Дүниедегі мамандық атаулының төресі болған ұстазға айтар алғыс шексіз де шетсіз. Адамзат баласы бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беріп, құрметпен бас иетіні сондықтан.
Саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру жолында тынбай еңбек еткен ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Әлімбаевтың ерен еңбегін көпшілік жақсы біледі. 1916 жылы желтоқсан айында Ескелді ауданына қарасты Еңбек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепті жақсы нәтижемен бітірген ол Алматы қаласындағы Абай атындағы институтта 1937-1939 жылдары тарих мамандығы бойынша білім алады. Жалындаған жас маман еңбек жолын Талдықорған аудандық білім бөлімінен бастайды. Ел басына қиын күн туған шақта, яғни 1942 жылы өз қалауымен Қызыл армия қатарына алынады. Халтурин қаласындағы училищеде әскери білім алып, Финляндия, Австро-Венгрия, Украина, Брянск, Белоруссия, Минск, Бротослав, Берндорф қалаларында болған ұрысқа қатысып, I, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Сұрапыл соғыста қан кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауынгер 1945 жылы қараша айында елге оралады. Жеңіс туын желбіретуге атсалысқан майдангер Талдықорған аудандық партия комитетіне қызметке орналасады.
Болашағынан мол үміт күткен Тәңірберген Әлімбайұлы 1948 жылы Алматы қаласындағы орталық жоғары партия мектебінде оқып, партия қатарына қабылданады. 1950-1954 жылдары Талдықорған қаласындағы Комсомол органдары мен партия кәсіподақтарының бөлімше бастығы қызметіне тағайындалады. 1955 жылы Абай ауылындағы жетіжылдық мектептің директоры әрі тарих, география пәндерінің мұғалімі қызметін атқарады.
1956 жылы Еркін ауылындағы жетіжылдық мектепті 1961 жылға дейін басқарып, кейін Еңбек ауылындағы бастауыш мектептің тізгінін қолға алады. 1961 жылы наурыз айында Өтенай ауылдық кеңесіне қызметке жіберіледі. Асқан жауапкершілікпен атқарған жұмысын көпшілік жоғары бағалайды. 1971 жылы қыркүйек айында қайтадан Еңбек ауылындағы бастауыш мектепті басқарып, орталау сегіз жылдық мектептің ашылуына бір кісідей атсалысқан.
– Жас маман болып, қызметке орналасқанымда бізге бағдаршам болған Тәңірберген Әлімбайұлын, Төлтай Төлеков және Сақан Ысқақовтарды ерекше атап өткім келеді. Білікті де білімді басшымыз болған Тәңірберген ағайымыз өте зейінді, зиялы, ұйымдастырушылық қабілеті зор, кісілермен ортақ тіл табыса алатын көпшіл азамат еді. Ағайдың жастарға көрсеткен қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз. Сол тұста ауылда екі үй бой көтерсе, біреуі жас мамандардың еншісіне бұйыратын. Ол кісінің берген тәрбиесі өміріме азық болды, – деп еске алады қызметтес әріптесі, зейнеткер Жұмагүл Нұрабаева.
1986 жылы абыроймен зейнеткерлікке шығып, ауыл ақсақалдарының қатарына қосылып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Еңбек ауылындағы пошта бөлімшесінің ашылуында, электр жарығының және су құбырларының жүргізілуінде Тәңірберген ақсақалдың қолтаңбасы бар. Халық үшін үнемі белсенділік танытып, нәтижелі жұмыс жасауды азаматтық парызы санайтын ардагердің бұл ісі кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.
Білім саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін «Оқу ісінің үздігі» атағы, «Қызыл жұлдыз» ордені өз иесін адаспай тапқандығын да мақтанышпен айтуға болады. 1984 жылы «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 30 жылдығы» және «50 лет Во-оруженных сил СССР», 1979 жылы «60 лет Вооруженных сил СССР» сонымен қатар «Ленин» орденімен марапатталып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасына ие болды. 1985 жылы «Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына» Ескелді ауданының басшылары батырдың иығына шапан жауып, көлік сыйлап, ерекше ілтипат білдіргендігін көпшілік мақтанышпен айтуда.
– Тәңірберген Әлімбай-ұлының Еңбек ауылына, Талдықорған облысының ағартушылық қызметіне, білім саласына сіңірген қажырлы еңбегі өлшеусіз. Осындай мықты тұлғаның есімі ешқашан да ұмытылмауы керек. Еңбек ауылындағы №22 орта мектеп осы кісінің атымен аталса дейміз. Себебі, ұстазды ұлықтау, Отан үшін от кешкен батырдың ерлігін жас ұрпаққа өнеге ету бәріміздің азаматтық парызымыз, – дейді мектеп директоры Рахила Ақшолақова.
Еңлік КЕНЕБАЕВА




