіндік. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау көрсетілді, – деді кәсіпкер.
2017 жылы тәжірибе алмасу үшін Арман елдегі күріш саласындағы жетекші орындардың бірі саналатын қызылордалық «Абзал және Компания» кәсіпорнында болды. Онда элиталы тұқымдардың «Янтарь» сұрпы сатып алынды. Жоғары сапалы тұқым тез көтерілді. Өнімділік гектарынан 40,3 центнерден айналды.
– Гектарынан қырықтан аса центнер жинау біз үшін рекордтық көрсеткіш. Әлбетте, Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің деңгейіне дейін жету алыс, бірақ істі жаңа бастаған шаруашылық үшін жақсы нәтиже деп есептеймін. Келешекте егіс алқаптарын ұлғайтып, өнімділікті арттыру бағытында жұмыс істейміз. Алар асуымыз көп, – дейді Арман Ахметбаев.
«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының да шарапаты мол болды. СДО-ға қаржы лизингі арқылы ауылшаруашылығы техникалары берілді. Бірнеше жыл ішінде аталмыш орталықтың техника саны он төртке жетті. Олардың қатарында заманауи соқалар мен сепкіштер, «Беларусь» тракторлары, комбайндар мен өзге де техника бар.
– Табысты өнім алу ауылшаруашылығы техникасының қуаттылығына да байланысты, – дейді комбайншы Виталий Пожарский. Ол үшінші жыл қатарынан «Енисей 1200 РМ» маркалы күріш жинайтын комбайнды тізгіндеп келеді.
Тағы бірде комбайншы: «Басқаруымдағы комбайн көпсалалы және өнімділігі жоғары, кез келген ауа райында ауқымды алаңдарда жұмыс істей алады. Мұндай комбайндарды қолдану егінді таза және аз шығынмен жинауға мүмкіндік береді. Күріш алқабы көлемінің жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл өте маңызды», – деп айтып өтті.
Аталған сервистік дайындау орталығында маусымдық жұмыстарды есепке алғанда елу адам еңбек етеді. Жұмысшылар биыл 500 гектар алқаптан 2 мың тоннадан аса ақ маржан жинады. Өнім күріш зауытына өңдеуге жіберіліп, таяуда «Үштөбелік» деген атпен сатылымға шығарылмақ.
Биыл облыс аумағында күріш 10,6 мың гектар жерге егілді. Айта кетейік, қазір аймақта «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ қолдауымен 45 сервистік дайындау орталығы құрылды, оның екеуі күріш өсіру бағыты бойынша жұмыс істейді.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Қаратал ауданы





